Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Қазан, 2020

Ирина Советжанқызы: Дәрігер болғым келген...

Ирина Советжанқызы – 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметінің арнаулы тілшісі. Сегіз жылдан бері эфирден түспей келе жатқан «Сөздің шыны керек» жобасының авторы әрі жүргізушісі. Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Қайнар ауылында туып-өскен. Танымал журналистен бұл салаға қалай келгені, журналист болып қалыптасуы туралы сұраған едік.

– Журналист болуды кішкентай кезімнен армандаған жоқпын. Жоспарымда да болмаған. Әкемнің жиі ауыратынын көріп өскендіктен бе, әкемді емдейтін дәрігер боламын деген бала арманым болатын. Бірақ шығармашылыққа жақындығым бар еді. Мектепте өтетін концерттер мен ауыл сахнасындағы үлкен концерттерді жүргізіп, мектепішілік өнермен байланысты шара-ларға белсенді қатыстым. Шығарманы жақсы жазатынмын. Бірақ мектепішілік, ауданаралық олимпиадаларға математикадан және орыс тілінен қатысатын едім. Озат оқығандықтан ба, ұстаздарым осы пәннен қатысасың десе, сол пәннен дайындығымды пысықтап, қатыса беретінмін.

«Балдырған» журналына хат жолдап, «Құрметті дос...» деп басталатын жауап алатынмын. Бір қызығы, «Балдырғанға» тек салған суреттерімді жіберетінмін. Мектеп бітіруге таяғанда таңдау жасай бастадық. Нақты қандай себеп болғаны есімде жоқ, тек 10-11-сыныптарда оқып жүргенімде журналист боламын деп мақсат қоя бастадым. Мен журналист боламын деп қалай айта бастадым, солай әкем де «қызым мықты журналист болады, батыр журналист болады» дейтін. Өлең шығаратын да қабілетім болатын. Өзімді мықты ақын екенмін деп те ойлайтынмын. Шығармашылыққа жақын болғандықтан да журналист боламын деп шешім қабылдаған шығармын. Ата-анам таңдауыма мүлде қарсы болған жоқ. Олар менің шығар-машылыққа жақын екенімді, әдеби шығармаларды жақсы жазатынымды жақсы білетін. Журналистиканың қызықты болумен қатар қауіпті мамандық екенін ол кезде ата-анам түсінбеген де шығар.

– Еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз? Тәлім-тәрбие беріп, журналистика саласына баулыған ұстаздарыңыз кім?

– Ең алғашқы тұрақты жалақы алып, жұмыс істеген газетім – «Қазақстан» басылымы. Әкем марқұм «әне, менің айтқаным келді, қызым батыл журналист болды» деп, менің әр мақалам шыққан газетті реттік нөмірімен жинап, тігіп қояды екен. Көр-шілерге, үйге келген қонаққа сол газеттердегі мақалаларымды көрсетіп, оқытады екен. «Менің қызымның мақаласы, батыл жазады» деп мақтанып жүреді екен. Шын мәнінде, ол кездері керемет өткір мақала жазғаным шамалы. Журналистикаға енді келген адамның жұмысын оппозициялық газеттен бастауы бар, оған оң-солымызды жіті танымайтын жастық амбициямызды қосыңыз, шындықты ғана жазып жатқандай көрінетінбіз. Қоғамда күйіп тұрған кез келген мәселені екінші тараптың пікірін білмей-ақ бұрқыратып жаза беруді өткірлік деп түсіндік. Қазіргі көзқарасыммен қарасам, материалдарды тек біржақты, сыни тұрғыда бере берген секілдіміз.

Бұл газетте алғашқы жалақымды алғаныммен, тырнақалды қаламақымды бірінші курсты аяқтаған жылы алған едім. Тәжірибеден өтуге құрбым Гүлбану Әниятқызы екеуміз «Түркістан» қоғамдық-саяси апталығына барғанбыз. Менің жетекшім Әнуарбек Әуелбекұлы деген ақын ағайымыз болды. Гүлбанудың жетекшісі Жаңабек Шағатай ағамыз болды. Білетінімізден білмейтініміз көп, осы екі ағамыздың редакторлық сүзгісінен өткен бірнеше мақаламыз газетте жарық көрді және сол мақалаларымыз үшін айдың аяғында алғаш рет қаламақымызды алдық. Сол тұстағы шәкіртақы-мыздың көлемімен шамалас ақша алдық. Ерекше қуанғаным есімде. Одан кейінгі жылдары газет-телеарналарға тәжірибеден өтуге бармадым. Каникул бастала сала, кафелерде жұмыс істейтінмін. Үшінші курстың соңғы жылдарында, тіпті, түнімен даяшылық қызметте жүріп, сабақта ұйықтап отыратын әдетім болды. Отбасымның студент қызын киіндіретін күйі болмағандықтан, өз ақшамды өзім тауып, әкеме дәрі-дәрмегін әперіп, ауылға беріп жіберетінмін. Төртінші курсты бітіргеннен кейін жұмыс істеген жоқпын. Әр-әр жерде мақалаларым шығып жүретін, бірақ нақты айлыққа жұмыс істемедім. Тұрмысқа шығып, балалы болып, үйде отырдым. Кейін «Қазақстан», «Азат», «Қазақстан Заман» газеттерінде жұмыс істедім. Ал телевидение саласындағы жұмысым «Алматы» телеарнасынан басталды. Техниканың тілін бірден меңгеріп кеткен жоқпын. Бірақ, мені үш күннен кейін жұмысқа алды. Мұның бәрін неге тізіп айтып отырмын? Журналистикаға алғаш келген жылдары тәжірибесіз жас демей, қолдау көрсеткен, жолымда кездескен әр адам менің ұстазым болды. Әнуарбек Әуелбекұлы, Жаңабай Шағатай ағайларымыз құрбым Гүлбану екеумізге «сендер мықты журналист боласыңдар» деп сенім артатын. Сол тұста «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы марқұм Қалтай Мұхамеджанов атамыз болған. «Жастар жақсы материал жазды, олардың еңбегі қазірден бағалануы керек» деп бізге қаламақы тағайындатқан да сол кісі.

«Қазақстан» газетінде Берік Бейсенұлы деген ағамыз «әр автордың өз стилі қалыптасуы керек» деп, біздің мақалаларымызды көп түзетпейтін. «Азат» газетінде Назира Дәрімбет деген мықты, орыстілді журналист бас редакторымыз болды. «Қазақстан Заман» газетінде Ертай Айғалиұлы, Жанбақыт Боранбаев сынды мықты ағаларымыздың қарамағында жұмыс істедім. «Алматы» арнасындағы аз ғана уақытта Серік Әбікен ағамыздың мықты мектебінен өтіп үлгердім. Алғаш телеарнаға келгенде, үш күндік тәжірибеден соң «Алматы» телеарнасына бірден жұмысқа алған Жанар Колбачаева, 31-арнаға келгенде бағыт-бағдарымды дұрыстап, әлі күнге білгенін айтып жүрген Болат Мүрсәлім материалды объективті беруді, аналитикалық материалдар жасауды үйретті. Міне, осы қызмет жолымда кездескен әр азамат – менің ұстазым. Әрқайсына алғысым шексіз!

– Саны бар, сапасы жоқ бағдарламалар көбейіп кетті деген пікір көп айтылатын болды. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Телебағдарламалардың басым бөлігі продакшн компаниялардың қолына берілген қазір. Телеарнадағы өнімдердің көбінің сапасын сыни сүзгіден өткізіп жатқан адамдар бар деп айта алмаймын. Өйткені белгілі бір адамдардың сол компанияларға жетекшілік етіп отырған мамандарға сеніп берген телеөнімдері. Сондықтан қабылдайтын сәтте қатты сынай қоймас. Негізі, бір салада жүргеннен кейін басқаның өнімін сынау ыңғайсыз. Сыншы болмағаннан кейін артық пікір де айтқым келмейді. Материалдардың сапасыз болуының тағы себебі – барлығымызды рейтингке байлап қойды. Телеарнадағы бағдарламалар түгілі, интернет желісіндегі өнімдердің қайсының тақырыбы айғайлап тұрады, қайсы хайп қуған, солардың көрілімі жоғары. Бағдарламаны рейтингке байлап қойғаннан кейін ол жерде қандай сапа болады? Мың жерден мықты, керемет бағдарлама түсірсеңіз де, ол бағдарламаның рейтингі жоғары болмаса, ғұмыры қысқа.

– Камера алдында сөйлеуге қорқыныш болды ма? Оны қалай жеңдіңіз?

– Телевидение саласындағы мамандар «камераның мысы бар» дейді. Кей адамдар камераның алдында білетін сөзін ұмытып қалып жатады. Оның мысына үйрену үшін біраз тәжірибеден өту керек. Бастапқы кезде стендаптарды қағазға жазып алып, жаттап, дайындалып, бірнеше дубльмен жазатынбыз. Кейін, тәжірибе жинақталғаннан кейін оқиға орнынан еш дубльсіз стендап жасауға қалыптастық. Кейде екінші дубльден жазылуы мүмкін. Менде қорқыныш болды деп айта алмаймын. Дегенмен журналист жинақы жүруі керек.

– Тележүргізушіге сырт-келбет те, дикция да маңызды. Дикцияны қалай қалыпқа келтірдіңіз? Дауысыңызға қалай күтім жасайсыз?

– Дикция да тәжірибе арқылы қалыптасатын сияқты. Әр жерде формат әртүрлі. Радиода жұмыс істеп келген адам «Информбюрода» мәтін оқыса, дауысы ол адамның радиодан келгенін ерекшелеп тұрады. Сол сияқты басқа арнада жұмыс істеген адам келсе де, ол бірден білінеді. Бастапқы кезде дауысты дұрыс қалпына келтіріп алуға, әрине, уақыт керек. Бәрі тәжірибе барысында жүзеге асады.

Мен мамандығымды қатты жақсы көремін. Адам өз мамандығын жақсы көрген кезде ол уақытқа да, жұмыстың қиындығына да қарамайды. Ал осындай жанкештілікпен жұмыс істегенде нәтиже болады. Сондықтан мамандық таңдауда қателеспеу керек. Көп ата-ананың үлкен қателігі, грант көп мамандыққа немесе ешкімге керегі жоқ елеусіз мамандыққа түсіруге тырысып жатады. Әйтеуір, грантына түсіп, тегін оқыса болды, ол мамандықтан баланың хабары бар ма, қызығушылығы бар ма, жоқ па, оған қарамайды. Төрт жыл ілініп-салынып оқыған студент маман иесі болып шыққанымен, кейін мамандығы бойынша жұмыс істемеуі мүмкін.

Қазір әлеуметтік желі жақсы дамып тұр. Танымал болу үшін телеарнада диктор болу немесе жұлдыз болу міндетті емес. Қызығушылығыңызды жан-жақты зерттеп, оны жазу арқылы, сол жазба арқылы қаражат табуға болады. Сонымен бірге, тіл үйренуге кеңес берер едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Перизат Шаден

«Ұлан» газеті, №43

 

223 рет

көрсетілді

2

пікір
Алдыңғы мақала Жапонияда батарейканы зерттейтін Аяулым
Келесі мақала Бала арман, MARVEL және Стэн Лиге хат

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

CanadnaKi

02 Қараша, 2020

pain meds without written prescription <a href=" https://canadadr24.com/# ">real viagra without a doctor prescription usa</a> cheap pet meds without vet prescription pet meds without vet prescription canada https://canadadr24.com/ how to get prescription drugs without doctor

Jildkdoo

07 Қараша, 2020

buy prescription drugs without doctor <a href=" http://camzone.org/# ">ED Pills</a> viagra substitute best price 100mg generic viagra