Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Білім & ғылым
  • 27 Қыркүйек, 2019

ҚазҰАУ Студенттер қатарына қабылдау рәсімін өткізді

Қазақ ұлттық аграрлық университеті Алматы қаласындағы «Көктөбе» демалыс кешенінде «Жастар – кемел келешек кепілі» атты дәстүрлі Студенттер қатарына қабылдау салтанатты шарасын өткізді, деп хабарлады ҚазҰАУ Баспасөз қызметі.

Мерекелік шараны ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Есполов Тілектес Исабайұлы құттықтау сөзбен ашып, бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде студенттік билеттің символикалық нышанын тапсырды.

Салтанатты шараға Алматы қаласы әкімдігі, Медеу, Бостандық аудандарының басшылығы, «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» өкілдері, Алматы қаласындағы Ұлттық университеттердің ректорлары, елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, мәдениет пен өнер майталмандары, көптеген ұйымдар мен ақпарат құралдарының өкілдері арнайы келді.

Сонымен қатар ҚазҰАУ әріптестері – Еуропаның 8 жетекші университетінен, Ресейдің 10, Қазақстанның 8 жоғары оқу орындарынан аграрлық сала мамандары қатысты. Атап айтсақ Еуропаның – Польша, Ирландия, Австрия, Голландия, Португалия, Швеция, Словакия, Сербия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан – Тимирязев атындағы Ресей ауылшаруашылық академиясы, Мәскеу геодезия және картография мемлекеттік университеті, Мемлекеттік жерге орналастыру университеті, Саратов мемлекеттік аграрлық университеті, Мәскеу мемлекеттік тағам өндіру университеті, Омбы мемлекеттік техникалық университеті, Сібір федералды университеті, Тула мемлекеттік техникалық университеттерінің білікті ғалымдар студенттер мерекесінің қадірлі қонағы болды.

Аталған шараға Тараз мемлекеттік университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы мемлекеттік агротехникалық университет, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Жәңгір-хан атындағы Батыс Қазақстан университеті, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті сынды қазақстандық жоғары оқу орындарынан да қонақтар қатысты.

Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик:

– Қазақ ұлттық аграрлық университеті Студенттер қатарына қабылдау рәсімін үш жылдан бері Көктөбеде өткізуді жақсы дәстүрге айналдырып келеді.

Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастар – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңгі тірегі.Солдықтан, бұл ең алдымен білім алушы жастарға ерекше серпін беру, олардың патриоттық рухын көтеру, бірлік пен достыққа шақыратын салтанатты мереке. Алматы – білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің, арманшыл жастардың қаласы. Сондықтан Көктөбе кешеніндегі бүгінгі салтанатты шарамыз Сіздердің естеріңізде мәңгі қалады деп есептеймін.

Қазіргі уақытта 90 жылдық терең тарихы бар университет еліміздегі аграрлық білім мен ғылымның инновациялық ошағына айналды. Ұлттық бағыттағы тәрбие мен озық білімді ұштастыра отырып біз әлемдік стандарттарға сай өзіндік даму моделімізді қалыптастырып келеміз.

Біздің мақсатымыз – студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, оларға рухани тәрбие беріп, Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын азамат етіп тәрбиелеу. Үлкен өмірге жолдама алып отырған бүгінгі жастарымыз ел болашағына қызмет ететін білікті маман болып шығатынына кәміл сенемін.

Салтанаты шарада өнерпаз студенттердің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мазмұнды концерттік бағдарламамен көмкерілген мерекелік шарада университет жанынан құрылған «Гүлбану» би ансамблі, Ұлт аспаптар оркестрі, «Эстрада» үйірмесінің және әскери кафедраның талантты студент жастарының өнерііне жианлған көпшілік тәнті болды.

Университетке биылғы оқу жылына бакалавриат бойынша 2,5 мың талапкер қабылданды. Оқуға түскен талапкерлер арасында; 64 – «Алтын белгі», 57– үздік аттестат, 30 – үздік диплом иелері мен, 56 – шетел азаматтары бар. Олар: Қытай, Түркия, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан тағы басқа елдердің азаматтары бар. Бұл – ҚазҰАУ-ға деген зор сенімнің уақыт өткен сайын артып келе жатқандығын айқын көрінісі.

Бүгінгі күні университет QS рейтингінде 651-орынға көтеріліп, топ-500 университеттер қатарына қосылды. Алдағы мақсат – 2023 жылы QS-300 рейтингісіне еніп, әлемдік деңгейдегі университет дәрежесіне ие болу.

 

1166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз