Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Сәуір, 2021

Шынар АСҚАРОВА, актриса: Сүрініп жатсам да, өнерге тағзым еттім

Жақында талапкерлер мен тілшілерге арналған «Белес» жас журналистер ұйымы ашылды. Ұйымның жетекшілері «Ұлан» газетінің жас тілшілері екенін атап өткен жөн болар. Жас журналистер ұйымының негізгі мақсаты – журналистика саласына бет бұрып, ауқымы кең салаға оқуға түсуді армандаған жас талапкерлерді емтиханға дайындау, білім көкжиегін кеңейту. Ұйым ай сайын талапкерлерге марафон ұйымдастырып отырады.

Алғашқы марафонның қатысушылары сабақтан алған әсерін бөлісіп, мамандық жолында болашақ әріптестерімен байланыс орнатты. Марафон аясында жұлдызды кездесу ұйымдастырылды. Сұқбат қонағы – кино саласында қолтаңбасын қалыптастырған танымал кино және театр актрисасы, тележүргізуші, ҚР Мәдениет қайраткері Шынар Асқарова. Қатысушылар қонақтың арнайы сұқбат беретінін біле салысымен сұрақтарын дайындай бастады. Танымы мен тағылымы мол сұқбатты сіз де оқып көріңіз.

– Өзіңіз түскен фильмдердің ішінде жүрегіңізге жақын рөліңіз қандай?

– Жүрегіме жақын рөлдің бірі «Шалғайдағы оқиға» фильмінде болды. Нұрболат Абдуллин деген әнші баламыздың кино саласына бет бұрғандағы алғашқы фильмдерінің бірі. Ол менің баламның рөлін сомдады. Осы сериал жаныма өте жақын болды деп айта аламын. Одан кейін өзімді ерекше қырымнан таныта білген сериалдың бірі – «Домашние войны». Ол орыс тілінде түсірілді. Режиссері Ресейден болды. Орыстың атақты «Моя прекрасная няня» деген фильмі бар. Сол фильмді түсірген режиссер. «Домашние войны»   жаныма жақын болатыны, мұнда мүлдем бөлек дүние, басқаша образ. Екі сериалды алып қарасаңыз, бір-біріне қарама-қарсы образды байқауға болады. Ал алғашқы үлкен рөлімнің бірі – Дулат Исабеков ағамыздың  «Тіршілік» повесінің желісі бойынша түсірілген «Тауқымет» фильмі. Ол кезде төртінші курс студенті болатынмын.  

– Осыдан бірер жыл бұрын театрда «Көрермен көзайымы» номинациясын иелендіңіз. Көрермен бағасының салмағы қандай?

– Спектакльден кейін бүкіл актер халық алдына шығып, тағзым жасап, алғысымызды білдіреміз. Осы кезде кезекпен сахнаға шыққанда,  көрермен ықыласы қатты байқалады. Көрермен қатты қол шапалақтап, ерекше ықылас білдіріп жатады. Әлеуметтік желіде де жылы лебіз айтып, ризашылық білдіріп, алғыс жаудырып отыратын көрерменім бар.  

– Өнерден бас тартқан, жалыққан кезіңіз болды ма? Мұндайда сізді кім құтқарады?

– Шынымды айтсам, кез келген нәрседен жалығуым мүмкін. Кез келген нәрседен бас тартуым да мүмкін. Ондай сәттер өмірде көп кездеседі. Бірақ өнерден бас тарта алмаймын. Мен өнерден зерігіп, одан алыстап, жалыққан емеспін. Сүрініп, құлап жатқанның өзінде де өнеріме тағзым етіп тұрдым. Бойымдағы өнерімнің шынайы екенін білдім. Қиналып тұрып өзіме сендім. Жеңіліс болған күні жеңіс келетініне міндетті түрде сендім. Өнерден зерігуге болмайды. Осы салаға келгеннен кейін барлық нәрсе саған байланысты болады. Өзіңнің талабың, ізденісің болса, ешқашан ойың өзгермейді. 

– Кино мен театр екеуінің бірін таңдау керек болса, қайсын таңдар едіңіз?

– Екеуін бөліп-жаруға болмайды. Егіз ұғым. Екеуі үнемі қатар жүреді. Дегенмен, театр – алғаш қадам басып, аңсап келген орным. Театр – бұлақ. Әр салаға, әр арнаға сені жетектеп алып барады. Үлкен теңізге жетелейді. Театр деген – іргетас, ол – мектеп. Театрда шыңдаласың, басқа актерлармен жұмыс істейсің, білмей жатқаныңды қасыңдағы серіктесіңнен үйренесің. Сондықтан театрды басқа бір саламен айырбастауға болмайды. 

– Қыз баланың бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?

– Мен үлкен отбасынан шыққан қызбын. Анамыз бізге жақсы тәрбие берді деп ойлаймын. Білімнен бөлек, анамыздың мектебінен де өтуіміз керек. Үйде көп қыз болдық. Анам күнделікті қасымызда болмаса да, әпкелерім жол көрсетуші болды. Біздің өзімізге тән табиғатымыз бар. Оны басқа жақтан іздеп, өзгеге еліктеп, энциклопедияны ашып, тарихқа үңілудің қажеті жоқ. Қанымызда сіңген қасиеттер бар. Мың жерден басқаны көріп, оған қызықсаң да, табиғатың бөлек. Қазаққа тән болмысымыз, ибамыз, ұяңдығымыз бар. Қыздардың үнемі жинақы жүргенін жақсы көремін. Шашы ұзын болғанын қалаймын. Бір қызым бар. Қолымнан келгенше қазақы тәрбиемен өсіріп жатырмын. 

– Өнерде, өмірде кімді үлгі тұтасыз?

– Шыны керек, қыз бала анаға жақын болғанымен, әкені қадір тұтады. Біздің үйдегі тәрбие солай болды. Өмірде өзімнің әкемді пір тұтамын. Әрине, анамды да құрметтеймін. Анаға деген құрмет шексіз. Әкемнің ұстамдылығын, білімін үлгі тұтамын. Жоғары білім алмаса да, бойында бір ерекшелігі болды. Орыс, қазақ тілінде сауатты, төте жазуды да жақсы жазатын. Әлі есімде, қандай да бір өтініш, арыз жазу керек болса, жұрт менің әкеме келетін. Сол кезде әкем ақ қағазы мен қаламын алып, төте жазуды аударып беретін. «Қытайдағы туысымыз хат жазып жіберіпті» деп ауыл адамдары әкеме келіп тұрушы еді. Орысшасы да өте сауатты болатын. Әкем осының бәрін қайдан білетініне таңғалатынмын. Өзінен сұрағанымда, «бағындырмайтын белес болмауы керек» дейтін еді.  Өнерде үлгі тұтатын тұлғам – Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз. Сол кісіден білім алдық. Біліммен қоса тәрбиені де алдық. Адалдыққа, тазалыққа, екі сөйлемеуге, жауапкершілікке үйретті.  

– Егер шет елдің кино компаниялары ұсыныс жасаса, барар ма едіңіз?

– Барар едім. Бірақ, жақында Ресейден шақырту болғанда бара алмадым. Бір қорқыныш ұялады ма... Бір жағынан онда біраз уақыт болуым керек болды. Ал мұнда менің театрым бар ғой. Демалыс уақытында кетпесек, былайғы кезде театрдан шыға алмаймыз. Егер қаланың төңірегінде болса, демалыс күндері барып-келуге болады. Алыс жерге баруға жүрексіндім. 

– Түсірілім кезінде берілген мәтінді ұмытып қалу, қобалжу секілді ыңғайсыз жағдайлар кездесетіні рас. Осындай жағдайларда тығырықтан қалай шығасыз? 

– Әрине, ондай жағдайлар болады. Қобалжу дайындықсыз келген кезде болады. Ал берілген сценарийді көз жүгіртіп оқып шықсаң, жақсы дайындықпен келсең, қобалжу болмайды. Түсірілімде сөзіңді ұмытып қалсаң кешірім сұрап, тоқтап қаласың. Сөзіңді дұрыс айтпасаң қайтадан түсіруге тура келетін жайттар да жиі болады. Сосын араға үш секундтай үзіліс жасап, жалғастырып кетеміз. Ұмытып қалу сынды дүниелер кинода оңайырақ, оны қайтадан түсіре аласың. Ал сахнада нағыз қиындық осы сәтте туындауы мүмкін. 

– Өзіңізді он жылдан соң қалай елестетер едіңіз?

– Көріпкел болсам, айтар едім (күлді). Шынымды айтсам, білмеймін... Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Бастысы, деніміз сау болсын. Өнер әлемінде қызмет еткім келеді, он жылдың ішінде білімі толыққан салиқалы әжелердің бірі болармын. 

– Мамандығыңыз үшін неден бас тартар едіңіз? Осындай қиын  жағдайлар болды ма?

– Иә, басымнан өтті. Мен мамандығым үшін отбасын құрудан бас тартқанмын. Жастық қой, әрине...  

– Ел алдында жүргеннен кейін түрлі сын да айтылады. Мұндайға көзқарасыңыз қандай?  

– Сынды өте жақсы қабылдаймын. Сын айтылмай қалған жерде өзіңді өше бастадың деп есептеуге болады деп есептеймін. Себебі, біз сол сын-пікірмен өстік. Сын өсірмесе, өшірген жоқ. Кәсіби тұрғыда айтылған сынды жақсы қабылдаймын. Ал егер басқа себептермен айтылып жатса, мәселен, жеке өміріме қатысты болса, ондайға назар аудармаймын. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Дайындаған  
Алтынай  Бауыржанқызы,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №14

 

2121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз