Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Ақпан, 2024

Жастар көктемде отау тіге ала ма?

Айзат Айдарқызы, 

«Ana tili»

1 наурыздан бастап Отбасы банк тарапынан «Отау» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Жаңа бағдарламаның ерекшелігі – бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Аталған жобаның нарықтағы бастамасына, тұрғын үй бағасына сарапшылар болжам жасап көрді. Қаржысын депозитке  жинап жүрген жұрт биыл баспаналы бола ала ма?

 

«9-20-25» тиімді ме?

Иә, жаңа бағдарламаның айналасындағы басты сұрақ: «тиімді ме, тиімсіз бе?». Өйткені әлеуметтік желіде сан түрлі үй алатын бағдарламаны салыс­тырып, есеп-қисабын шығарып жатқан жұрт көп. Қай тұрғын үй бағдарламасы арқылы да халықтың үйлі-күйлі болғысы келеді-ақ. Мәселен, өткен жылы Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев үй кезегінің көбейген үстіне көбейіп жатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда кезек 480 мыңнан 640 мыңға өскен. Яғни 200 мың адам баспаналы болудан дәмелі. Ал мемлекет жылына 9-10 мың пәтерді пайдалануға береді.  Депутат осындай өсім жалғаса берсе, бірнеше жыл ішінде кезек саны миллионнан асып кетуі ықтималын атап өткен. Мәселеге осы тұрғысынан қарағанда да нарықта баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарлама көбейгені қуантады. Десе де оның тиімді-тиімсізін сарапшылар талдап береді. 
Қолда бар мәліметке сүйенсек, 9-20-25 атауымен танымал «Отау» бағдарламасы наурыз айынан бастап өтінім қабылдауды бастайды. Өтінім беру мерзімі 1 наурыздан 30 сәуірге дейін жалғасады. Ескерерлігі, қай күні өтінім бергеніңіз маңызды емес. Тек аталған датада көшке ілессеңіз жеткілікті. Өтінім Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында қабылданады. Бағдарламаға банк салымшыларымен қатар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар да қатыса алады. Талап бойынша, Баспана маркетте жинақ шотыңыз болуы, оның мерзімі 18 айдан кем болмауы керек. Оған қоса жинақ сомасы 1 миллион теңгеден кем болмауы шарт. Бағдарлама қатысушысы мен отбасы мүшелерінде кейінгі 5 жыл ішінде атында жылжымайтын мүлік тіркелмегені игі. Себебі бұл да тексеруден өтеді. Астана мен Алматы қаласынан үй алуды ойласаңыз, сол шаһарда тіркеуде тұру міндетті. Қуантарлығы, жобаға 18-63 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Отбасы банк өкілдері 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдық берілетінін алға тартып отыр. 
Аталған банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарламаның бірегейлігі – мүмкіндік бәріне бірдей беріледі. Әлеуметтік осал топтар, жағдайы төмен отбасы дейтін категория жоқ. Ұпай есептеу кезінде салым бойынша сыйақы мөлшері үшін әрбір 1000 теңгеге 5 балл беріледі. Салым мерзіміне келcек, салымның әрбір жылы үшін тағы 5 балл қосылады. Тіркелген неке үшін 10 балл берілсе, балалы отбасыға (санына қарамастан) 50 ұпай жинақталады. Үміткерлердің ұпай саны бірдей болса, басымдық салым сомасы мен жинақтау мерзімі ұзағырақ азаматқа беріледі. 
«Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз. Жыл сайын қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттаймыз. Айта кетерлігі, бұл ақша «Отбасы банктің» өз қаражаты есебінен бөлінеді. Сондай-ақ Қазақстан қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз», – дейді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова. 
Оған қоса аталған банк бағдарламаның тікелей ұйымдастырушысы өздері екенін, халыққа «Отаудың» мемлекеттік бағдарлама емесін ескеруін сұрайды. Алматы мен Астана қаласынан үй алғысы келетіндерге займның ең жоғары сомасы 30 млн теңге болса, қалған өңірлерге 18 млн теңгеге дейін қарастырылған. Алғашқы нарықтан тұрғын үй кілтін Алматы, Астана, Шымкент қаласы мен облыс орталықтарынан ала аласыз. Ал басқа аймақта кез келген тұрғын үйді сатып аласыз.  
Сонымен, «Отау» негізінде алғашқы жарна – 20%-дан басталады. Кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 9% (ЖТСМ 9,2%-дан басталады). Несие мерзімі 19 жылға дейін беріледі. 

Үй бағасы аспандап кетпей ме?

Халықтың жаңа бағдарлама төңірегіндегі тағы бір елеңдейтіні – үй бағасы. Өйткені бағдарлама іске қосылатынын білген сәттен бастап сатушылар бағаны қымбаттатып жіберетіні жасырын емес. Осы ретте «Отау» аясында қатысушы жаңа тұрғын үйді Баспана маркет порталынан ғана сатып алатыны тағы бар. Ұйым­дастырушылар бұл баға өсіміне жол бермеуге арналған деп отыр. Өйткені әрбір нысан платформаға орналастырмас бұрын тұрғын үйдің нарықтағы бағасы негізінде құнын бекіту үдерісінен өтеді. Осылайша, баға нарыққа сәйкес келсе, құрылыс нысаны иесімен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады. 
«Әрине, 30 млн теңгеге дейін баға белгіленгеннен кейін үй бағасына да белгілі бір шектеу орнайтын болар. Білесіз, «7-20-25» бағдарламасы есебінен жастар үйлі болып жатыр. Биыл екі бағдарламаны қоса алғанда үй сатып алуға жақсы мүмкіндік берілгелі отыр. «Отау» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметте жүрген 35 жасқа дейінгі азаматтарға баспаналы болуға мүмкіндік туып тұр. Осыған дейін Отбасы банкі «50\50» бағдарламасы арқылы несиелендіруді жүзеге асырды. Ал жаңа бағдарлама үй бағасын тұрақтандыруға әсер етеді деп ойлаймын. Тұрғын үй нарығындағы бағаға келсем, бәрі бұрынғы бағаны ұстап тұр. Яғни жұрт айтып жүргендей жер сілкінісінен кейін Алматыдағы баға түскен жоқ. Баспана нарығындағы  баға әр жылдың сәуір-маусым аралығында нақтыланады. Келесі жылға дейін сол баға сақталады. Айта кетерлігі, жер үйлердің бағасы аса көтерілген жоқ. Мысалы,  қаңтар-ақпан айында сатылып жатқан жер үй саны аз. Себебі 10%-ға бағаны көтергеннен пайда жоғын ескерген жұрт бұрынғы бағасына сатып жатыр», – дейді Қазақстан   риелторлар қауымдастығы директорлар кеңесі мүшесі Жәрдем Ақбисенов. 
Жылжымайтын мүлік агенттік жетекшісінің айтуынша, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қаласында үй бағасы өткен жылғы бағамен бірдей. Үй санатына қарай, эконом, комфорт, бизнес санатына қарай да жіктеледі. Комфорт пен бизнес санатындағы баға бұрынғы қалпында болса, эконом санатында сәл түскен. Ол 30 млн теңгеге бірінші нарықтан екі бөлмелі үй алуға болады деп отыр. Ал бір бөлмелі пәтерді 25 млн теңге аралығында сатып ала аласыз. 
Ал статистика бюросының мәліметі бойынша, бірінші нарықтағы тұрғын үй 2023 жылдың желтоқсанымен салыстыр­ғанда 0,2%-ға өскен. Krisha.kz сайты көрсеткендей, биыл қаңтар айындағы баға бойынша республикамызда бір шаршы метр құны – 486 744  теңге. Ал Алматыда бірінші нарықтағы ең қымбат тұрғын үйдің шаршы метріне 579 946 теңге төлейсіз. Одан кейінгі үштікте  Астана (573 427 теңге) мен Шымкент (422 418 теңге) тұр. 
Екінші нарықтағы тұрғын үй жайына келсек, кейінгі үш жыл ішінде аталған нарықта 40% өсім болған. Бұған БЗЖҚ қорынан жинақшоттағы артық соманы шешу, доллар өсімі, бірінші нарықта қажетті құрылыс материалдары бағасының қымбаттауы мен тұрғын үй құрылыс жұмысының бәсеңдеуі әсер еткен. Жоғарыдағы сайт мәліметінше, 2021 жылы Алматы қаласында екінші нарықтағы үй шаршы метріне 468 400 теңгеге сатылса, биыл қаңтар айында 721 638 теңгеден саудаланып жатыр. Яғни 54,1% өсім бар. Қандай да бір тұрғын үй бағдарламасы басталатын шақта өсім байқалатыны белгілі. Десе де жауаптылар бағаны ауыз­дықтау амалын жасадық деп отыр. Ал мұның іске асып-аспағанын жазға салым білеміз. 

Бағдарлама көп, дегенмен...

Жоғарыда тұрғын үй кезегінде тұрған халық саны көп екенін жаздық. 20 өңір бойынша баспана кезегінде тұрғандардың дені Шымкент қаласы, Түркістан облысы мен Астана қаласында тіркелген. Осыған байланысты өткен жылы Өнеркәсіп және құрылыс минис­трі Қанат Шарлапаев әлеуметтік осал топтарға арналған екі пайыздық несие беру бағдарламасы барын айтқан-ды. Министр мәліметінше, бағдарлама бойынша несиелеуге шамамен 32 млрд теңге бөлінген. Адам басына шаққанда бұл сомаға 3200 азамат несие ала алады. Кезекте тұрған қалған тұрғынға 5% жылдық мөлшерлемемен несиелеу қарас­тырылған. Оған бөлінген қаржы – 39,7 млрд теңге.  Бұған 3600 адам несие алады. Қысқа қайырғанда, министр осылай жалғаса берсе бар мәселе шешілетінін жеткізген.
Бірақ тұрғын үй кезегінде тұрған халық кезектің резеңке тәрізді созылып жатқанын, жылжуы мұң екенін сан мәрте айтып жүр. Арасында 20 жыл дегенде кезегі келіп, пәтерлі болып жатқандар да бар. Сондықтан тұрғын үй кезегінде тұрғысы келмейтіндер екінші деңгейлі банктер тарапынан ұйымдастырылатын түрлі ипотека бағдарламасына қатысады. Мысалы, Астана тұрғыны Ақнұр Мұратқызы «Отбасы банкте» бірнеше жылдан бері ақша жинап жүр. Ыңғайы келсе ипотекаға үй сатып алғысы келеді. Мемлекеттің түрлі бағдарламасын қарап, қалтасына қарап көсілуді ойлап жүр. 
«Бес жыл мерзімге жалға пәтер беретін бағдарламаға қатысуды ұсынған таныстарым болды. Бірақ мұны нұсқа ретінде қарастырмадым. Оның өзінше себебі бар. Ал «Елорда жастары» сияқты бағдарламада несие көлемі 18 млн теңгеге дейін деп көрсетілген. Аталған сомаға жөнді екі бөлмелі пәтер табу қиын. Әзірше, «50\50» бағдарламасын қалта көтермейді. Осылайша, бірнеше нұсқасын қарастырып жүрміз. Бастысы, жинақ сомамыз бар. Кейбірі жинақ сомасы жетіп тұрса да, асығыстық жасамай, нарықтың тұрақтанғанын, жылдық мөлшерлеме түскенін күтеді. Жыл санап халықтың қаржылық сауаты ашылып келеді. Соған сай несиелеу де жеңілдесе игі», – дейді ол. 
Иә, Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2023 жылдың соңына қарай ипотекалық қарыз беру қарқыны бәсеңдеген. Бюро мұның ықтимал себебі ретінде жоғары пайыздық мөлшерлемені нұсқаған. Коммерциялық ипотека бойынша мөлшерлеме жоғары екенін, әркім жылдық 18-20%-ды төлей алмайтынын көрсеткен. Сондықтан қазір халық аса қажет болғанда ипотекалық несие рәсімдеуге көшкен. Ал қалғаны базалық мөлшерлеменің төмендеуін, несиелеу шарттарының жеңілдеуін күтіп жүр. 
Сонымен, өткен жылы 116,6 мың пәтер ипотека арқылы рәсімделген. Бюро мәліметінше, бұл 2022 жылмен салыстырғанда  19%-ға төмен көрсеткіш. 2023 жылы берілген барлық ипотекалық займ құны – 1,8 трлн теңге.  Ал ипотека рәсімдеудің орташа құны 13 млн теңге болған. 
«Мұндай бағдарламалар еліміздегі тұрғын үй сұранысының 1–2%-ын қамтамасыз етеді. Жылына 8-10 мың адам үйлі болса, жалпы кезектегілердің саны 600 мыңнан асып отыр. Сол үшін бұл жерде үй бағасын ұстап тұру маңыз­ды. Ипотекамен үйлі болуды қамтамасыз ететін банктер арасындағы бәсеке күшеюі үшін инфляцияның алдын-алу керек. Инфляция 4-5%-ға дейін түсетін болса, Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі де төмендейді. Қазір мөлшерлеме 15,5% екенін ескерсек, 8%-ға дейін түсетін болса, екінші деңгейлі банктер ұсынатын ипотека мөлшерлемесі де төмендейді. Нәтижесінде, халық арзандау несие алу арқылы үй мәселесін шешеді. Яғни халықты арзан несиелеумен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеу керек. Өйткені халық саны өсіп жатыр, үлкен қалаға ағылып жатқандар да көп. Соның ішінде бірінші нарықтағы үй алуға сұраныс артып жатыр. Үйдің бағасын ұстап тұрудың тиімді жолы отандық тауар өндірушілерді тарту керек. Нарықты елімізде өндірілетін кірпіш, арматура, басқа да құрылыс заттарының 60-70%-ымен қамтысақ, бағдарламалардың нәтижелі жұмыс істеуіне көмектесеміз», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.  
Қазір нарықта бас аяғы 20-дан асып жығылатын тұрғын үй алуға арналған бағдарлама бар. Соның ішінде «Нұрлы жер», «7-20-25», «Әскери баспана», «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «50/50», «Орда», «Баспана хит», «Ұмай» сындысы тағы бар. Одан бөлек, екінші деңгейлі банктер ұсынатын түрлі ипотеканы қосыңыз. Сонымен қатар  балаларға арналған «Арнау» депозиті, «Табысты», «Баспана», «Өркен», «Кемел», «Болашақ» тарифтік бағдарламасы бар. Әрқайсының өзінше мөлшерлемесі, бекітілген мерзімі белгілі. Орташа есеппен ипотеканы 9-13 жыл мерзімге рәсімдей аласыз. Сондықтан баспана эксперттері әркімге ыңғайлы, тиімді нұсқаны таңдауды ұсынады. Айта кетерлігі, қазір екінші деңгейлі банктер коммерциялық тұрғыда,  маркетинг жағынан өнімін жетілдіріп жатыр. Мәселен, жедел құжат рәсімдеу, бірнеше күннің ішінде баспана кілтіне ие болу мен құрылыс компаниялары ұсыныстарын да қатарға қосып қойған жөн. Бір сөзбен айтқанда, көз қызығарлық, алақан ысарлық таңдау көп. Дегенмен несиелеу мен мөлшерлеме мәселесі жар бермей тұр. 

270 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз