Тарихта қалған із

679

Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында қоғам қайраткері, дәрігер, «Алаш» қозғалысының белді мүшесі Сейітов Асылбек Жұманұлының туғанына 125 толуына орай еске алу кеші және Оразгүл Мұхатованың «Асылбек Сейітов – Тарихта қалған із» атты монографиялық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.  Шараға ғалым, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес, жазушы, ғалым Бейбіт Қойшыбаев, Алаш қозғалысының қайраткері Асылбек Жұманұлы Сейітовтің қызы Клара Асылбекқызы Сейітова, Дина Мұхамедханова, дәрігер, ғалым-офтальмолог Жанар Ғабиденқызы Мұстафина,   С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері қатысты.

Ғарифолла Әнес: «Алаш туралы әңгіме айтқанда тек деген мәселе бірінші кезекте тұрады. Өйткені ұйықтап жатқан халықты, сол кездегі Ресей империясындағы қазақты алға шығарып, жеке республика қылып көтерген – біздің Алаш зиялылары».

Ғарифолла Әнес Алаш қозғалысының қайраткерлері жайындағы ойымен бөлісіп, Асылбек Сейітовтің өмірі мен халқының өркендеуіне қосқан мол үлесін атап өтті. Алаш қайраткерлерінің  мерейтойлары лайықты деңгейде аталып өтпей жатқандығы да тілге тиек етілді.  Шарада қоғам  қайраткерлерінің қиын-қыстау кезеңде еліне сіңірген еңбектері кеңінен талқыланды.

Кітап авторы, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің оқытушысы Оразгүл Мұхатова Асылбек Сейітов негізін қалаған №5 емхананың алдынан ескерткіш орнату туралы ұсынысын ортаға салды. «Халық жауы» деп атылған Асылбек Сейітовтің туған-туыстары да қуғын-сүргінге ұшыраған. Сондықтан қайраткердің еңбектері мен өмірі туралы тарихи деректерді жинау осы уақытқа дейін мүмкін болмаған, дейді автор:

– Қазіргі күні кітапхана қызметкерлерінің ұсынысымен келісімшартқа қол қойылып, кітаптың электронды нұсқасын шығарғым келіп отыр. Кітаптың ерекшелігі – тек ғана архив құжаттарының негізінде дайындалды. Екінші ерекшелігі Асылбек Сейітовтің еңбектері төте жазумен жазылғандықтан, оларды кириллицаға зерттеуші, профессор, тарих ғылымдарының докторы Светлана Үтепова  аударды. Болашақта аты жиі айтылмайтын тұлғалар туралы монография шығарсам деген ойым бар.Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақал бар. Ендіше, біз ата-бабаларымызды айқын, шынайы зерттемей, ертеңгі күнімізге нық қадам баса алмаймыз. Қазіргі уақытта өткенімізді қалай зерттеп жүрміз?.. Санамызға тарихты тобыр жасайды деген кеңестік стереотиптер сіңіп кеткен. Жоқ. Тарихты тобыр жасамайды, тарихты тұлғалар жасайды.Міне, сол тұлғалардың атқарған еңбегі арқылы мемлекет дамиды. Қазақ халқында ондай тұлғалар жекілікті. Бірақ өкінішке орай, олардың есімдерін насихаттау, зерттеу былай тұрсын, кейде, тіпті аталмайды да. Асылбек Сейітовтің өмірі басынан қасірет пен қатерге толы.

Басқосуға жиналған қалың көпшілік Алаш арыстарын еске алуға бағытталған осындай игі шаралардың алдағы уақытта да жалғасын тауып, есімдері кеңінен насихатталса, осы іспеттес басқосулар  жиі өткізілсе деген ізгі ниеттерін жеткізді.

Тұсаукесер  қорытындысында  сөз алған қайраткердің қызы Клара Асылбекқызы әкесі туралы жан тебірентерлік  естеліктерімен бөлісіп, кітаптың шығуы мен шараны ұйымдастыруға ат салысқан азаматтарға мол алғысын білдірді.

– Мен әкем атылғаннан кейін жарты жылдан соң өмірге келдім. 1937 жылы әкемді әпкемнің көз алдында тұтқындап әкеткен екен. Бала кезімде әкенің жоқтығы жаныма ерекше батты… Әкемді бір көрсем ғой деген балалық арманым болатын.Өзімнен он бес жас үлкен жас айырмашылығы болған әпкем маған әке мен ана орнын алмастырды. Әкемнің автобиографиясы мен өмірін тани келе, әпкемнің ол жайындағы естеліктерін тыңдағанда әкемнің біртуар тұлға, білімді, кішіпейіл азамат болғандығын білдім… Әкемді білгендердің барлығы да оны аса құрметтеп, қадір тұтатын.  Мен әкемді сол адамдардың естеліктерінен таныдым.Әкем әпкемнің болашағынан мол үміт күткен. Сол үміті ақталып, әпкем 50 жыл бойы білім беру саласында, 30 жыл бір мектепте қызмет етті.

Толығырақ төмендегі бейнематериалдан тамашалаңыздар.

Үміт Жұмаділова, 

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *