Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 14 Қараша, 2020

Бақытты қайдан іздеу керек?

Ежелгі Грек аңыздары бойынша бақыт туралы мынадай тәмсіл айтылады. 

"Бірде құдайлар бас қосып,  көңіл көтермек болады. Олардың бірі: "Адамдардан бір нәрсені алып қояйық!"-дейді. Ұзақ ойланады. Кенет  біреуі: "Мен білем! Адамдардан бақытын алып қояйық"-деп қуана айқайлайды да,  "Бірақ ең басты мәселе оны адамдар тауып алмас үшін  қайда жасырамыз?"-деп сұрайды айналасынан.  Біріншісі: "Оны әлемдегі ең биік таудың ең биік шыңына жасырайық"-дейді.   

"Жоқ, адамдарда күш-қуат жеткілікті екенін естен шығармаңыздар. Олардың біреуі шыңға шығып,  тауып алса, қалғандары дереу біле қояды бақыттың қайда жасырылғанын"-деп жауап қатады екіншісі. " Онда теңіздің түпсіз тереңіне жасырайық" -дейді тағы бірі. "Жоқ, адамдар теңіз түбіне жететін амал да ойлап табады" -дейді қалғандары.  "Өзге ғаламшарға жасырсақ қалай болады Жерден алыс?"-деп жалғастырды үшінші бірі.  "Жоқ, бұлай да болмайды, адамдар өте ақылды, өзге планетаға жететін кеме ойлап тауып, бақытты ол жақтан да оңай тауып алады,"-дейді шарасыз кейіпте олар. Сол кезде үнсіз тыңдап  тұрған ең ақылды құдай: " Мен адамдардың бақытын қайда жасыруды білетін сияқтымын"-дейді. Барлығы оған  бұрылып: "Қайда жасырамыз?"-деп сұрайды тағатсыздана. "Өздерінің ішіне жасырамыз. Ал олар бақытты сырттан іздеп әуре болады. Олардың ешқашанда бақыттың өз ішінде екені ойларына да келмейді" -дейді. Барлығы да осы ойға тоқтайды"

 

Содан бері  адамдар бақыттың өз бойларында екенін білмей, сырттан іздеумен келе жатыр екен.

Тəмсіл тағылымы: бақытсыз, өз өміріне көңілі толмайтын адамдардың басты қателігі өзінің ішкі үнін ести алмай, естігендеріне сенетіндігі. Біреулердің қате пікіріне бас ұрмай, адам өзіне сенуі керек. Әркімге жалтақтап, айналасындағылардың  пікіріне құлақ аса берген адам азат адам емес. Адамдар өз күшіне сенбейді. Сондықтан сырттағы біреулердің пікіріне тәуелді.  

 

Адам бойындағы рух сәулесі ешқашан сөнбейді. Егер осыны түсінсеңіз, өмір бойы еркін боласыз. Уақытты бағалаңыз!  Мұнда сіз ұзақ болмайсыз. Ештеңе іздемеңіз. Бақыт өз ішіңізде. 

 

 

1168 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз