ЖЫРАУЛАР ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТЫҚ ИДЕЯ

665

Қазақ идеясының қалыптасуын қазақ хандығы құрылған дәуірмен ұштастырсақ, алдымен ұлттың қалыптасып, оның мүддесінің дамуына негіз болған қазақ жырауларының ой толғамдарына тоқталу қажет. Жыраулар руханиятындағы идеялар, елдің болашағына сын көзбен қарап және ұлт қажеттіктерін саралау негізінде туындап отырған көзқарастар, қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымдық негіздерін анықтай түсетін тұлғалар феноменінің мәдени жүйесінің жарыққа шығуына негіз болмақ. Ата мекен болмысын жан-жақты зерделеп, әлеумет тұрмысын жақсарту мақсатында, тарихтағы ел өмірінің дәстүрлі тәжірибесіне сай шаруашылық түрлерін дамыту қазақ хандарының міндетіне жүктелген елдіктің бірі болып саналса, бұл идеяның келер ұрпақ буыннан одан әрі жалғасын табуына негіз болып отыратын жыраулардың даналығы. 

Жыраулардың руханиятында ел мүддесінің болашақ тағдыры тұрғысында көтерілген идеялар ел мен ата мекеннің, аға ұрпақ буынның рухани бейнесін тарихи тұрғыда анықтап отыратын шындық. «Қазақтың – деп жазады Х. Досмұхамедов, — жеке өмірінің барлық сәттері – туғаннан бастап өмірден озғанға дейін, сондай-ақ тұтас халықтың немесе жеке рудың қоғамдық өміріндегі барлық оқиғалар халық әдебиетінде жырланады» [1. 15 б]. Дүниетаным шексіз, шекарасы жоқ рухани әлем. Адам бар жерде дүниені тану, қабылдау, сезіну бар. Ал, ұлт бар жерде дүниені тану мен қатар игеру, яғни дүниетанымдық құндылықтардың өмір сүрері анық. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақ жыраулары ұлт болмысының тағдырына сын көзбен қарауда оның ұлттық рух пен үндескен тарихи-әлеуметтік кеңістігін өздерінің рухани кітапханаларында сақтап қалған. Сонымен қатар жырауларымыздың философиясының мазмұнын зерделеген сайын, сол дәуірде ел, жеке адам, жер тағдыры үшін қоғам шындығы тұрғысында ойланған зиялы адам бейнесі де көз алдымызға келіп отырады. Әрине тарихымызда тұлға феноменінің тарихи шындығын, қалыптасу ерекшелігін анықтайтын дерек көп. Жырау феномені арқылы дүниетанымдық өрісін кеңейтіп, рухани тереңдігін сақтап келген қазақ философиясының болмыс бітімі де байыппен қараған адамға күрделі құбылыс ақиқатын танытары сөзсіз. Бұның ішінде көзге бірінші көрінетін нәрсе «ұлттық рух», «ұлттық идея», «ұлттық мүдде», «ұлттық зиялылық» ұғымдарының бірінің мәнін бірі толықтырып және адам болмысының рухани ерекшеліктерін зерттеуде үлкен тарихи тәжірибе мен білім көзіне айналып отыратындығы. Еліміздің өткен жолында бойына біткен бар рухани мүмкіндігін ұлттық мүддеге қызмет ету үшін шыңдаған даналардың «Қазақ идеясы» бағытында дүниеге келген идеяларының дербес рухы жөнінде алаш ғалымдары өз зерттеулерінде былай деп жазады: «Халық әдебиетін тудырушы және сақтаушы қазақ халқының өзі болғанымен, халық творчествосын жарқыратып көрсетушілер: өлеңшілер, халықтың суырып салма ақындар және халық билері.

Шешендік пен өз ойын ырғақ әуенмен жеткізу қабілеті, күллі қазақ халқына тән қасиет, бұл тұрғыдан әсіресе өлеңші, ақын халық билері ерекше көзге түседі. Қалың бұқара арасынан шыққан олар – халық әдебиетінің мән-мазмұны мен тіл тазалығын сырттан келетін жат әсерлерден қорғаушылар, әрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қазақ халық әдебиетін сақтаушылар» [1. 32 б]. Жыраулықтың мәдени дәстүрі, рухани адамның ақындығы мен сауаттылығында, сезімталдығы мен зерделілігінде, терең пайымдаушылығы мен нақты кісілік шешім қабылдауға дайын келетін табандылығында және ел болмысының мән жайын терең ұғынып, рухани тәжірибесін ұлттық рухтың интеллектуалдық қуатына айналдырып отыуында. Яғни жырау әр бір ұлт мүшесі жеке адамның ұлттық табиғатын, ұлттық көзқарасын қалыптастырып, ұлттық ойлауының өрісін кеңейтетін ана тілдің, ұлттық ділдің, ата баба дінінің, ата баба дәстүрінің қамқоршысы.

Қоғамның рухани жағынан жетілуінің негізі ұлттық мүддеге қызмет етіп отыратын ұлттық идея деп пайымдасақ, қазақ жырауларының «қазақ идеясына» өз үлесін қосуда, адамзат мәдениетінің дамуында тарих пен қоғам кеңістігіндегі құндылықтар бағдарын жүйелеп, жаңа ұрпақ буынның игілігіне икемдеп отыратын тұлғалықтың тағы бір ерекше құбылысын атап өту қажет. Ол халықтың жан дүниесін, рухын даналығы арқылы жетілдіруді көздеген қазақ жырауларының ақиқатқа адал, шындыққа еркіндігі. Қазақ ұғымында турашыл білікті және кез-келген білімді адам естінің өсиетін ұғып, яғни елдіктің заңына бағынған адам түсінігінде адамның бәрі шынайылығымен бауыр.

Жыраудың ханға айтқан тура сөзі кім-кімге де зиялы кеңес. Бұл ұлт интеллектуалының қалыптасуының тарихи мысалы. Қай елдің философиясы болмасын, олардың ұлттық идеялық негізде қалыптасуына себеп болған ұлттық поэзия. Даналықтың өзі рухтан туған ой. Жекелеген адамдардың ұлттық өнерінің бойында бар идеялар, халықтың ішінен зиялылардың ел алдына шығуына, елге кәсіби білім бағытында қызмет етуіне жетекші болғандығы көпшілікке аян. Сол сияқты «жыр рухына» кездейсоқ қарау мүмкін емес, әсіресе қазақ елі үшін жыр ұлттық идеяның терең арнасы. Ел мүдесіне, ұрпақ игілігіне ауадай қажет барлық құндылықтарды сақтап, реттеп, бірі өмір сүру үшін бірінің қажеттілігін сақтап, оны тұтастай ұлттық рухтың қуатына айналдырып отырған осы жыраулар дүниесі. Жыр бейнелі ой, білімді сөз, зерделі түсінік, саналы өмір, кісілік қасиеттердің өрісі, тұлғалық көзқарас, сезімталдық, ұлы мақсат, ұлттық мұрат. Осы құндылықтардың танымдық негіздері, құндылықтың бағдары жыраулар даналығының негізгі тақырыбы.

Ұлттық мемлекетті қалыптастыру идеясы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып отыратын нәрсе. Ұлттық мемлекетті қалыптастыру идеясы, ұлттық қажеттіліктердің негізінде туындайтын білім болса, ұлттық идеяның білімін қалыптастыратын нағыз зиялылар. Қазақ жырауларының зиялылығы осы ұлттық идеяның құбылысы мен қалыптасу заңдылықары арқылы тереңдей түспек.

Жыр қазақ хандығы құрылғанға дейінде қазақ топырағында өмір сүрген, ал қазақ хандығы құрылған уақыттан бермен қарай «қазақ идеясы» өзінің өкіліндерін ұлт мәдениетінің сахынасына шығарды. Асанқайғыдан бастап кешегі Қайрат Рысқұлбековтерге дейін жетіп отырған жыраулар идеясының рухы әлі де ұлттық идеямыздың жандануына бағыт бағдар берері сөзсіз. Ол үшін қазақ идеясының тарихи кеңістіктегі таралымын осы жыраулар даналығы арқылы зерделеу қажет.

Өзінің экзистенциалдық идеяларымен «Асан Қайғы» атанған ғұлама, бүгінгі ұрпаққа кісіліктің үлгісін қалдырып отыр. Оның бізге жетіп отырған дүниелері оның ұлттық мемлекетті дамыту жолында «Қазақ идеясын» қалыптастыруға аянбай қызмет еткен тұлға екендігін көрсетеді.

Елдің рухани тұрмысын сақтап қалу оңай іс емес. Асан қайғыдан бастау алған «Қазақ идеясының» дамуындағы жыраулар философиясының феномені ұлттық санамыздың ішінде, олардың елдің қоныстануы жөніндегі идеяларының маңыздылығы арқылы сақталып қала бермек. Олардың ұғымында елді сақтау үшін, жерді дұрыс пайдалана білу қажет. Жер ұрпаққа мұра боп қалу үшін онда елдің қоныстануы қажет және де халықтың шаруашылығы еркін дамуы қажет. Ұлттық қажеттіліктерді жүзеге асыру мәселесіне теориялық жағынан терең мән берген қазақ жырауларының идеялары, дәстүрлі қазақ қоғамының сонау көне түркілерден бері қалыптасқан болмысының бұзылмауына ықпал етті. Тарихтан белгілі жерді, елді қорғау халқыңа адал болу ұрпақтың азаматтылығына тәуелді. Бір елдің өркениеттілігін мойындау үшін де, алдымен сол ел жұртының өркениеттілкке қалай қол жеткізгендігін білу қажет. Демек елдің өркениеттілігі түсінігі, сол қоғамдағы азаматтық мүмкіндік туралы идеяның жүзеге асу деңгейін салмақтай түспек.

Әр адамның қоғамда ұлт өкілі орнында өмір сүруіне бағыт-бағдар беретін өз табиғаты бар. Ол не нәрсе? Жырауларымыздың идеяларына сүйенсек, адам бойындағы тектіліктің болуы үшін интеллектуалдық орта қалыптасуы қажет. «Жалғыз ағаш орман емес, сол секілді жалғыз адамда тегістей елге қорған емес» — деген билер даналығындағы өсиет осы шындықтан қалса керек. Адам зиялылыққа қол жеткізуі үшін, оның алдымен өз рухына қамқор болатын бойындағы қасиеттердің көзін ашуы қажет.

Тарихи — философиялық әдебиеттерде, интеллигенция не істеу қажет? — деген сауалға көбірек көңіл бөлініп жатады. Қазақ жырауларының ұғымында әр адам өзінің кісілік рухына адал болса, өз ісінің зиялысы. Тұлғалық адамнан талап етілетін қасиет. Сол себептен зиялылық адам санасында не істеу керек деген сауалдан емес, бірлікке ұмтылыстан, елдікті ұғынудан, құрметтеуден туындайтын қасиет.

Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа,

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа.

Өлетұғын тай үшін,

Көше тұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Ашу – дұспан, артынан

Түсіп кетсек қайтесің

Түбі терең қуысқа!.. [2. 26 б]. Кейінгі ұрпаққа айтып кеткен Асанқайғы даналығының мазмұны осындай. Бұл жоғарыда айтып отырғанымыздай «Қазақ идеясының» қазақ тұлғаларының тарапынан салмақты зерделеніп, ұлттық болмыстың тұлғалану жолында өз деңгейінде ұстаздық қызмет атқарып, бірнеше ғасырды артқа тастап, бүгінгі бізге терең философиялық дүние ретінде жетіп отыруының бірден бір дерегі.

Жыр да, оның иесі жырау да бір ғасырда қалыптасып, рухы биік шоғыры мен бір уақытта жойылатын зат емес. Жыр ұлттық идеяның өскен үлкен бәйтерегі, ұлттық рухтың қалың орманы. Сол себептен жырдың рухына ұрпақ рухы жақын келсе ол қайтадан күшіне енбек. Бұны не себептен айтып отырмыз? Қазақ жырауларының философиясы олардың ұлттық идея тұрғысындағы даналығы, ұлттық мүдде тұрғысындағы қызметтерінің тарихи кеңістігі негізінде әлі толықтай зерттеліп болған жоқ. Жыраулардың философиясының феноменін ашу-бұл қазақ идеясының тарихи қалыптасу негіздерін жарыққа шығару мен тең. Себебі жырау даналығы — тарихи із.

Ұрпақ ұлттық рухпен неғұрлым жақын тәрбиеленген сайын ол өзінің адамдық бейнесін ішкі рухпен қаруландырмақ. Ұлттың негізгі құндылығы ұрпақ болғандықтан ұлттық идея ұрпақ рухына қызмет етуден алшақ кетпейді. Жырауларымыздың «Ел-Жұрт» идеясының мақсаты ұрпақ санасында қазақтың әлеуметтік өмір этикасы мен эстетикасының болмысын сақтап отыру. Осы бағытта қазақ жырауларының тағы бір бағыттағы ой толғамдары ұлттық мүддеге бағытталды:

Алаң да алаң, алаң жұрт

Ақала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір қоңымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт [2. 29 б]. Ел деніміз ұлттың тамыры қалыптасып, халықтың бірлікте, еркіндікте өмір сүріп жатқан ортасы. Елдің бейнесі бейбіт, тынысы ұлттық кәсіп, рухани өмірі бірлік, елдік қарым-қатынасы. Ел сонынмен қатар ердің ұясы, негізі, тірек ететін негізгі қуаты. Жұрт деген ұғымға келетін болсақ, қазақ халқы өзінің ата мекенін айналып көшіп жүре бермеген, қазақ отырықшы да халық. Оның себебін «жұрт» түсінігінен байқауға болады. Адамның өрісі ел дейтін болсақ, оның дүниеге келіп, өсіп өнген шағы, аяқтанған кезі бұның барлығы елдің рухымен де тығыз байланысты. Ата мекен жердің аумағы тарылып, ел азайған шақта ұлттың жойылмауына оң ықпалын тигізетін нәрсе бұл әрине туған жерге теген түсінік. Қазтуған жыраудың «ел-жұрт» толғауының экзистенциалдық идеяға айналып отырған себебі осында. Яғни «жұрт» елдің, ердің тарихи ізі, санада сақталатын бейне, адамды елдікке бастайтын білім.

Қазақ ұлты жердің қадірін оның құнарымен бағалаған, жердің құнарының адамға берер қуатын философиялық деңгейде пайымдаған. Жыраулар философиясындағы жердің құнары туралы ой толғамдар ұлттық рухты көтерудің мәселесіне де айналған. Осы тұрғыдан келгенде қазақ жыраулары поэзия өнерінің ғана емес, ел тұрымысының болмыс бітімін ғылыми негізде пайымдай білген, ұлт экономикасын жетілдірудің техникасы мен технологиясын жобалаған ғұламар [2. 23 б].

Жырау қазынасы ұлттық құндылық. Оның жан дүниесіне жақын ұлттық рухтың үнін жеткізетін жырау идеясы елдің тұлғалануы үшін жаратылған күш. Ол қарапайым идеядан ұлттық идеяның өзгешелігін айырып отырмақ. Адам баласының рухани қалыптасуының, әлеуметтенілуінің қозғаушы күші – бұл қажеттілік. Сол қажеттіліктерді жүзеге асыру бағытында адам өзінің тәжірибесін қалыптастырады. Сол сияқты жырау ел ішінен қоғам алдына кездейсоқ келетін адам емес, жырауды халыққа ұстаз қылатын оның рухы. Жырау заманалық білімнің иесі. Олардың идеясы ғасырлар бойы халыққа білімнің рухын, ғылымның қызметін түсіндіріп келуде. Сапалы білімге, нағыз ғалымдыққа қол жеткізу үшін адам паймдауды үйренуі қажет. Әр бір жыраудың поэзиясы арқылы ұрпақтың ел тарихын, сол тарихи кеңістіктегі ұлттық интеллигенция өкілдерінің рухани қызметінің бағытын білуі алдымен оның өзін құндылықтарға бағыттайтын нәрсе.

Қазақ идеясы қазақ ұлтының қалыптасуының тарихы, ұлттық болмыстың тұлғалануының мәдени құбылысы, аға ұрпақ буын өкілдерінің тарихи кеңістіктегі рухани қызметінің өнімі. Қысқасын айтсақ біз осы жыраулардың ұлттық идея туралы ұғым арқылы тұтас қазақ әлемінің ішіне енеміз. Өйткені, «өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек [3. 218 б].

Философияда дамудың ішкі заңдылықтардын, әрбір құбылыстың жоғарғы деңгейдегі көрінісін, әр нәрсенің сапасын белгілейтін «мән» ұғымы. Мәнсіз құбылыс жоқ, құбылыс алдымен адам танымында қалатын, өмір сүріп отыратын білім болғандықтан, оның өмір сүруі, яғни құндылығы мән. Мәннің өмір сүруі немесе мәнді ұғыну және мәнге қол жеткізу үшін алдымен нәрсенің өлшемін анықтай білу қажет. Жыраулардың идеясы негізінен әр бір құбылыстың ақиқатын тану үшін, құндылыққа қол жеткізу мақсатында беріліп отырған өлшем.

Кімнің жақсы жаманын

Бір жаратқан хақ білер.

Адамзаттың белгілі

Бұл дүниеден өтері,

Өлгеннен соң белгілі

Тірлік бір жауап бітері.

Бұл айтқан сөз, құрбылар,

Бір күні болар керегі.

Басты бір аяқ қылады

Бір алланың шебері.

Бақытты жігіт қол бастар,

Шешен жігіт дау бастар,

Әлемнен озған ала аяқ

Озып бір кетсе ойқастар – деп айтып кеткен Шал ақынның өсиеті заманнан қалған емес [2. 114 б]. Себебі айтылған ойдың тамыры жырау танымында жатқаны мен, шындығы әр ғасырдың рухани өмірінің болмысымен орайлас келіп отыр. Ой өсиетке, өсиет идеяға, идея шындыққа айналмаса ұлттық рухтағы философияның өмір сүруі мүмкін емес. Жырау идеясы әлеуметтік мәселелерге бағытталуында ғана емес, адамның, халықтың қажеттіктері тұрғысында көтерілген мәселелерге парасат бигінен қарап, әр бір құбылыстың мәнін зерделеп, оның тағдырын терең пайымдап, адамзатқа игілік әкелетін нәрселерді көрсетіп беруінде.

Қазақ идеясының экзистенциалдық мәнін ашатын ұғым бұл көңіл феномені. Көңіл деген өте нәзік, кіршең, обыр келетін, жақсылыққа қарай бағыттасаң адамға рух беретін, ал ойдың көмескі жағына бұрсаң, түсінігіңді, біліміңді тұмшалап тастайтын адам баласының жан әлемінің бір бөлігі. Қазақ идеясы көңілдің интеллектісіне, құбылысына, рухына, қасиетіне аса мән берген. Көңіл азығы, ақыл қазығы деген не нәрсе? — деген сауалға терең жауап іздеген философия осы жыраулар даналығы. Көңілдің, ақылдың негізі-деген Бұқар жырау,- адамның тілеу қорлығында. Адамға жаратылысынан берілген құндылықтар бар. Сол құндылықты өзінің рухани өміріне бағыттау, иеленуі, сол құндылықтар арқылы рухани өмірдің қырына шығуы адам баласының ішкі көңіл рухы арқылы мүмкін болатын нәрселдер. Адамның рухани өмірі теріс пиғылдармен кемелденбейді, көңілдің рухымен рухани өмірдің мағынасы пайда болмақ. Әрине тілектің де түрі көп, жыраулардың ұлттық идея тұрғысында талдап отырған тілегі екі адамның арасындағы этикалық қарым қатынастың белгісі емес, өмірдің мәнін көзбен көріп, ақылмен ұғынған қарияның келешекке деген ізгі көзқарасынан туындайтын кісіліктің бір бейнесі. Қариялық өткенге құрметпен қарайтын, болашаққа үмітпен көзтастап, соған өзінің рухани қасиеттерін тарту еткен адам баласының кемелденген шағы. Қария болу бұл адам баласы үшін үлкен бақыт, кейінгі буын үшін үлкен міндет. Таза ақыл рухтың тұтқасы десек оның ел бойында өмір сүруіне көмектесетін қарияның парасаты. Ғұлама ғалымдарымыз жазып кеткен тарихи деректерге сүйенсек, Бұқар бабамыз тоқсан үш жасында жыр толғаған адам. Халыққа, ханға зиялы кеңесін беру үшін өмір сүрген, әулиелігі бар көзқарасты адам болған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазғандай, «Абылай хан жорыққа аттанбақшы болса, Бұқарекеңді алдырып, «Жұлдызың оң ба» — деп айдың, күннің сәтін сұрайды екен сәде көріп беріңіз дейді екен,

Сары бура келіп, сенің туыңның түбінде тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды десе, сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, шаншып келеді екен. Жоқ. Сары бура келгеннен туыңның түбінде шөгіп, мойнын жерге салбыратып жатып алды десе аттанбайды екен» [4. 114 б]. Тұлғалық рухтың, зиялылықтың сирек кездесетін бұндай түрлерінің өзі кез-келген тарихта бола бермейтіндігі мәлім. Бұқар бабамыздың қазақ жырауларының ішінде өзіне дейін өмір сүрген әулие ғұламалардың руханитын ұғынып, соның ізін жалғастырған, қазақ жырауларының ұлттық идеяларының ұлт мәдениетіндегі ізін даналығы, әулиелігі арқылы ұлы жолға айналдырған, болашаққа қарымды ұлттық идеясын қалдырған руханияты, кісілігі мен өз алдына биік шың. Әулие данамыздың өзі айтып кеткендей:

Өтермеден кетер ме,

Жарлымын деп байғұстар,

Байдың малын күтер ме.

Тайып кетсе табаның,

Шашыңды берсе жетерме.

Аздың да ісі бітер ме,

Көптің де ісі жетер ме,

Көп ішінде бір жалғыз

Сөйлеп те сөзі өтер ме! [2. 86 б]. Ел ішіндегі жаңа өсіпкеле жатқан жас таланттылардың рухы осы жыраулардың рухы арқылы оянбақ. Тоқсан жастың үстінде дана қарияның жыр толғауы, бұндай адамдардың дүниеге кездейсоқ келмейтінін және бекерден бекер ұзақ өмір сүрмейтіндігін дәлелдейді. Қазақтың тарихына куә болған Бұқар данамыздың идеялары, философиясы қазақтың қай баласына болса да рухани өмірдің мағынасыз тұстарынан арашалап алуға негіз болары сөзсіз. Елдің тарихының төріндегі зиялылар арасындағы жарастықтың рухын сақтап, бүгінгі бізге үлгі етіп отырған осы ғұламаларымыздың рухани өмірі. Бұл ұрпақ үшін білімі мол, рухы шексіз дүние.

Әдебиеттер:

1. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (Избранное). — Алматы: Ана тілі. 1998 — 384 б.

2. Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық. / Құрастыр. М. Мағауин, М. Байділдаев. — Алматы: Жазушы, 1989. – Т. 1. – 384 бет.

3. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. 3-том. Аудармалар, ғылыми еңбек, мақалалар. — Алматы: Жазушы, 2003. — 232 бет.

4. Көпеев М. Ж. Екі томдық. 2 т. -Алматы: Ғылым, 1992 -224 б.

Үмбетхан Қуандықұлы Сәрсембин

Философя ғылымдарының кандидаты

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Саяси – әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы