Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 21 Ақпан, 2019

«7-20-25» бағдарламасының іске асуы қалай?

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Жолдауындағы «7-20-25» бағдарламасының іске асуы қалай жүргізіліп жатыр?» деген сауалды  «Баспана» ипотекалық ұйымы Сыртқы байланыстар департаменті директорының орынбасары Айбар Олжаевқа қойып, қарапайым халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап іздеген едік.

– Айбар Қайнарұлы, Елбасы Жолдау­ларында әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынып, халықты сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қам­туды тапсырды. Десе де, еліміздің ірі қала­ларындағы өзекті мәселеге айналған баспана жайы толық шешілер емес. Бұл тұрғыда «Баспана» ипотекалық ұйымы қандай жұмыс атқарып жатыр? – «Баспана» ипотекалық ұйымы, өзіңіз білесіз, Ұлттық банктің еншілес ұйымы. «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру үшін құрылған. Біздің басты мақсатымыз банк «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сай ипотекалық несие беретін болса, сол несиені сатып аламыз. Облигацияға шығару арқылы қор нарығынан қаржы тартып, ол қаржыны банктен ипо­текалық несиені сатып алуға жұм­саймыз. Осылайша, алдағы бес жылда бір триллион теңге көлемінде ипотекалық несие беруді – сатып алуды жоспарлап отырмыз. «7-20-25» бағдарламасы арқылы жаңадан салынған үйді ғана несиеге ала аласыз. Осы бағдарлама аясында былтыр қыркүйек айынан бастап азаматтарға қолайлы болуы үшін «Баспана хит» іске қосылды. «Баспана хит» арқылы қолданыста болған үйді де несиелеуге мүмкіндік бар. Аталған екі бағдарламаға сегіз банк ипотекалық несие береді. «Баспана хит» бағдарламасына халықтың сұранысы жоғары. Жұмыс істеп келе жатқан үш айдың ішін­де 5,5 млрд теңгеге несие беріліп, 653 адам баспана алды. Шартына тоқтала ­кетсек, бағдарламада алғашқы жарна 20 пайыз­дан бастап, мерзімі 15 жылға дейін және жылдық ставкасы Ұлттық банктің базалық ставкасына сәйкестендірілген. Базалық ставка + 1,75 пайыз. Демек, қазіргі ставкасы – 11 пайыз. Ол өзгеріп отырады. Егер Ұлттық банктің базалық ставкасы түссе ол да түседі, көтерілсе ол да көтеріледі. – Сіздің ойыңызша, қалтасы жұқа адамдарға қайсысы тиімді? – Егер сіз жаңа үй алғыңыз келетін болса, ол үйдің бағасы сіздің қалтаңызға сай келсе «7-20-25» бағдарламасы тиімді. Себебі оның ставкасы төмен. Мысалы, қазір «Баспана хиттің» ставкасы – 11 пайыз, «7-20-25» бағдарламасының ставкасы – 7 пайыз. Мерзімі де 25 жылға дейін ұзартылған. Егер төлем қабілетіңіз сәл жетпей жатса ең ұзартылған мерзімге 25 жылға алсаңыз болады. «Баспана хиттің» ең ұзақ мерзімі – 15 жыл. Демек, «7-20-25» бағдарламасы бойынша сіздің ай сайынғы төлеміңіз арзан шығады. «Баспана хит» несімен тиімді? Егер сіздің атыңызда үй болса «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмайсыз. Ол жердегі шарт бойынша Сіздің атыңызда үй болмауы керек. Ал «Баспана хит» бағдарламасына сіздің атыңызда үй болса да қатыса аласыз. Кейде жаңа үй алғыңыз келгенімен, оны алуға мүм­кіндігіңіз жете бермейді. Әрі атыңызда ескі үйіңіз бар. Мұндай кезде көмекке «Баспана хит» бағдарламасы келеді. – «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы жайында не айтасыз? Қанша өтініш түсті? Оның барлығы қанағат­тан­дырылды ма? Қай өңірде сұраныс жоғары? – Биыл 17 қаңтардағы мәлімет бойын­ша есептесек, 7370 өтініш түсіп, оның 4344-і мақұлданды. Өтініш беру­ші­­лердің 17 пайызының өтініші қанағат­тан­дырылмады. Оған арнайы сараптама жүргіздік. Алғашқылары бағдар­лама талабына сай келмейді, кейбірінің басқа үйі бар. Ал ең басты себебі – төлем қабілетінің төмендігі, айлы­ғы­ның аздығы. Мұндай несиені банк мақұлдамайды. Қай өңірде сұраныс жоғары деген сауалыңызға келсек, ең бірінші орында Астана қаласы, 1520 несие мақұлданды, бұл жалпы мақұлданған үлестің 35 пайы­зына тең. Екінші орында Алматы қаласы, 1003 несие мақұлданды. Үшінші орында Маңғыстау облысы, әсіресе Ақтау қаласында өте жақсы өсім бар. 256 несие мақұлданды. Бұған жетеғабыл өңірдің бірі Шығыс Қазақстан облысы, Семей мен Өскемен қалаларын айтуға болады. 255 несие мақұлданған. Алғашқы бестікке 228 несие мақұлданған Ақмола облысы да кіреді. – Көпшілік бағаның өсуі салдарынан берілетін пәтердің шаршы метрі қымбаттап, тұрғын үйді салу, пайдалануға беру тоқтап қалмай ма деп алаңдайды. Бұған не дейсіз? – Статистиканы қарасаңыз, елімізде пайдалануға беріліп жатқан үйдің ­шаршы метрі, көлемі жыл сайын артып ке­леді. Мәселен, былтыр елімізде 11 млн шаршы метрден астам тұрғын үй берілді. Биыл тағы бір миллионға өседі деген жос­пар бар. Демек, 12 миллионнан артық болады. Бұл авторлық рекорд. Сауалыңызды нақтылай кетсем, «7-20-25» бағдарламасы мерзімсіз бағдарлама. Сондықтан тоқтап қалады деп қауіптенудің жөні жоқ. Индикатор деген болады. Оны болжамдық көрсеткіш дейміз. Бес жылдың ішінде бір триллион теңгеге дейін ипотекалық несие беру жоспарланған. Бірақ бұл бес жылдан кейін тоқтап қалады деген сөз емес. Бұл тоқтау мерзімі жоқ, мер­зімсіз бағдарлама болғандықтан ары қарай айналып жүре береді. Мысалы, бір триллион теңгеге ипотекалық несие берілгеннен кейін, келесі бес жылға арналған бағдарлама өз жұмысын жалғайды. – Тапқан-таянғаны күнделікті нәпа­қасынан аспайтын, жалдамалы пәтерде тұратын, қалада тіркеуі жоқ азаматтың депозитке құятын теңгесі қайдан болсын. Қарапайым халыққа тұрғын үйдің алғаш­қы 20 пайызын жинау, сіздіңше, қаншалықты қолжетімді? – Қазіргі алып жатқан несиенің статистикасына сәйкес жауап берейін. Өзіңіз білесіз, қазір тегін үй жоқ. Ең құрығанда оның 20 пайызын жинау міндеті тұр. Үй алуға талпынған адам үйді тегін алмайтынын біліп, қандай да бір тірлік істеуге, алғашқы жарнаны жинауға кіріседі. Сондықтан бізде азаматтар үйдің 20 пайызын жинай алады деген сенім бар. Былай қарасаңыз, үйі жоқ адам ол ақшаны жалға төлеп тұрады. Жалға төлегенше өзінің үйін алған дұрыс. Тұрғындардың көпшілігі мұны түсініп, бұрын жинаған депозиті болса оны біріктіріп, пәтер алуға үміттеніп жатыр. Демек, бұл азаматтардың мүмкіндігі бар. Ал мүмкіндігі болмай, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың қатарына кіретін болса, оған мемлекет те көмек­теседі. Мәселен, әкімдік арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйді сатып алмай, жалға алып тұруға да болады. – Алатын пәтерінің алғашқы 20 пайызын жинаса, кез келген уақытта баспаналы болуға мүмкіндік бар ма? Әлде өтініш қабылдап, алдын ала тізім жасала ма? – Алдын ала өтініш қабылдап, тізім жасау деген жоқ. Өзіне ұнаған пәтерінің алғашқы 20 пайызы жиналған кезде банкке барып, өтініш береді. Банк сізбен келісімшарт жасап, ол үйді сіздің атыңызға аударады. Сіз ай сайын төлеп отырасыз. Алғашқы жарна – 20, жылдық ставка – 7 пайыз. Бұл Ұлттық банктің базалық ставкасынан төмен, сондықтан бұдан арзан ипотека Қазақстанда жоқ. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау мен Шымкент қалаларында үйдің бағасы «7-20-25» бағдарламасына сәйкес 25 ­миллион теңгеден, өзге өңірлерде 15 миллион теңгеден аспауы керек. – Алғашқы жарнаны жинап, пәтер алу бақытына ие болды делік. Уақыт өте келе ай сайынғы төленетін қаржыны төлей алмаған жағдайда не істейді? – Ипотекаға үйді кез келген уақытқа рәсімдей алады. Оның жеңілдетілен шарты 25 жылға дейін созылған. Жылдық ставкасы 7 пайыз екенін жоғарыда айттық. Бүкіл жеңілдік осының ішіне кіреді. Алда-жалда несиені төлей алмай қалған жағдайда ол банктен кепіл ретінде алынған дүние болғандықтан банк ол азаматты өзіне шақырып, несиені қайтадан қаржы­ландыру, біраз уақыт демалыс беру, т.б. қарастырылады. Одан әрі төлей алмаса, пәтер банк меншігіне өтіп, банк оны аукционға шығарып сатып, ипотеканы төлеген азаматқа айырмашылығын қайта­рып береді. Кепілді аукционға шы­ғару құқығы банкте болады. Мұның бар­лығы о баста келісімшартта жасалады. – Көпшілікті толғандыратын сауалдың бірі – жекешеленген жатақхана мәселесі. Атында жекешеленген жатақханасы бар азамат «7-20-25» бағдарламасына қатыса ала ма? – Сіздің атыңызда рәсімделген жатақхананың көлемі 15 шаршы метрден аспауы тиіс. Егер пайдаланатын көлемі 15 шаршы метрден асып кетсе, азамат ол бағдарламаға қатыса алмайды.

Сұхбаттасқан  Бағдагүл Балаубаева

1508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз