Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Сәуір, 2024

Аграрлық ғылымды дамытуға басымдық беру қажет

​Бүгін Ақмола облысының Шортанды ауылында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Ауыл шаруашылығын табиғи апаттарға бейімдеудегі аграрлық ғылымның рөлі» атты көшпелі отырысы өтті Алқалы жиынға Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті А. Күрішбаев, ҰАҒББО Басқарма төрағасы Б.Қасенов, БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Дүниежүзілік банктің халықаралық сарапшысы А. Моргунов, Парламент депутаттары, агробизнес өкілдері және аграрлық ғылымның жетекші ғалымдары қатысты.

Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті А. Күрішбаев Президиум отырысыныңашылуында сөйлеген сөзінде климат өзгерістеріне байланысты ауыл шаруашылығының орасан зор шығынға ұшырағанына тоқталды. Бұл жағдайда аграрлық ғылымның рөлі еселеп артады, ол ағымдағы және сонымен бірге болашақ мәселелерді шешудің оңтайлы нұсқаларын жедел ұсынып, сол арқылы саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуі керек.

«Біз жаһандық табиғи сын-қатерлер жағдайында аграрлық ғылымды басымдықпен дамыту қажеттігінәлі толық түсінген жоқпыз. Қазақстандық ғылымның артта қалуына байланысты, аграрлық зерттеулерді ұйымдастырудың қазіргі жүйесі тиімсіз құрылған, басқарудың ескі стереотиптерінен арылуға және табысты әлемдік тәжірибені ескере отырып, өз жұмысын өзгертуге қабілетсіз» деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы. 

ҰҒА Басқарма Президенті аграрлық ғылымның дамуын тежейтін үш ірі жүйелік мәселені атап өтті. Олар:

Біріншіден, ғылыми зерттеулердің басымдықтары мен тақырыптарын анықтау кезінде жүйелік кемшіліктерді жою. Ғылымның әртүрлі бағыттарын, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдарды тарта отырып, пәнаралық тәсіл негізінде әзірленген ірі ғылыми-техникалық бағдарламаларды (мегагранттарды) іске асыруға көшу. 

Осындай ірі интеграцияланған жобаларды іске асырудың мультипликативтік әсері зор. Экономиканың стратегиялық маңызды мәселелерін шешумен қатар, олардың нәтижелері университеттердің жаңа білім беру бағдарламасына айналады. Сондай-ақ, қазіргі заманғы ғылыми кадрларды даярлау басталады, аграрлық ҒЗИ-да ғалымдар тұрақты жұмыспен қамтылады.

Екіншіден, дамыған елдер тәжірибесі бойынша ҰАҒББО басқарушы компаниясын әкімшілік құрылымнан аналитикалық орталыққа трансформациялау арқылы ғылыми ұйымдарды басқарудың тиімді жүйесін құру. Ол ғылыми зерттеулердің басымдықтары мен тақырыптарын айқындайды, жаңа білім мен шетелдік технологияларды трансферттеуге, дайын әзірлемелерді коммерцияландыруға баса назар аудара отырып, ғылыми ұйымдардың қызметін үйлестіреді.

Оған қоса, «ҰАҒББО» КЕАҚ құқықтық мәртебесін мемлекеттік коммерциялық емес қорға айналдыру ұсынылды, ол бюджет есебінен қаржыландырылатын болады.

Үшіншіден, дамыған елдер тәжірибесі бойынша,заманауи ғылыми кадрларды даярлауда зерттеу университеті моделінің мүмкіндіктерін пайдалану.

ҰҒА басшысы аграрлық мамандықтардың талапкерлері мен студенттеріне жеке артықшылықтар беру қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, аграрлық, педагогикалық және медициналық мамандықтар арасындағы шәкіртақы сәйкессіздігін жою, аграрлық мамандықтарды таңдаған талапкерлер үшін оқуға түсу балының шегін төмендету, оларды ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыру кезінде мемлекеттік қолдау шараларын күшейту. Бұл мәселеге қатысты нақты ұсыныстар Үкіметке жолданған. Мәселе өте өзекті, өйткені аграрлық мамандар тапшылығының артуы экономикаға теріс әсерін тигізеді. 

«2023 жылы аграрлық және су салалары бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын игеру небәрі 59%-ды құрады. Мұндай көзқараспен ауыл шаруашылығын, су саласын қалай дамытамыз? Мәселен, өткен жылы «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығына бүкіл ел бойынша 101 адам ғана түсті, мемлекеттік гранттардың 70%-ы игерілмеген күйінде қалды. Сонымен қатар, алдағы 5 жыл ішінде экономиканың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін біз жыл сайын 800 су маманын дайындауымыз керек», - деді А.Күрішбаев.

Аграрлық ғылым саласындағы түбегейлі өзгерістерді дұрыс қаржыландырып, табысты жүргізгенде ғана Қазақстанда осы сала дамиды.  

«Ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне сүйеніп, сын-қатерлердің алдын алмасақ, қазіргідей табиғи апаттардың жағымсыз салдарымен күресуге мәжбүр боламыз. Сөйтіп, келтірілген залалды қалпына келтіру үшін миллиардтаған қаржы жұмсалатын болады» деп атап өтті ҰҒА басшысы.

Жиында саладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда: 

Ауыл шаруашылығы министрлігінде ветеринарлық ғылымдар бойынша тиісті құрылым жоқ. Сондықтан, Қазақ аграрлық ғылыми-зерттеу университетінде және басқа да ЖОО-да ғылыми орталық (институт) құру керек. Ол орталық осы саладағы ғылыми зерттеулер мен өндіріспен байланысты үйлестіретін болады. 

Аталған институт базасында эпидемиологиялық жағдаятты болжауға арналған ақпаратттық-талдау орталығын құру керек, онда картографиялық талдаулар, шаруашылық субъектілеріне арналған шешімдер әзірленеді. 

Инфекциялық аурулар туралы мәліметтер жинау, мониторинг жасау, картографиялық талдау жасау және болжау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. 

Отырыста, сондай-ақ, ҰАҒББО Басқарма төрағасы Б.Қасенов, халықаралық сарапшы А. Моргунов, агробизнес өкілдері және жетекші ғалымдар өз пікірін білдірді. 

Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысының қорытындысы бойынша аграрлық ғылымды дамыту және кадрлар даярлау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс жолданатын болады.

293 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз