Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Қаңтар, 2018

Қоңыраттан жеткен ән

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген болатын.

Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданы – халқымыздың қол бастаған небір батырлары, сөз бастаған шешендері, жезтаңдай әншілері туып-өскен қасиетті де шежірелі өлке. Бәлкім, содан да болар, құлашын кеңге жая ұшы-қиыры жоқ жазықта орналасқан бұл елдің ақын, жыраулары туып-өскен жерін: «Ұлықұм, Кішіқұм, Аяққұм, Жіңішке, ­Жомарт» деп, тарихи атауларымен атап, жыр-толғауларына тебірене қосып өткен. Бағзыдан бері елге, туған жерге деген ыстық ықылас осылай атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалғандай. Бүгінгі әңгімеміз солардың бірегейі, танымал ақын Әлима Қабылқызы турасында болмақ. Ақының есімі облыстық «Ақтөбе» энцик­лопедиясына енген. Әйгілі күйші Қазанғап жылқы малына арнап біраз күй шығарған, соның бірі «Әлиманың боз жорғасы» деп аталатын. «Әлиманың әні» деп аталатын жүрек қылын тербер ән Ақтөбе аймағында жиі айтылады. Танымал әнші, «Дарын» сыйлығының иегері Айгүл Елшібаеваның орындауында жұртшылыққа кеңінен мәлім. Әлима 1868 жылы Шалқар өңірінде Ұлықұмның бір бөктері – Жіңішкенің бойын­да дүниеге келген. Сымбатты да сұлу, өткір ойлы, ақылына көркі сай ару ретінде халық жадында қалған. Әкесі Қабыл байдың тегі Алшын ішінде алты ата Әлім, Қабақ руының ­Жарас мерген Пұсырманұлы тарайтын Қорлыбай аталығынан. Ел аузында байлығы тасыған, қолы ашық, қонақжай, жомарт адам санатында сақталған. Бес жасар бала, аталас ағайын Назарбай 1913 жылы әкесінің атына мінгесіп, Қабыл атасының ауылына барып, соғым сыбағасын алып қайтқан екен. Соғымға бірден он үш жылқы сойылғанын көріпті. Әлбетте, мұның бәрін байдың бір өзі жеп қоймайды, айналасындағыларға таратады, елде «Ағайынға малшы болғанша, Қабылға жалшы бол» деген сөз осындай жомарт ниетінен шықса керек. Бәйбішесі Байшым әжей, руы қырғыздың Бәйімбет аталығынан, үлкен сары кемпір екен. Қабылдан екі бала – Жапар мен Әбді тарайды. Әбдіден ұрпақ жоқ. Жапардан Бисен, одан Әпу болып жалғасып кете береді. Әлима баланың тұңғышы екен. Қабыл Қоңырат елінің бір байының баласына ата-баба салтымен атастырып, қызын ұзатады. Сондағы Әлиманың елге жолдаған сағынышты өлеңі: Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық, Бәйгеден ат келеді баурын жазып. Кешегі елден кеткен Әлима апаң, Жіберді туған жерге өлең жазып . Біздің ел Жіңішкеден көшкен шығар, Жағалай Жыландыға қонған шығар. Қабекең Бәтекеңді бір жібермеді, Білместік баласынан болған шығар. Малға жай айналасы Көкжиденің, Ата-анам, жастайымнан көп биледің. Қыз болып аз ғана күн көрген дәурен, Баяны болғаны жоқ боқ-дүниенің. Өтерін жастығымның біле алмадым... Бұл – Ақтөбе өңіріне аты мәлім журналист, өлкетанушы Тілеужан Шойғариннің Қоңыратқа барған сапарында 1970 жылы ақпан айында жазып әкелген Әлиманың өлеңдер жинағынан үзінді. Әлима ақын турасында ертеректе және де бертін келе жазылған әңгімелер желісін республикалық, облыстық басылымдардан және кітап беттерінен көре аламыз, бәрінде де Әлима әнші, ақын ретінде, өзі сүйген жігітіне қосыла алмай, сол замандағы әйел теңсіздігінің құрбаны ретінде бейнеленеді. Ізденіс жасап Әлима ақын бейнесін айқындау жолында сіңірген өлшеусіз еңбектері үшін ағаларға айтар алғысымыз шексіз. Дегенмен, 2004-2007 жылдар аралығында «Өлең авторы басқа адам екен» деген қарсы пікірлер газет бетінде белең алғаны бар. Ол ол ма, 2009 жылы жарық көрген аудандық «Шалқар» энциклопедиясында өлең Арыстан Рахметұлынікі деп жазылды (42-бет). Әрине, бұл іс қай-қайсысымызды да бейжай қалдырмағаны анық. Сабырлықпен қарап, Әлима ақынға байланысты жазылымдарды тереңірек зерттеп, ел ішіндегі үлкендердің сөзіне құлақ түріп, кез келген деректерге зейін қоя үңілуге тырыстық. Өлең авторы басқа адам деушілер алдымызға үш мәселені көлденеңнен қойды десек те болады: Біріншісі – сан жылдар бойы ел аузында «Әлиманың әні» болып келген ән мәтінінің кенеттен Арыстан жырауға телінуі. Мұны анықтау үшін Арыстан жыраудың халық арасындағы өлеңдеріндегі сөз саптау мәтіні мен Әлима өлеңдерін салыстырғанымызда ұқсастық таба алмадық. Арыстанның руы Қабақтың Бөгенбай аталығынан Қаршыға жырауға айтқаны: Менің атым Арыстан, Шығады даусым алыстан. Жас еңкейіп қалғанмен Қалғаным жоқ шабыстан, – деген жауабы мен қызы Жұмажанға арнап шығарған жырын оқиық: Айналайын, Жұмажан, Сымбатты сұлу құрағым. Төгілген қолаң шашың бар, Иығыңнан құлаған. Мөлдіреген көзің бар, Бұлақтай шыққан тұмадан. Домаланған басың бар, Мін таппайды сынаған. Жүзің жарқын алтыннан, Келісті келген бар тұлғаң. Алласы берген аяулым, Өзіңдей болсын бір адам. Тағы да бір төрт шумақ өлеңін оқып, ешқандай жақындық байқамадық. Арыстан – айтыс ақыны, оған ешқандай күмәніміз жоқ, өлеңдері болса топтастырып, жүйе-жүйеге келтіріп, әлде де зерттелуді қажет ететін ақын. Ал Әлимаға келсек: Еліме жете алмадым қашқанменен, Құс болып ұшар едім аспанменен, Ойыма үш қайнаса кірмеген ед, «Баласын осылайша тастар» деген. Ауылым Қызылжардың жағасында, Дұшпанның қалып жүрмін табасына, Тілекті қыз сұраған құдай беріп, Шалқардың барар ма екем қаласына (1970 жыл, Т.Шойғарин). Бұл жерде Әлиманың туған жерге деген шексіз сағынышы, жастық шағы, назы жатыр. Ақын өлеңін өзгеге телу Әлиманың бүкіл жан дү­ниесін алғанмен бірдей емес пе? Ол – бір. Екін­шіден, «Ер адам әйел образына кіре ала ма?» деген сұрақ өздігінен сұранады. Әрине, жоқ! Екінші мәселе, зерттеушілердің: «Әлиманың әні» тек Шалқар өңірінде айтылады, Қоңырат елінде мүлдем айтылған жоқ» деуі күмән тудырады. Жоғарыда баяндалғандай 1970 жылы Қоңырат елінен келген ақын апамыздың өлеңдер жинағы бірден-бір қарсы дәлел. Сол кездегі Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газеті редакторының орынбасары, марқұм Тілеужан Шойғарин ағамыздың өз қолын қойып, мөрін басқан құжаты, Қоңыраттағы ел жырауы Емберген қарттың аузынан жазып алған дүниесі дәлел. Екіншіден, марқұм Амантай Шотов ағамыздың «Ақтөбе» газетінде 2005 жылдың 25 қаңтарында жарық көрген мақаласының мына бір жолдарына толығырақ тоқталғанды жөн көремін: «Мен 1954 жылы Ташкент мемлекеттік қаржы-экономикалық институтына оқуға түскенімде Қарақалпақстанның балаларымен бірге оқыдым, солардың көбі «Әлиманың әні» деп осы әнді айтатын еді. Әсіресе Тілеубай ­Абдоллаев, Шабай Тілеубаев, Орынбай Тілегенов, Емберген Жаңабаев, Жаңабай Қалымбетов нақышына келтіріп орындайтын, кейде маған: «Жақын апаң болса әнін неге білмейсің?» деп қалжыңдайтын. Алла разы болсын демекпіз. Үшінші мәселе, Әлима Қоңырат жеріне келін болып түсіп, алайда жаңа жағдайға көндіге алмай ішқұса болып, ауруға шалдығып қайтыс болды деседі. Қызының қайғысы қабырғасына батқан Қабыл байдың өтінішімен өлеңді Арыстан жырау шығарған екен дей келе, еңбегіне бір үйір жылқы бергенін де айта кетеді. Бұл әңгімелердің негізі жоқ. Жақында Шалқар ауданындағы Бегежан Сүлейменов атындағы орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Сәлима Ермекбайқызының 2000 жылдардың бас жағында жазып алған бейнетаспасына қолымыз жетті. Бейнекөріністегі 1923 жылы дүниеге келген Қабыл байдың шөбересі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әпу Бисенұлы мен ­зайыбы Сағия Аманжолқызының (марқұмдар) Әлима апасының тағдырын баяндаған тамаша әңгімесіне куә болдық. Бұлар Бисеннің 1938 жылы қаңтар айында «байдың баласы» деген желеумен айдалып кеткенін баяндайды, «Содан хабар жоқ» дейді. Әпу: «14-15 жас шамасындағы баламын, жалаңаяқ, жалаңбас қаңғырып жүргенімде Көптілеу деген нағашым, руы Қаражон Табын мені тауып алып, Арал арқылы кемемен екі тәулік жол жүріп, Қоңыратқа алып келді. Сол жолы нағашымды армияға шақырған екен. Содан аудан орталығы Шермойнақтан Әлима апамды іздеп тауып алдық. Бойшаң, аққұбаша, көкшіл көзді, 70 жасқа келген кемпір екен... Көрісіп жылады. Жездем ­Ниязбек те ірі денелі адам, руы – Кішкене Шектіде Татран – Күлік. Бөгенбай, Сәлік деген екі баласы бар. Бөгенбай бөлек үйде тұрады. Үйінде болғанмын, тауық сойып берді, бекіренің дәмін де сол жақта көрдім, кәсіптері бекіре аулау екен» дейді. Тағы да: «Мен бір айдай апамның ауылында жаттым. Қыркүйек, қазан айларының бірі болуы керек. Әңгімелестік, өлең туралы сұрағанымда: «Қарағым, өлеңнің уақыты болды ғой, үндеме, неғыласың» деді апам.Ол кісінің барған жұрты да нар айдаған бай жер. Ат орнына аруана күлік атан мінеді екен. Біраз күндер демалған соң артынып-тартынып, соңғы бір кемеге отырып, елге қайттым. Апам шығарып салды. Мен 1942 жылы соғысқа түстім. Әлима апамды соңғы рет көргенім сол екен» дейді. Осы бейнетаспадағы Сәлима Ермекбайқы­зы­ның: «Әлима апаның екі баласынан қалған тұқым бар ма?» деген сұрағына, Сағия апа: «Оны білмедік, Бөгенбай өлді деп хат келді ғой» деп жауап берген. Әпу ақсақал сөз арасында Әлима апасының 1885 жылы ұзатылғанын да айта кеткен. Әрине, бұл бейнетаспа – ақын Әлима Қабылқызының жарқын бейнесін айқындау жолында табыл­ған баға жетпес құнды дүние. Бағалы деректер міндетті түрде өлкетану мұражайына тапсы­ры­ла­тынын айта кеткіміз келеді. Ал зейнеткер Сәлима Ермекбайқызына айтар алғысымыз ерекше. Шынында, әлі ашылмаған сырлар көп. Осындай сәттерде Ұлықұм, Шалқар өңірінің киелі топырағын талай-талай марқасқа мықтылар басты-ау деген ой еріксіз мазалайды. Құлашын кеңге жайған, ғасырлар куәсі кең далаға кенеттен тіл біте қалса, тарихымыздың көптеген шындықтары ашылар еді-ау, шіркін... Болашақта ақын апамыздың өлеңдерінің жинағы да кітап болып шығар. Ол, әрине, ертеңгі күннің еншісінде. Туғанына 150 жыл толуы қарсаңында ақын Әлима Қабылқызының өмірі бәрімізді, әсіресе туған өңірі Ақтөбенің зиялы қауым өкілдерін ойландырса нұр үстіне нұр.

Мұздыбай СӘҢКІБАЕВ, өлкетанушы АҚТӨБЕ

2207 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз