Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Сәуір, 2021

Бағдат Тілегенов: Өзағаңның шекпенінен шығып, ата-баба аманатын арқалап жүрміз

Бағдат Тілегенов,
«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

Ұлттың ұлылығы оның тектік, тұтастық деңгейінен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәлім-тағылымға толы дәстүр-салт, әдет-ғұрпынан, өрісті өнері мен мәдениетінен көрінеді. Қазақтың осынау сан ғасырдан бермен келе жатқан ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртуға көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор. Ол 1970 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық музейлер ашылды. Наурыз мейрамының, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына атсалысты. «Шертер», «Адырна», «Сазген», «Алтынай» және басқа фольклорлық ансамбльдер ұйымдастырып, ұлттық өнерде серпіліс туғызды. Биыл Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толады.  Тұлға мерейтойы қарсаңында көне музыкалық аспаптар және фольклорлық ансамбльдердің бүгінгі жай-күйі жөнінде «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегеновпен сұхбаттасқан едік. 

 Бағдат Беспайұлы, сіз Жәнібеков негізін қалаған фольклорлық ансамбльде алғашқы құрылған кезден бері жұмыс істеп келесіз. Ансамбльге қалай келдіңіз және Өзбекәлі Жәнібеков есімінің бүгінде өнердегі аңызға айналуының себебі неде?

 Өзбекәлі Жәнібеков 1970 жылдары Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы болып тұрған кезінде Арқалық қаласында драма театры, «Шертер» атты алғашқы фольклорлық-этнографиялық ансамбль ашылды. Мен ол кезде Жезқазған мемлекеттік музыка училищесінде халық аспаптары бөлімінің қобыз класында 3-курста оқимын. Бір күні «Шертер» ансамблі Жезқазғанға гастрольге келді. Музыкалық училищеде, негізінен, классикалық аспаптар оқытылатын. Фольклорлық ансамбльдің концертінде ұлттық аспаптардың үні маған ғажап әсер етті. Сол әсермен 1981 жылы училищені бітіре салып Құрманғазы атындағы консерваторияға альт-қобыз мамандығына оқуға түстім. Қосымша Базархан Қосбасаровтан қылқобыз тартуды үйрендім. Оқи жүріп «Отырар сазы» оркестрінде Нұрғиса Тілендиевтің қол астында жұмыс істедім. Мен үшін бұл екінші универститет болды. 1986 жылы консерваторияны бітірген соң, жолдамамен Шымкент музыкалық училищесіне барып, екі жылдай жұмыс істедім. 1989 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры Қабиден Тұяқаевтан шақыру алып, «Сазген» ансамбліне қабылдандым. Екі жылдан соң осы ансамбльдің басшылығына ауыстым.

Мәдениет министрі болған тұста Өзбекәлі ағамыз филармония жұмысын тікелей өзі қадағалап, бағыт-бағдар беріп отыратын. Филармония құрамында өзі құрған «Адырна», «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері, «Алтынай» халықтық би ансамблі, «Арқас» атты заманауи эстрада тобы болды. «Сазгеннің» ең бірінші көркемдік жетекшісі Жарқын Шәкәрім еді. Талантты композитор, ән әрлеуші Мұрат Жұмашев, жеке әншілерден Мәдина Ералиева, Ақжол Мейірбеков, Нағима Есқалиева, Жанар Айжанова жұмыс істеді. Өзбекәлі Жәнібеков барлық ансамбльге бірдей көңіл бөлетін. Ол кісінің басты талабы – ұлттық үн, қазақы нақыш. Ол кісі эстраданың репертуарын халықтық негізде құрғанда ғана өзгелерден ерекшеленіп, табысты бола алады деп есептеді. «Арқас» эстрадалық ансамбліне ұлттық сипат беру үшін қобыз бен домбыраны қосты, қазір эстрадада кең таралған осы үрдісті Өзбекәлі ағамыз бастап берген. Қазақтың көне аспаптарын жаңғыртқан Болат Сарыбаевпен бірге Ө.Жәнібеков музыкалық мұрамызды қайта қолданысқа енгізу үшін білек сыбана еңбек етті. Аспап жасайтын шеберлерге адырна, жетіген, шертер, сазсырнай, сыбызғы жасатты. Фольклорлық ансамбльдер үшін төменгі регистрді беретін бас домбыраны қосты.

 Көненің көзі, бізге жеткен заттық мәдениеттің бір жәдігері – ұлттық киім. Өзбекәлі Жәнібековтің дәстүрлі қазақ киімінің табиғатын сақтауға ерекше мән бергені мәлім. Артистердің костюмдерін тігетін ателье басшылары министрдің тапсырысына: «Осторожно, Жанибеков!» деп жазып, ерекше қадағалауға алатын еді дейді шәкірттері. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзінің шынайы үлгісі осы болса керек. Қазіргі тігіншілер кезінде Жәнібеков қойған талап үдесінен шыға ма?

 Ол кісі артистерге сахналық костюм тіккізгенде киімнің матасына, ою-өрнегіне баса назар аударатын. Қазақы киімнің бәріне баттитып ою жапсыруды ата-баба мұрасына жасалған қиянат деп білді. Тапсырыс берушінің жас ерекшелігін, дене бітімін, киетін жерін ескеруді талап етті. Қазақы киімнің сәнін, әсемдігін, қолайлылығын сақтауға мән берді. Ол кезде матаның түрі аздау, ұлттық киім тігу үшін барқыт, пүліш, шұға, жібек секілді қымбат әрі сапалы мата керек. «Адырна» мен «Сазген» артистерінің үстіндегі бүрмелі көйлек пен қамзол, шапан мен айыр қалпақ, қыздардың қасаба, сәукелесі, былғарыдан тігілген саптама етік Өзағамыздың тапсырысымен тігілді. Бояуы қанық, ою-өрнегі талғаммен таңдалған. Біз алғашында басы қайқы келетін саптама етікті оғаш көріп, күліп те жүрдік. Соны байқап қалған Өзбекәлі ағамыз «саптама етіктің басы қайқы болуы тегін емес, ол табиғатты қастерлеген ата-бабамыздың Жер-анаға құрметін білдіреді» деп түсіндірген еді.

Қазіргі киімдерге келсек, өзіңіз білесіз, Қазақстанда мата өндірісі жоқ. Қытайдың, қырғыздың матасы арзан болғанмен, ­сапасы сын көтермейді. Ал италиялық мата ­сапалы болғанмен, қымбат. Бір шапанға 5 метр мата керек, оған тігінші жұмысының ақысын қосыңыз. Сондықтан жақсы киімнің қымбат болуы заңды. Қазір ұлттық киім тігуге маманданған жақсы тігіншілер бар. Мәселен, ежелгі сақ, ғұн дәуірінің костюмдерін тігіп жүрген модельер Мүслім Жұмағалиев және Ажар Нұрбаева сияқты мамандардың жұмысы көңілден шығады. «Сазген сазы» ансамблі мүшелері киіп жүрген костюмдерді осы кісілер тігеді. Алдын ала эскиз ұсынып, талаптарымызды айтамыз.

– Фольклордың жандануы мен көне аспап­тардың жаңғыруы, би өнерінің оралуы Жәнібеков есімімен тығыз байланысты. Ансамбльдерде қол­данылған аспаптар мен репертуар жөнінде айтсаңыз.

 Жалпы Кеңес өкіметі тұсында музыкалық оқу орындарында, оркестрлерде қазақтың көне аспаптарына қатысты теріс көзқарас бар еді. Ашық тыйым салынбаса да «ұлттық аспаптар қазіргі заманға сай емес, Еуропаның классикалық музыкасын ойнауға шамасы жетпейді» деген түсінік басым болды. Бірақ оған қарамастан Болат Сарыбаев Қазақстанның түкпір-түкпірінен көне аспаптарды жинап, зерттеді. Болат ағамыздың құрқылтайдың ұясындай пәтері толған музыкалық аспап болатын. Мысалы, сазсырнай тікелей Болат Сарыбаевтың арқасында қайта жаңғырды. ХІІІ ғасырда жермен-жексен болған Отырармен бірге көз жазып қалған аспабымызбен ХХ ғасырдың 80-жылдары қайта қауыштық. Жеті ғасыр үнсіз жатқан сазсырнайдың екінші ғұмыры осылай басталды. Қазір сазсырнай бар­лық оркестрде бар. Сазсырнайдың екінші түрі – үскірік, ол сазсырнайдан бір октава жоғары. Екі октавамен талай дүниені ойнауға болады.

Дәстүрлі өнеріміздің құрамдас бір бөлігі – халық биі. Ө.Жәнібеков өзі құрған «Алтынай» халық биі ансамбліне А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін бітірген жиырма шақты қыз-жігітті бірден қабылдап, ұлттық биді жаңғырту міндетін қойды. Бастапқыда еліміздегі мықты балетмейстер-хореограф Әли Исмаиловты жұмысқа алды. Сосын Мәскеуден Ольга Всеволодова-Голушкевич деген балетмейстерді шақыртты. Оған жағдай жасап, қасына аудармашы берді. Өзбекәлі ағамыздың білмейтін саласы жоқ еді. Алматының маңайындағы ауылдарды аралап, халық билерін жинады. «Киіз басу», «Алқақотан», «Келіншек» биін, қазір ел «Қаражорға» деп атап жүрген буын биін ансамбльге енгізді. Би болған соң, әрине, музыка қойылуы керек. «Алтынайды» «Адырна» мен «Сазген» сүйемелдейтін. Әлі есімде, Ө.Жәнібеков «Алтын адам» биін қойғызғанда оған халық күйлерінен композиция жасалды. Оған «Көңілашар» «Сарыарқа», «Адай» сияқты рух-жігер беретін күйлер пайдаланылды. Фольклорлық ансамбльдердің репертуарына Алтай-Тарбағатай мектебінің күйлерін, Байжігіттің, Сүгірдің күйін енгізді.

– Фольклорлық ансамбльдің мүмкіндігін кеңейту үшін тағы қандай жұмыстар жүргізілді?

 Жетіген алғашқы кезде 15 ішектен жасалған, кейін 24 ішекке дейін көбейді. Музыка тілімен айтқанда бұл аспап пентатоника әдісімен жасалған. Пентатоника деген 5 сатылы интервалдық жүйе. Пентатоника форматы жапонның кото, қытайдың гуджен деген аспабында кездеседі. Моңғол, хакас, тыва халықтарында да бар. Біздегі диатоникамен жасалған үндестіліктің мүмкіндігі шектеулі болатын, ал ансамбльге керегі – хроматикалық үн. Алғаш біз диатоникалық жетігенді пайдаландық, онымен екі үндестілікті – до мажор мен ля минорды емін-еркін ойнауға болады. Бұрын басқа үндестілікке келтіру үшін ішектерді әлсін-әлі ауыстырып отыру керек болатын. Ал қазір леверс машинасын пайдаланып, кез келген үндестілікте тарта береді.

 Сол кездегі «Сазгеннің» төлқұжаты, қазіргіше айтқанда, бренді қандай күй еді?

 Алтай-Тарбағатай күй мектебінің көрнекті өкілі Байжігіттің «Көксерке» деген күйі ансамбльдің төлқұжаты болды. Бұл теріс бұраудағы күй. «Көксерке» күйін орындағанда сахнаға алдымен сыбызғышы шығады, оған екі жақтан екі жетіген қосылады, одан сазсырнай мен домбырашылар шығып іліп әкетеді. Ансамбль мүшелері Ықылас атындағы музейде де жұмыс істеді, ол жерге келетін туристерге концерт қойғанда осы күйден бастайтынбыз.

 Ансамбль «Сазген сазы» деп қалай және қашан өзгерді?

 2001 жылы өкіметтің қаулысымен Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілді. Бүкіл басқармамен бірге Сүйінбай атындағы филармония да көшті. Бұл кезде «Сазген» қалыптасқан кәсіби ансамбль, танымал болып қалған. Алматыда телеарна түсірілімдері бізсіз өтпейтін. Облыс көшкенде ансамбльдің негізгі құрамы жылы орнын суытпай осында қалды. Сөйтіп, біз «Сазген сазы» деген атаумен өнер көрсетуді жалғастырдық, өзімізді «Сазгеннің» мұрагері санаймыз. Нарық заманы, алғашқыда даярлық жасайтын орын, қаражат жағынан қиындықтар болды. Серіктестік құрып, өз күнімізді өзіміз көрдік. 2003 жылы Алматы қалалық әкімдігі бізді құзырына алды. Сөйтіп, қалалық мәдениет басқармасы құрамында «Сазген сазы» фоольклорлық-этнографиялық ансамблін, эстрадалық-симфониялық оркестрді және «Самрук» заманауи балет тобын біріктірген «Алматы әуендері» атты мекеме құрылды. Штатымыз ұлғайып, 20 адамға жетті. Бұл фольклорлық ансамбль үшін  жеткілікті құрам. Қазір біз осы «Алматы әуендері» КМҚК мекемесіне қараймыз. 

– «Сазгеннің» төлқұжаты Байжігіттің «Көксеркесі» болса, бүгінгі «Сазген сазының» бренді не?

 Бүгінгі күні ансамбльдің төлқұжаты «Аспаптар шеруі» атты халық күйлерінен құралған композиция. Оған бүкіл аспап қатысады. Алдымен нарқобыз бастайды. Нарқобыз қылқобыздан екі есе үлкен, кезінде абыздар, жыраулар пайдаланған, жыр-дастандарды сүйемелдеген. Регистрі қылқобыздан төменірек. Одан кейін біртіндеп адырна, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз, үскірік, шертер, домбыра шығады. Домбыраның екінші түрі – жоғары регистрді беретін шіңкілдек деген аспап бар. Оны тұмар домбыра, шығыс өңірде қалақ домбыра деп те атайды. Ұрмалы аспаптың 7-8 түрін пайдаланамыз. Дауылпаз, даңғыра, кепшік, асатаяқ, тұяқтас, шартылдақ, сырнайымыз бар. Ең соңында шарықтау шегі композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық отаны» деген симфониялық поэмасымен аяқталады.

 Кәсіби музыканттардың талабына сай аспапқа қол жеткізу жағы қалай? Олар жасайтын аспаптардың сапасы көңілден шыға ма?

 Өте үлкен мәселені қозғап отырсыз. Бұл жөнінде шешімін таппай отырған проблемалар көп. Негізінде аспап жасау жұмысы орындаушымен тікелей байланыста жүруі тиіс. Музыканттың сұранысына сай жасамаса аспап дұрыс болмайды. Кезінде консерваторияның, Құрманғазы атындағы оркестрдің, опера театрының өз шеберханасы болды, онда тәжірибелі шеберлер жұмыс істеді. Консерваторияда Мұса деген ақсақал, Нұрлан Әбдірахманов деген шебер көне аспаптарды жасайтын. «Мерей» жиһаз фабрикасында, Қарағандыдағы Осакаровка кентінде аспап жасайтын шеберхана болды. Олар мемлекет тарапынан қаржыландырылды. 1990 жылдардағы өтпелі кезеңде шеберханалар жабылды. Бұл сала толығымен жекеменшікке айналды. Жалпы «мастеровой» деп аталатын нағыз шеберлер бұрыннан ілуде-біреу болады. Шынын айтқанда, қазіргі аспаптардың сапасы, үнінің бояуы 30-40 жыл бұрынғы аспаптармен салыстырғанда жер мен көктей. Ансамбльге алатын аспаптың сапасы, көбінесе, көңілден шықпайды. Бұл тек домбыра емес, барлық аспапқа тән мәселе. Бастапқыда мұның себебін түсінбей жүрдік. Кейін зерттей келе бұл мәселенің мәнісі түсінікті болды.

 Өнер мен мәдениеттің ордасы Алматыда орналасқан, 40 жылдық тарихы бар «Сазген сазы» ансамблі бүгінде қазақ өнерін еліміз бен шетелде биік деңгейде насихаттап жүрген кәсіби өнер ұжымы саналады. Сондай-ақ жуырда «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ұлттық мәдениетіміздің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін тұңғыш «Наурыз-2021» ұлттық премия­сымен марапатталды. Жалпы табысты ұжымға айналудың сыры неде? 

 Музыка саласында табысты ұжым құру бірнеше факторға байланысты, олар: заман талабына сай менеджмент, кәсіби мамандар, репертуар, жақсы аранжировка, сапалы аспаптар, әдемі костюм, заманауи дыбыс құралдары, атақты әншілерді сүйемелдеу. «Сазген сазы» Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы және басқа танымал әншілерді сүйемелдеді.

Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы», Шамғон Қажығалиев басқарған кездегі Құрманғазы оркестрі басшының қандай рөл атқаратынының дәлелі. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов ағамыз да сондай көшбасшы тұлға.

Біз, қазіргі «Сазген сазы» ансамблінің дирижері Ықылас Нұрғалиев, Марат Жалбыров, бәріміз Өзағамыздың шекпенінен шықтық. Айтқан сөздері жадымызда. Кітаптары үстеліміздің үстінде жатады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Дина ИМАМБАЕВА

727 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Karolyn

04 Сәуір, 2021

believe essays https://writessaypro.com - cheap essay writing services buying online essays depression essays how to write compare and contrast essay topics for definition essay