Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 20 Наурыз, 2019

Зейнеп АХМЕТОВА, Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ келіні: «АНА ЗАҢЫН» ескерусіз қалдырып келеміз...

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының қар­саңында Бауыржан Момышұлының шаңы­­ра­­­ғында болып, батырдың келіні, ұлт­тық салт-дәстүрдің жанашыры Зейнеп АХМЕТОВАМЕН сұхбаттасып қайттық.

– Ұлттық салт-дәстүр тақырыбы­на қалам тербеп жүрсіз. Әңгімемізді Ұлыстың Ұлы күнi саналатын Наурыз мейрамы жайында бастасақ. Бұл ме­рекенің қазақ халқы үшін мән-маңызы қандай? – Ұлыстың ұлы күні Наурыз – қазақ халқының маңдайындағы бірден-бір ұлттық мерекесі. Ол дінмен немесе халықтың өмірінде кездесетін әртүрлі жағдайлармен байланысты емес, таза табиғат мерекесі. Өйткені 21-інен 22-сіне қараған түні аспаннан Үр түседі. Сол кезде күн мен түн, ыстық пен суық, қыс пен жаз, жақсылық пен жамандық – онсыз да қос-қостан жүретін табиғаттың бүкіл қозғалыстары теңеледі. Аспан денелері бір нүктенің бойына келеді. Халқымыз басынан көшпелі өмір дәуірін өткізгенін білеміз. Ал көшпелі халықтың өміріне қажетті бірден-бір байлығы мал болатын. Сол малын қыстан жұтатпай, ит-құсқа жегізбей, жұтқа ұрындырмай алып шығу оңай тірлік емес. Сондықтан күннің көзі жылт етіп шығып, жер бусанғанда арқалары кеңіп, ауызы аққа жетуі – шынында да нағыз мереке. Оның үстіне әркім өз қыстауында болып қыс бойы бір-бірімен араласа алмай қалған адамдар бір-бірімен қауышып, біріне бірі дәм татқызып, мәре-сәре болатын күн. – Наурыз мейрамына қалай дайындалу керек? Орындалатын салт-дәстүрлер жайында айтып өтсеңiз? – Наурызға дайындықты тазалық жасаудан бастайды. Ең алдымен қора-қопсыны, үйдің ішін кір зат қалдырмай, жуып-тазалайды. Үлкендер сақал-мұрттарын басып, апалар орамал-шаршыларын нілге салып, аппақ қылып ағартып, балаларын жуып-тазалап, кекілдерін қиып, айдарларын жөндеп, үлкен дайындық басталып кетеді. Тазалық жүргізіп болған соң үйдің айналасын, қора-қопсыны адыраспанмен аластайды. Адыраспан – залалсыздандыратын өте қасиетті шөп. Содан кейін Қыдыр түнін, кей өңірлерде Қызыр түні деп жатады, күзетеді. Апалар көжелерін бықтырады. Қариялар жиналып, өткен-кеткеннен әңгіме айтып, шежіре тарқатып, өмірден өткен адамдарды еске түсіріп, дұға бағыштайды. Ал жастар үшін бұл ерекше түн. Жігіттер қыздарға «Селт еткізер» деп айна-тарақ, әтір, иіс май, сақина, жүзік, жібек орамал сияқты сыйлық ұсынады. Сол арқылы айта алмай жүрген жүрек сырын, ішкі сезімін білдіретін болған. Ал қыздар: «Сен мені селт еткіздің, енді өзің ұйықтап қалып жүрме» деп, жігіттерге «Ұйқыашар» дайындап береді. Ол ақ қосылған тамақ. Құрамында ақ болуы керек. Тіпті жас жұбайлар да бір-біріне соны тарту етіп жатады. Одан бөлек келіндер жағы ата-әжелерге «Белкөтерер» дейтін дәм әзірлеп, үлкендердің батасын алған. Наурыз кезінде үлкеннен бата алу үлкен салт болған. Бұл түнде шамды өшірмейді. Өйткені Қыдыр баба аралап жүреді. Жарығы сөнбей тұрған үйге Қызыр бабаның назары түседі деп айтады екен. Сондықтан түнімен түн күзетеді. Бұрындары жеті ыдысқа бұлақтың таза суын, тары, арпа, бидай, жүгері дегендей, әркім қолында бар дәндерден салып қояды екен. Бұл «Көктен жаудырсын, жерден өндірсін» деген ниеттен туған. Ертеңгілікте күн шығып келе жатқанда үлкендер бізді далаға алып шығатын. Жаңадан шығып келе жатқан Наурыздың бірінші күнінің сәулесі маңдайына түссе, ауру-сырқаудан, тіл-көзден аман болады дейді екен. Содан кейін қыс бойы наурызда көрсетеміз деп, қыз-келіншектер тұскиіз, сырмақ, төсекжапқыш секілді үйге қажетті ұлттық бұйымдарды тігетін. Наурыз күні соны іліп тастайтын. Әжелер кәдімгі әділқазылар сияқты аралап жүріп баға береді. Қарап тұрсаң, бұл бір жағынан қыз-келіндердің қолының шеберлігін асыру болса, екінші жағынан ұлттық өнерді дамыту екен. Наурызда адамдар жайшылық­тағыдай «Сәлеметсіз бе?», «Ассалаума­ғалейкүм» деп емес, бірден бірін-бірі құшақтап, «Ұлыс оң болсын! Қайда барса жол болсын!»деп, төс қағыстырып көріседі. Адамдар арасында реніш, көңілінде жүрген қыжыл, өкпе-наз болса, соның барлығы Наурыз күні құшақтасу арқылы жойылып кетеді. Наурыз күні ешкім оңаша кетіп, өздігінен көже ішіп, араламайды. Ауылдың ақсақалдары бастап, жастар ілесіп жүреді. Сосын бұл мейрамда жоқ-жітіктерге көмектесу керек. Тіпті қу тізесін құшақтап жүрген саяқ бас­ты жігіттердің үйленуіне көп болып, қалыңын беріп, көмектесіп жібереді екен. Аналарымыз «Ұзынсары келгенде ашамын» деп қарындағы майын, жентін, қысқы соғымның шеке, жамбас, жілік деген қадірлі мүшелерін міндетті түрде сақтап жүретін. Сосын халық Наурыз көжені бір күнде емес, кезек-кезегімен беретін. Солайша көктемнің нағыз ашөзек, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» кезінде адамдар әр күнде әр үйден нәрлі көже ішіп, сол бір айдан аман-есен өтіп кететін болған. Сол аралықта мал да төлейді, халық уызға жариды. Нау­рыз көже тек қана сүр етке жасалады. Сонда ғана ол дәмді болады, ерекшелігі де сонда. Қазір қойдың жас сорпасына күрішті салып, соны наурыз көже деп жүр. Ол көже емес, кәдімгі күнделікті жасалатын тамақтың бірі ғой. Ал наурыз көжеге су мен тұздан басқа 7 түрлі дәм салынады. Су мен тұзды қосқанда – 9. Оның қатып қалған қалыбы жоқ, бірақ сүр ет пен ақ міндетті түрде қосылады. Ал қалғанын әркім өзінің қолында бар бидай, сұлы, арпа, жүгері, маш, ноқат сияқты дақылдар қосады. Бір ескеретіні, Наурызда құрбан­дық шалып, дін рәсімдері жасалмаған. Жалпы, бұл күні қан шығармайды: құс атпайды, аңға шықпайды, балық ау­ламайды. Өйткені өсетін малға, тір­шілікке зияны тиеді дейді. Тіпті тырнақ алып, бас та жумайды. Оның барлығын мейрамға дейін істейсің. – Бүгiнде елiмiзде бұл мереке өз дәрежесiнде тойланып жүр ме? – Қазір Наурыз даңғазамен көшеге шығып кеткен. Көшеде неше түрлі концерттерді, ойындарды көріп, бірдеңені сатып алып жеп, бір жерден көже ауыз тиіп, «Наурыз өткіздік» деп келеді. Бұл дұрыс емес. Наурыз қай кезде бүкілхалықтық болады? Әр отбасы өзінің үйінде мейрамға байланысты барлық дайындықтарын жасап, көжесін беріп, құрығанда жеті жақын адамына дәм татқызса, міне, сонда ғана нағыз мейрам болады. – Наурыз мейрамына 1927 жылы ресми түрде тыйым салынып, 1988 жылы ғана Алматыда тойланыпты. Осы аралықта қандай әдет-ғұрыптардан қол үзіп қалдық? – Бұл өте үлкен әңгіме. Біз 70 жыл бойы құдайсыз қоғамда өмір сүрдік. Осы кезде бүкіл халықтың салт-дәстүрін феодалдық ой-санаға теліп, құбыжық етіп көрсетуге тырысты. Бірақ қазақ – тамыры өте тереңге кеткен, шайқалса да құлауы қиын көне, текті халық. Сол тегінің мықтылығы болуы керек, салт-дәстүрінің көбін ұстауға тырысты. Айталық, осы Нау­рызды қалада ешкім тойламағанмен, ауылдық жерде бәрібір үзген жоқ. Көже салды... Бірақ тілден айырыла жаздадық. Көптеген дәстүрлер көзден ғайып болды. «Жыртық үйдің де құдайы бар» дегендей, егемендік келгеннен кейін жоғалғанымызды іздеп, өшкенімізді жағуға тырысып, талай салт-дәстүрлерімізді қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Өкінішке қарай, бір кезде ұмытылған нәрсені сол қалпында әдемі мән-мағынасымен келтіре алмай, қисайтып жатқан тұстарымыз да толып жатыр. Қазір жамбасына бұрып, салт шығаратындар көбейген. Мысалы, баланы қырқынан 20 күнде шығару үрдісі белең алыпты. Бұл қайдан шыққан десем, күн мен түнді санайды екен. Бұлай болмайды. Түннің өз міндет-парызы, күннің өз міндет-парызы бар. 40 күн деген жайдан-жай алынбаған. Ол адамның жаратылысымен тікелей байланысты. Бұрыннан келе жатқан, әбден қалыптасқан дүниені қисай­тып, бұзғаннан қазақтың көсегесі көгермейді. Адам қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін белгілі бір моральдық критерийлерге жауап беруі керек. Олар: дін, заң, сол халықтың ұлттық құндылықтары. Бірақ бұлардың әрқайсысы әр елде әртүрлі. Мысалы, көптеген шығыс елдерінде дін басым. Дін заңдарымен жүреді. Ал батыста заң басым. Оларда салт-дәстүр баяғыда құрыған. Дінге де соншалықты сенбейді. Тек заңға бағынады. Сондықтан да заңда жазылмағанның бәрін істей береді. Бірақ заңда да, дінде де «ұят болады» деген жоқ. Ал қазақ баласын «обал болады», «ұят болады» деген сөзбен тәрбиеленген. Қазір біздің сол ұятымыз жұлмаланып жатыр. Батыс келіп жалаңаштады, Шығыс келіп тұмшалады. – Мұның бәрі есік-тереземізден еніп жатқан жаһанданудың салдары емес пе? – Солай. Жанұшырып жеткен жаһандану біз қаласақ та, қаламасақ та, соқпай өтпейді. Бірақ келген нәрсенің бәрін жатсынбай қабылдай берсек, жұтылып кетеміз. «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деген сөз бар. Олай болса, бізге де бір қалқан – ықтырма керек қой. Ол не? Ол – Ана тілің. Қазақ бұл дүниеден татар дәмі таусылып, жаны алқымына келіп, өлім аузында жатқан адамды «Тілден қалды» дейді. Енді ол адам болмайды деген сөз. Ал бүтін бір халық тілден қалса, не болады? Сұмдық қасірет қой. Кеңес өкіметінің кезінде 400-ге жуық ұлт жойылып кеткен. Олар өліп қалған жоқ, тілден айырылды. Өзінің кім екенін білмейтін халге жетті. Ал қазақ басынан небір зұлмат замандарды өткерсе де, жер бетінен жойылып кетпей, өртеңге шыққандай болып қайтадан өсіп-өніп, ес жиып, етегін жауып келе жатыр. Дегенмен, осылай қолымыз ауызымызға жетіп, көк байрағымызды желбіретіп отырған кезде барымыздан айырылу топастық па, әлде әсіре еліктеушілік пе? Мың жерден ағылшынша, орысша сайрап тұр, бірақ бетіңді, тегіңді қайтесің? Оны өзгерте алмайсың ғой. Сол ағылшындар «Мына қазақ менің тілімді керемет біліп алыпты» деп қолтығына қысып па? Орысша білмейтін бір қазақ жоқ. Ал қай орыс арқаңнан қағыпты? Әлі күнге дейін бодаулық психологиядан арыла алмай отырмыз. Алысқа бармай-ақ қояйын. Атаның атында №131 мектеп бар. Орыс-қазақ мектебі деп саналады. Бұрын қазағы аз, орысы басым болатын. Қазір орыс кластарында екі-үш түйір ғана орыс бар. Қалғанының бәрі – қазақ, бірақ орыс класы бар. Ал соған қандай қажеттілік бар? Енді соны біржола қазақ мектебі қылып жасайтын уақыт баяғыда келді... Тым еліктегішпіз. Бізде көргенін істейтін маймыл мінез бар. Еліктеп жүргендердің көбі ар жағына үңілмейді. Мәдениет, өркениет деп ойлайды. Ал шындап келгенде, өзіңнің мәдениетіңе, өркениетіңе жететіні жоқ. Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» бастамасы – өте жақсы нәрсе. Бірақ бұл осыдан 27 жыл бұрын жасалуы керек еді. – Апа, сол «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының аясында қолға алынып жатқан шаралар мен істеліп жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма? – Жоқ. Талай жерге барып, көріп жүрмін. Тұсаукесерді, бесікке салуды қойылым сияқты көрсетеді де, «Рухани жаңғыру» дейді. Беті жылтыраған екі әншіні шақырса да – «Рухани жаңғыру», ағаш отырғызса да – «Рухани жаңғыру»... Өткенде Денис Теннің тақтасы орнатылды. Сонда алып келген үлкен суреттің шетінде «Рухани жаңғыру» деп жазылып тұрды. Қандай топастық! Ол қайғылы жағдай еді ғой. Денисті еске алуға жиналған едің. Еске алған сиқың сол ма? Неге ойсыз істейді осының барлығын? Тағы бірде Талдықорғанда «Рухани жаңғыруға» байланысты «Аналар кеңесі» өтті. Кеңес Ассамблеяның жанынан құрылғанын естігенде таңғалдым. Сол Ассамблеяның құрамындағы ұлттар бір кезде қазақтың қолтығына тығылып, жандары қалып, өсіп-өнбеп пе еді? Енді келіп қазақтың анасы неге олардың қолтығына барып тығылған? Намыс қайда? «Рухани жаңғыруды» науқанға айналдырып жіберді. Рухани жаңғыру үшін сана жаңғыруы керек. Қаншама жылдан бері айтып жүрмін. Ұлттық қадір-қасиеттен ажырап қалған ұрпаққа балабақшадан бастап халық педагогикасынан сабақ өтілуі керек. Мен оны сонау 91-жылдары жасадым. «Кәусар бұлақ» деп аталатын. Тәжірибе ретінде атаның атындағы мектеп­те өткіздік. Ол кезде қаланы марқұм ­За­ман­бек Нұрқаділов басқа­рып отырған. Соның қолдауымен бізде сабақ беретін мұғалімдерге арнайы ақша бөлінді. Қанша облыстарға барып, дәріс оқыдық. Кейін директор ауысқан соң бұл жоба жабылып қалды. Біз ұрпақ тәрбиесімен мұқият айналысуымыз керек, әйтпесе бәрі кеш болады. Өйткені қазіргі қоғамдық өмірімізге еніп жатқан түрлі құбылыстар ең бірінші жеткіншектердің, бозбалалардың, жастардың санасына соққы беруде. Соған қарсы тұратын күш – ұлттық тәрбие! – Бұрын ата – бала – немере арасындағы байланыс бекем болатын. Ата ұрпағының тәрбиесіне жауапты еді. Қазір неге осы ошақтың үш бұтындай болған ата – бала – немеренің арасы алшақтап барады? – Бұл институттың іргетасын әбден босатып алдық. Өйткені психолог деген «мықтылар» шықты. Бүкіл елді шарлап, дәріс оқып жүр. Тіпті «ата-әжеге бала баққызу зиян» деп те жазды. Әрине, немересін жақсы көрмейтін халық жоқ. Бірақ біздің қазақтыкі басқа. Ата-әжелер тұңғыш немересін өзінің кенжесі ретінде бауырына салады. Себебі баланың ата-анасы кеше ғана үйленген, қалай тәрбиелеуді білмейді. Сол кезде ата-әже көмекке келеді. Олар әке-шешесін ұмыттырмайды, тек тәрбиелейді. Сол ата-әженің бауырында өскен балалар ерте есейеді. Оның сөйлеу мәнері, өмірге көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы мүлде басқа. Қазақтың небір марғасқалары ата мен әженің қолында өскен. Бір жағынан немере баққан үлкен кісілердің жасы да ұзара түседі. Неге десең, «Осы шырағымның ер жеткенін көрсем» деп армандайды. Сосын мектепке барғанын, оқу бітіргенін, тойын көргісі келеді. Сөйтіп, үміт алға сүйрейді. Психологтар ортадан кірікті де, оның бәрін зиян қылып көрсетті. Қазір көптеген ата-әжелер: «Әкесін бақтым, енді өзім үшін өмір сүргім келеді» дейтін болыпты. Үлкеннің беретін тәрбиесі бол­мағандықтан, обал мен ұятты жоғалт­қандықтан да, қатыгез, ойсыз еліктейтін санасыз ұрпақ жетіліп келе жатыр. Ә дегенде бізде ұлттық идеология жасалмады. Марқұм Бақытжанның Ата заң қабылданған күні айтқан бір әңгімесі бар. «Жарайды, Ата заң қабылданды. Оны Қазақстанда тұратын барлық ұлт орындауға міндетті. Өйткені сен осы мемлекеттің нанын жеп, суын ішіп отырсың. Ал енді ата болған жерде, қалай ана болмайды?» дейді. Мен таңғалып: «Ана заң деген не?» десем, «Ана заң – әрбір ұлттың сан ғасыр сарабынан өтіп келген ұлттық құндылықтары» деді. Осы сөз үнемі есіме түседі де тұрады. Шынымен де, ана сүтімен бойға сіңетін «Ана заңы» ескерусіз қалған. Сондықтан неше түрлі имансыздық, тексіздік, қылмыс орын алып жатыр. – Отбасындағы ананың, келіннің рөлі туралы жиі айтып, жазып та жүрсіз. Енді отбасындағы әкенің рөлі туралы айтып беріңізші. Қазіргі ер-азаматтардың келбеті қандай? – Қазір ер-азаматтардың көбі ынжық. Масылдыққа үйренген. Көшеде өзін-өзі жұмысқа жегуге сатып оты­ратындар бар. Былай қарасаң, тепсе темір үзетін азаматтар. Соларға қарап, намысың келеді. Бұрындары ерінің тауып келгенін әйел үйде ұқсатып, ағайын-туған арасындағы ынтымақты сақтап, балаларын шашау шығармай тәрбиелеп отырған. 90-жылдарда бұрынғы қоғамдық құрылыстың бой-бойы қақырап, іргесі сөгіліп, шаңырағы ортасына түскенде ер-азаматтар жұмыссыз қалды. Талайы араққа салынып кетті. Шырылдаған бала-шағасын асырау үшін әйелдер ала қоржынын арқалап, саудаға шықты. Сөйтті де әйел – базаршыл, еркек қазаншыл болды. Содан бірте-бірте еркектер жалқаулыққа үйренді. Бірінші орынға әйелдер шықты. Сауда деген адамның психологиясын өзгертпей қоймайды. «Сен – маған, мен – саған» деген ой қалыптасады. Қаншама әйел сауда жасаймын деп жүріп, отбасын тастап кетті. Міне, сол кезде біз бүтін бір ұрпақты жоғалтып алдық. Сол кездегі ұрпақтан түрлі қылмыскерлер шықты. Себебі оларды көше тәрбиеледі. Қазақ «Әке – асқар тау, ана – бауы­рын­дағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп бекер айтпайды ғой. Кезінде әкеміз дастарқанға отырмай, ешқайсымыз тамаққа қол созбайтынбыз. Ол мәжбүрлеуден емес, солай қанымызға сіңген. Өйткені анамыз әкемізді солай қадірлейтін. Бір жаққа барамын десең, «әкеңе айтайын» дейді, бірдеңе керек десең, «әкеңнен сұрайын» дейді. Сонда анамыз әкемізді бізге асқар тау қылып көрсететін. Негізі ер-азаматтың басын зор ететін де, қор ететін де – әйел. – Бауыржан атаның ең жиі айтқан тағылымды сөздері қандай еді? – Ата бізге: «Қатарыңнан озсаң да, халықтан оза алмайсың. Сондықтан халықтың алдында басыңды иіп жүр», «Халықтың жолымен жүріңдер, адас­пайсыңдар. Халықпен бірге болыңдар, жалғыздық көрмейсіңдер» дейтін. Осы сөзі Шолпан жұлдыз секілді өмірлік бағыт-бағдарымыз болды. Қанша атақ-даңққа кенелсек те, халықтың алдында басымызды иіп келе жатырмыз. «Алдыңда қазулы көр тұрса да, шындықты айтудан тайсалма» дейтін. Менен журналистер қандай атақ-марапаттарым бар екенін сұрап жатады. Ондайдан мені құдай сақтап қалған. Бірақ бүкіл дүние жүзінде ешкімде жоқ атағым бар. Ол – «Момышұлының келіні» деген сөз. – «Шуақты күндер» кітабында «Қарт­тықтың екі елі ажырамайтын бір тірлігі – ой» деп жазасыз. Сізді қандай ой мазалайды? – Қазір халық рухани сусап отыр. Оны Атырау облысына барғанда байқадым. Халық жеңіл күлкі, ыржың-тыржың әңгімеден шаршаған. Әйтпесе, бағасы 10 мыңнан бастап, 70 мыңға дейін тұратын ақылы лекцияларға неге барады? Себебі халықта проблема көп. «Мүмкін, соны тыңдасам, бір септігі тиер» деген үмітпен барады екен. Ал әлгі психологтар әбден қу болып алған. Былай қарасаң, күйеуге тимеген, бала-шағасы жоқ адам отбасы туралы не айта алады? Бұл туралы айтуға оның моралдық құқы да жоқ! Ал алты баласы бар әйел дәріс оқып, балалы болғысы келетіндерді етегінің астынан өткізеді екен. Сонда ол бала туады-мыс. Осыншалық абсурдқа жету деген... Қазір басшылар көпбалалы аналарға көмектеспек болып, жүгіріп жүр. Мен соларға таңғаламын. Қалай көпбалалы аналардың проблемасын бөліп алып, халықтың жағдайын жөндегің келеді? Қарапайым халықтың жағдайы түзел­мей, көпбалалы ананың да жағдайы түзелмейді. – «Күретамыр» әлі аяқталған жоқ деп жаздыңыз. Ендігі кітап не туралы болады? Қай тақырыптарды қамтиды? Қашан шығады? – Мен жазушы емеспін. Жазушы деген Құдайдың берген қарым-қабілетінің арқасында тамшыдан – теңіз, жапырақтан – шынар жасайды. Менде ондай емес: жапырақ па – жапырақ, шынар ма – шынар, сол күйі. Бүкіл кітаптарым – күнделіктерім­нен алынған хикаялар. Тек қана болған оқиғалар. Тағы бір кітап жазып жатырмын. Бұл да біздің өміріміз. Өткен өмір елестері. Көне күнделік беттерінен. Шашырап түскен ойлар. Сосын «Күретамырды» ары қарай жалғастырамын. Ағаңның әзілдері туралы «Әзіліңді сағындық» деген кітабым болды ғой, соны да толықтырып жатырмын. – «Ана тілінің» дәстүрлі сауалы: қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі, мәртебесі туралы не ойлайсыз? – Мың жерден жамандаса да, кеңестік білім жүйесі өте күшті болатын. Жан-жақты білім беретін. Қазір әркімнің тәжірибесін бір алып, балаларды мақауға айналдырып жатырмыз. Балалар ойын жеткізе алмайды. Үлкені-кішісі «ң» әрпін айта алмайды. Сахнада ойнайтын артистеріңнің өзі сондай. Неге? Өйткені мектептегі білім жүйесі нашар, оқулықтар сапасыз. Қазақша оқулықты немереме қайтадан қазақшалап түсіндіруге тура келеді. Бұл жай ғана мектептің проблемасы емес, ұлттық проблема. Ертеңгі күні ойын дұрыстап жеткізе алмайтын адам қалай халқына қызмет етеді, қалай ұрпақ өсіреді? Компьютер жақсы, бірақ ол тек ақпарат береді, білім бермейді. Ұлтты ұлт ететін, өзгелерден оны ерекшелендіріп, жеке атауға ие ететін тек қана – тілі. Кейде біреулер туралы «қазақша жақсы түсінеді, бірақ сөйлей алмайды» дейді. Сөзіңді ит те түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Сонда оның иттен несі артық? Қазір бүкіл қазақты ағылшынша сөйлету міндет сияқты. Керек адам неге өзі оқып алмайды? Онсыз да біз орыстың бодаулығынан, құлдық психологиядан әлі құтыла алмай, ұлттық деңгейге көтеріле алмай отырмыз. Сен өз ұлтыңның қадір-қасиетін білсең, өзге ұлтты да сыйлай аласың. Ал бізде өзінікін басып-жаншып, ағылшынша сөйлесе, сол керемет көрінеді. Өз тілін білмеген наданда толық еркіндік бар деп ойламаймын. Ол – нағыз сорлы адам, құл. Алла тағала осы құлдық психологиядан ажырауға жазсын. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Әсел САРҚЫТ «Ана тілі»

3308 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз