crop_img-0378_1476955633

Болат Палымбетов: «Бірде-бір өтініш жауапсыз қалмауы керек»

Бүгін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Астанаға барлық өңірлердегі өкілдерін жинап, ашық түрде байыпты әңгіме жүргізді.

Аталған институт қалыптасқалы мұндай құрамда алғаш рет бас қосқан бизнес-омбудсмен әріптестері еркін жағдайда пікір алмасып, өзекті мәселелер жөнінде ой өрбітті. Шараға уәкіл аппаратының басшысы, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, оның орынбасарлары — Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савельенко мен Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров, облыстар мен Астана және Алматы қалаларындағы аппарат секторлары меңгерушілері, яғни Өңірлік кәсіпкерлер палаталары директорларының құқықтың мәселе жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Оның үстіне омбудсменнің өзі де жиын басында бірден құрғақ есептер мен баяндамалардың қажет еместігін ескертіп, мәжіліске қатысушылардан аймақтардағы кәсіпкерлік саласында қалыптасқан шынайы ахуалдан қанықтыруды талап етті. Осыған дейін елді түгел аралап, облыс басшыларымен және прокурорларымен кездесіп шыққан ол, жалған ақпаратқа алданбайтынын келтіріп, нақты шешілген жайттар мен әлі тарқатылуын күткен түйткілдерді талқыға салуға шақырды.

Кәсіп иелерімен тікелей жеке кездесулер жемісін беруде. Мәселен, қазіргі уақытта, отандық бизнесмендер қауымын толғантқан ең өткір дүниелердің бірі, жалған кәсіпкерлік жайы жоғары деңгейде қарастырылып, оң бетбұрыстар байқалуда. Келіп түскен шағымдар мұқият сарапталып, құзырлы мекемелерден жан-жақты қолдау сезілуде. Дегенмен, баршаны алаңдатқан, негізінен бизнес-орта ауыртпалығын көтеретін шаруалар легі де толастамай тұр.

Заңға «Жалған кәсіпкерлік» бойынша өзгертулер енгізуге Бас прокурор Жақып Асанов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бастама танытып, Жоғары сот та әділетсіз шешімдерге қайта арыздануды мақұлдап отыр. Сонымен қатар, күнтәртібінде жер қатынастары, құрылыс және қала сәулеті сынды бағыттар басты назарда ұсталуда. Өңірлерге сапар барысында ешкімге шектеу қойылмай, кәсіпкерлердің мұң-тілегін толығымен тыңдап, құлақ түргенімді білесіздер. Тиісті жүздесулерге 2 мыңнан астам адам қатысса, жеке қабылдауда 262 кәсіпкер болды. Барлық жерде дерлік бас жоспар деректері жариялануда. Палата өкілдерінің сан алуан комиссиялар жұмысына тартылуы да айтылды. Әкімдердің бизнес иелерімен жиі жолыққаны абзал. Елбасының өзі отандық және шетелдік инвесторлармен кеңеске уақыт тауып жатады. Ендігі сұрайтыным, аталған іс-қимылдардың тиімді жүзеге асырылуына, кәсіпкерлер пайдасын көріп, тыныс-тіршілігінің жеңілдеуіне жол ашылуына жіті мониторинг орнату. Бірде-бір өтініш сөзбұйдаға салынып, жауапсыз қалмауы керек. Көңілге қонымды ұсыныстарды атқарушы билік басшылары да бірден назарға алатыны даусыз», — деп, нұсқаған Болат Палымбетов қоғамды елеңдетіп, табысты бизнес жүргізуге қолайсыздық тудырған оқыс оқиғаларға өзі жедел араласатынын мәлімдеді. Осы орайда өңірлердегі өкілдер  ұйымшылдық танытып, өзара оң тәжірибелерімен бөлісіп, жауапкершілікті күшейте түскені ләзім. Облыс орталықтарынан тыс, аудандар мен ауылдарды қамтыған жөн.

Кездесуде Маңғыстау облысынан Әмірғали Жанаев, шағымдар өндірістік сипат алған Павлодар облысынан Мәди Сыздықов және кәсіпкерлер жанайқайы Астанаға жеткен Жамбыл облысынан Қайрат Сыдықов жағдайды баян етті.

«Сіздің (Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл – авт.) іссапарға келіп кеткеннен кейін түскен 15 өтініштің бүгінде бесеуі оң шешіліп, төрт өтініш бойынша кеңес-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Қалған алтауы тереңінен салмақталуда. Жеке кәсіпкерліктің бірі мәселесімен шұғылдану кезінде Мемлекеттік кіріс департаментімен келісу мүмкін болмай, сотта салық қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп тануға қол жеткіздік», — деп, хабарлады Маңғыстау облысындағы сектор меңгерушісі Әмірғали Жанаев. Оның сөзіне орай, бизнес-омбудсмен экономикалық істердің кейбірі бойынша тергеу бір жылға, одан да көпке созылып, артынан «қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты» деген желеумен жабыла салатынын қынжыла тілге тиек етті. Ал тексеріске іліккен кәсіпкер шаш-етек шығынға батады.

Жалпы бизнес-омбдусмен қызметінің нәтижесінде жер телімдерін аукциондар арқылы саудалаудың белсенділігі артып, әкімдіктер сайттарында бас жоспар мен елдімекенді егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары жарық көруде. Қызылорда облысында бизнес проблемаларына дер кезінде әрекет ету үшін ағымдағы жылдың 8 маусымынан Өңірлік палата мен аудандық филиалдарда прокурор кабинеті ашылып, онда кестеге сай облыс прокуроры мен оның орынбасарлары, аудан прокурорлары шағын және орта бизнес, кәсіпкерлік қызметке жөнсіз килігу жайттары жөнінде кәсіпкерлік субъектілеріне құқықтық көмек көрсетуде. Үш айда прокурорлардың жеке қабылдауында 58 кәсіпкерге заңдық жәрдем жасалып, 15-тен астам бизнес иесінің құқығы қорғалған. Солтүстік Қазақстан облысында ауылдық округке тиесілі жерді жалға алу бойынша мәселе дереу шешіліп, жер беру жөнінде 5 құжаттың бәріне қол қойылған. Палата сарапшылары «Авагро» ЖШС-ға қатысты «Қазагро» АҚ біржақты қимылына тоқтау салып, төлеу мерзімі келісімшартта көрсетілгендей қалпына келтірілген. Алайда аймақтық дәрежеде жергілікті атқару органдар заңсыз шешімдер шығаруын азайтар емес. Ал республикалық деңгейде нормативтік-құқықтық актілердің олқылығы салдарында кәсіпкерлер қосымша қаржылай шығынға ұшырауда.

Дегенмен, тұтастай алғанда, кәсіпкерлер құқығын қорғауда меморандумға отырған «Атамекен» ҰКП мен прокуратура органдарының бірлескен жұмысы жағдайға оң серпін беруде. Бұл мақсатта салалық сарапшылар кеңесі, облыс және қала прокурорларынан құралған жұмыс топтары, кеңес беру орталықтары, қоғамдық қабылдау сынды ұтымды алаңдар қамтамасыз етілген.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ




Пікір қалдыру