Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне шектеу қойылды

294

Елордада бірқатар супермаркеттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үстеме бағасыз сатып жатыр, — деп хабарлайды қала əкімдігінің баспасөз қызметі.

Кенмарт, Магнум және тағы басқалары картоп, пияз, сәбіз және қырыққабатты өзіндік құны бойынша сатып жатыр.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов көтерме-тарату орталықтарында болып, қаланың супермаркеттері мен базарларының жұмысын тексерді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, қаладағы карантин және төтенше жағдай режимі кезінде санитарлық нормаларды сақтау бойынша шаралар кешенін қабылдады. Елордада тұрақтандыру қоры құрылды. Сауда желілерін жеңілдікпен несиелендіру бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Айналым схемасы» жобасына «Magnum», «Астықжан», «Кенмарт», «Small», «Шапағат», «Евразия», «Артем», «Биг Шанхай» сияқты сауда орындары қатысады.

Бүгінгі күннен бастап мынадай тауарларға шекті бағалар белгіленуде: 1) бірінші сортты бидай ұны,

2) бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді),

3) рожки (өлшеніп салынатын),

4) қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын),

5) тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын),

6) сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі),

7) тауық жұмыртқасы (I санатты),

8) күнбағыс майы,

9) ас тұзы («экстра»-дан басқа). Сатушылар атап өткендей, азық-түлікке қатысты дүрбелеңге ешқандай себеп жоқ, «тұрғындар сөрелерде барлығы бар екенін көрді, сондықтан да алғашқы күндердегідей азық-түлікті қапшықтап сатып алып жатқан жоқ».

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және санитарлық нормаларды сақтау бойынша прокуратура мен монополияға қарсы органдардың  қызметкерлері бірлесіп рейдтер жүргізеді. Тәртіпбұзушылар жауапкершілікке тартылады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *