«SAMGAU» халықаралық фестиваліне 15 театр қатысады

1645

10-16 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында VII «SAMGAU» халықаралық театр өнері фестивал өтеді. Шара жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады және Елорда күніне арналған мерекелік шаралар легін бастайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

«SAMGAU» театр фестивалі елордалық өнер сүйер қауым тағатсыз күтетін шаралардың бірі. Фестивальде еліміздің және таяу шетелдің айтулы театр ұжымдары бас қосады. Шара қонақтары өздерінің үздік туындыларын «Жастар» театрының, Қазақ драма театрының және Nomad City Hall комедия театрының сахналарында қояды.

Биыл театр өнері апталығында 15 ұжым өз өнерлерін ортаға салмақ, оның ішінде бесеуі елордалық: «Жастар» театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, «Nomad City Hall» комедия театры мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловтың театры «SAMGAU» фестиваліне алғаш рет үлес қоспақ. Сонымен қатар, халықаралық шара барысында Қазақстаннан Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан драма театры (Петропавл), «Жаңа ғасыр» театры (Алматы қ.), Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры (Павлодар қ.), С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры (Қарағанды қ.), Шығыс Қазақстан облысының драма театры (Өскемен) шақырылды. Ал, шетелдік қатысушылардың арасында Өзбекстан мемлекеттік драма театры (Ташкент қ.), «У Моста» Пермь театры (Ресей, Пермь қ.), Жаңа көркем театры (Ресей, Челябі), «Pilies» театры (Литва, Клайпеда қ.), Б. Кыдыкеева атындағы Қырғыз Мемлекеттік жас көрермен театры (Қырғызстан, Бішкек қ.) бар.

Көрермендер «Айман-Шолпан», «Отец», «Ромео и Джульетта», «Карагоз», «Венецианские близнецы», «Труффальдино – слуга двух господ», «Лейли-Меджнун», «Джут» спектакльдерін, «Ричард III» реквиемін және басқа да қойылымдарды тамашалайды. VII «SAMGAU» халықаралық театр өнері фестивалі аясында спектакль көрсетілімдерінен басқа, сахна майталмандары актерлік шеберлік пен режиссурадан шеберлік дәрістерін өткізеді. Фестиваль бойынша толық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасының www.madeniet-sport-astana.kz сайтында ұсынылған.

Биыл фестивальде қазылар алқасының құрамында театр өнерінің көрнекті қайраткерлері, оның ішінде театртанушы, театр сыншысы, драматург, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер Қазақ мемлекеттік академиялық театрының көркемдік жетекшісі ЕРКІН ЖУАСБЕК, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, театра және кино режиссері, Қазақстанның халық артисі ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВ, өнертану докторы, театр сыншысы, ГИТИС – Ресей театр өнері институтының профессоры – НИНА ШАЛИМОВА, театр сыншысы, өнертану кандидаты,

Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті АНАР ЕРКЕБАЙ және РКФСР еңбек сіңірген артисі, Ресей халық артисі, «Алтын Витязь» халықаралық кинофорумының президенті НИКОЛАЙ БУРЛЯЕВ төрелік етеді.

Айта кетейік, «SAMGAU» халықаралық театр өнері фестивалі Қазақстанның астанасында 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы күнге дейін шараға Қазақстанның аймақтық театрлары – Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының, сонымен қатар Ақтау, Атырау, Алматы, Жезқазған, Талдықорған, Түркістан, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей қалаларының шығармашылық ұжымдары қатысқан. Бұдан басқа, Орталық Азия, Ресей, Литва, Түркия, Дағыстан, Грузия, Украина және Сербия елдерінің театр ұжымдары фестивальде өз өнерлерін ортаға салды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *