Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Ақпан, 2024

Balqashqa Qamqor – пайдалы контент көзі

Алматыда «Art Collider x Balqashqa Qamqor» мектебі «Балқаш: ашаршылық белгісі» атты деректі фильмін көрермен назарына ұсынды. Өткен жылдың жазында түсірілген фильмде археолог, тарихшы, Балқаш қаласының тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Дәулет Қожақов Балқаштың ұжымдық жады, өңірдегі отырсыздандыру зерттеулерінің маңызы мен Қазақстандағы ашаршылық құрбандарының жаппай жерленген аймағында археологиялық қазбалар туралы сөз қозғайды.

– Алғаш Дәулет ағамен 2020 жылы таныстым. Түбі Жетісу жерінен. Қазір Балқашта тұрып жатқанына жиырма жылдан асты. Ол кісімен сөйлесе келе ғылыми тақырыптарға тереңірек үңіле түстік. Қаланың тоқсан жылға жуық тарихы бар. Жарты жылдың ішінде Дәулет ағамен бес рет зерттеу жұмысын жүргізіп, жастарға дәрістер өткіздік. Фильм атқарылған осындай іс-шаралардың нәтижесінде туып отыр, – деді фильм жетекшісі Әйгерім Қапар.

1931–1933 жылдары Балқаш көлінің жағасындағы Қарамұрын аймағында КСРО үкіметі ұйымдастырған жаппай ашаршылықтан, аурудан 50 мыңға жуық көшпелі қазақ қырылды. 30-жылдары күштеп ұжымдастыру жүргізілген кезде қазақтар өздерінің көшпелі қызметін тастап, Балқаш маңындағы құрылысқа қатысуы үшін геноцидтен бас сауғалап, күн көреміз деген үмітпен босқан. Адамдар ашыққан соң көлге барып, балық аулап азық етуге тырысты. Көбі уланды. Ауыз су болмағандықтан, көлдегі дизентериядан қайтыс болды. Еңбек батальондарында адамдар бір табақ сорпа үшін жұмыс істеді. Осы тақырыпта Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Күләш Сардарбек 2006 жылы «Индустриалды Қарағанды» газетінде былай деп жазады: «Балқаш тарихы да қайғылы. Құрылыстың басталуы 1931–1933 жылдардағы ашаршылықтың қатал жылдарымен, 1937–1938 жылдардағы репрессиямен, әсіресе қатыгездікпен тұспа-тұс келді. Балқашқа жұмыс іздеп, малдан, барлық азық-түліктен айырылған көшпенділер келді. 30-жылдары көл жағасында бір мың киіз үйден тұратын кент пайда болды. Барлығына азықтүлік жетпеді. Киіз үйлерді паналаған халық ағынын тоқтату үшін «жұқпалы аурулар індетімен күресу мақсатында» 900 киіз үй өртелді».

2014 жылы Балқаш қаласының тұрғындары ашаршылық құрбандары жаппай жерленген жерде ата-бабаларын еске алу белгісін орнатты. Осы белгінің маңайында өрбитін фильм ашаршылық тақырыбындағы бірнеше сұрақты қамтыды. Дәулет Қожақовтың айтуынша, Қарамұрын аймағында жерленген адамдардың нақты саны белгісіз.

Үлкен зерттеуді қажет етеді. Balqashqa Qamqor осындай бастаманы одан әрі зерттеуге фильм арқылы түрткі болды. Туындыны түсіруге Әйгерім Қапар, Ержан Бекенов, Әйгерім Тілеубай, Балнұр Нүсіпова қатысты. Фильм АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы шеңберінде «Еуразия» қорының қолдауымен түсірілді.

Фильмдер көрсетілімі, пікірталастар мен дәрістер ақпан айы мен наурыз айының басына дейін жалғасады. Өзге де картиналарда журналист, жазушы Жанболат Башар, суретші Өміркелді Әбеуов және тарихшы Ерден Абдуллин өңірдің тарихы, мәдениеті және экологиясы туралы баяндайды. «Art Collider x Balqashqa Qamqor» мектебі бірнеше өңірдің экологиялық проблемасын көтереді. Мәселен, жақында Сарыарқаның жауһары саналатын, Балқаш қаласының маңайында орналасқан Бектауата өңіріне арналған журнал шығарды. Онда жергілікті тұрғындармен сұқбаттасқан қатысушылардың сезімі, ойлары туралы жазбалар, суреттер жинақталған. Мектеп қатысушыларының бірін әңгімеге тартқан едік.

– Қазір С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқимын. Бала кезімнен сурет салуға қызығамын. Әлі күнге дейін сүйікті хоббиім. «Glen» академиясында анимацияны қосымша оқып жатырмын. Бұл жобадағы негізгі міндетім – шыңға қалай көтерілгеніміз туралы карта салу және жол бойында бізге ерекше болып көрінген нәрселерді байқау болды. Мен қарапайым нәрселерді салдым. Бірақ тақырыптарға қиял мен поэтикалық сезім қостым. Осылайша қиял-ғажайып оқиғаларға толы туынды шықты, – дейді Аружан Досжан.

Сонымен қатар, осы сапарда «Біздің Бектауатамыз» атты қасиетті шатқал туралы фильм де жарыққа шықты. Балқаш көлінің экожүйелеріне қамқорлық жасай отырып, Balqashqa Qamqor командасы Бектауата тұрғыны Төлеубек Дүнентаевтан сұқбат алды. Ашаршылық жылдары туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған Төлеубек аға отбасының тарихы, ұжымдастыру және Бектауата экожүйесінің қазіргі кезде қалай деградацияға ұшырағаны туралы баяндайды. Қазір жер қойнауын пайдаланушы компаниялар гранитті жартастар мен шатқалдарды қиратып, ауыр жүк көліктері жолдарды бүлдіріп жатыр. Бұл да дабыл қағатын мәселе.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2024 жыл

 

477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз