Мектеп талабы — мемлекет талабы

123

Мемлекетіміздің Конституциясында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны «тайға таңба басқандай» анық-қанық көрсетілген.

Осы орайда, еліміздегі барлық заңдардың бастауы болып табылатын Конституция талаптарына сәйкес мемлекеттік білім беру жүйесінің де зайырлы сипатта екенін және оның діни білім беру жүйесінен бөлек екенін айта кету керек. Бұл мемлекеттің жалпы білім беру мекемелерінде оқып жатқан жастарды діндарлыққа баулымайтынын және олардың бойында белгілі бір діни көзқарастар қалыптастыруға қарсы екенін білдіреді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сəйкес білім берудің зайырлы сипаты осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Аталған заңға сәйкес білім беру мекемелерінде діни ұйымдардың құрылымдарын құруға және, сәйкесінше,  педагог қызметкерлердің білім беру барысында діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады.

Еліміздің дін саласын реттейтін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деп атап көрсетілген.

Бұл жалпы орта білім беру мекемелері болып табылатын мектептерде қандай да бір дінді тікелей немесе жанама түрде насихаттауға жол берілмейтіндігін білдіреді.

Жалпы, зайырлы мемлекеттің заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатында емес, тұтас қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Яғни мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты болып табылады.

Мектеп формасына қатысты талаптар «хиджаб киюді» ғана емес, өзге де діндердің киімдерін кию мен элементтерін пайдалануды шектейді. Өйткені кез-келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде соған қатысты діни сенімді насихаттауды білдіреді. Сондықтан барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге кепілдік беретін мемлекеттің білім беру мекемелерінде қандай да болмасын жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейтінін нақты түсіну қажет-ақ.

Біздің елімізде діни сенім бостандығы толығынан қамтамасыз етілгені баршаға аян шынайылық. Өзінің сеніміне сәйкес дін ұстанамын деген азаматтарға діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруға барлық жағдайлар жасалған. Десек те, азаматтар мемлекеттің діни құлшылықтарды қай жерде өтеуге, діни әдебиеттерді қандай орындарда таратуға болатындығын немесе мектеп қабырғасында діни киімдерді киюге болмайтындығын айқындаған заңнамалық талаптардың бар екендігін ескерулері керек.

  Осы тұрғыдан алғанда мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сәйкес сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар жоқ. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтергісі келетін азаматтар мемлекетке бағыну және сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға құрмет көрсету парыз екенін түсінгендері жөн.

Әсіредіндарлыққа салынған жекелеген ата-аналардың «қызымыз хиджаб кимесе мұсылман болмай қалады» деген  көзқарастары қоршаған ортадағы кез-келген мәселеге салиқалы қарауға шақыратын ислам дінінің ұстанымына жат екені анық. Өйткені ислам дінінде адамның сыртқы атрубикалық келбетінен бұрын, олардың жүректеріндегі иманы мен амалдарына қарайтыны туралы тағылымдар көптеп кездеседі.

Осы орайда, діндарлықты мемлекет талаптарына қарсы қойғысы келетін ата-аналардың жылдан-жылға көтеріп жүрген мектепке хиджаб киюге рұқсат беруді талап етулері осы қатардағы мәселенің бір қыры ғана екендігін айтпай кетуге болмайды… Мұндай талаптардың артында халқымыздың сан ғасырлық тарихына, өзіне тән терең мәдениеті мен рухани құндылықтарына балта шапқысы келетін және мемлекетіміздің зайырлылық қағидатын мойындағысы келмейтін радикалдық діни ағымдардың теріс идеологиясы тұрғаны көзге анық көрінеді. Ал мемлекеттің зайырлы қағидатын мойындамауды мемлекетке қарсы тұрудың санасыз түрдегі бастапқы көрінісі демеске болмайды…

Осыдан 2-3 жыл бұрын дін саласындағы орталық уәкілетті орган мемлекетіміздің зайырлылығына қатысты БАҚ-та кең таралған  өз ұстанымында «..бүгінгі Қазақстанда әлеуметтік қатынастар, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы заңнамалармен реттелетіндігін және бұл салаларға діннің араласпауы тиіс» екені туралы нақты жеткізген болатын. Меніңше, бұл зайырлы мемлекетімізге қатысты өте дұрыс ұстаным.

Еліміздегі мұсылман қауымының басын қосып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де осы мәселе төңірегінде туындап отыратын сұрақтарға «мұсылмандардың мемлекет заңдарына бағынуы тиіс екені және біздің қоғамдағы дін ұстанатын азаматтардың мектеп талаптарына бағынуы абзал болатыны» туралы үнемі айтып отырады.

Сондықтан діндар азаматтардан мемлекет орнықтырған ортақ заң талаптарына бағынуды талап етуді еліміздің ішкі тұрақтылығын сақтаудың бірден-бір тетігі десек, қоғамда діни себептерден туындайтын орынсыз талаптар мен жанжалдардың орын алмауына барлық азаматтар мүдделі болулары тиіс деп пайымдаймын.

Асхат Ахмедияр, Дінтанушылар Конгресі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *