Алаш зиялылары һәм әліпби (тарихи толғам)

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы – филология ғылым­да­рының кандидаты, түркітанушы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында былай деп анықтап жазылған: «…қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек…». Осы жолдарды оқыған кезде менің есіме біраз жағдаяттар түсе берген-ді. Себеп? Себебі, тап осы мәселе қазақ деген халық үшін қай кезде де маңызды мәселе болып келе жатқандығында. Рас, біздің ежелгі тарихымызға тереңінен үңілер болсақ, сөз жоқ, түркі тілінің алатын орны орасан зор, ол Еуразия құрлығындағы аумақта көп уақытқа дейін ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып келгені тарихи шындық. Ал, әліпби мәселесі… бұл да талай тастақты жолдан өтіп келе жатыр. Біздің тап осы тақырыпта ой қозғамақ болып, қолға қалам алу себебіміз де бар.
Осыдан тұп-тура 25 жыл бұрын, онда Алматыда қызмет істеп жүрген кезіміз, қазақ ұлтынан шыққан озық ойлы азамат, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов жайында зерттеу еңбек жазып, ғылыми атақ қорғамаққа (профессор Т.Қожакеевтің ұсынысымен) ниет жасаған едік. Сол жұмыспен шұғылдану үстінде айналып өтуге болмайтын бір тарихи оқиғаға табан тіредік. Ол – Бакуде өткен түркологтардың І – Бүкілодақтық съезі болатын. Дерек тапшы. Қазіргідей интернет арқылы бәрін оп-оңай көз алдыңызға әкеле алмайсыз. Қазақтың ғалым-қайраткерлерінен кімдер қатысты, не туралы айтты – ол жағы көбімізге көмескілеу-тін. Сол тарихи съездің материалдары жеке кітап болып басылғанын, бір данасы Мәскеудегі Ленин атындағы орталық кітапханада сақталғанын білдік. Қалай алдыру керек? Оның да жолы табылды. Тікелей кітапхана басшыларының бірі Л.Игумноваға телефон шалған болатынбыз. «Іздегенге – сұраған» дегендей, ол кісі бірер аптадан соң Алматыға іссапармен келмекке жиналып жатыр екен. Сосын да, жата кеп жабысып, «стенографиялық есеп» кітабының көшірмесі бізге ауадай қажет болып тұрғанын айтқанбыз. Обалы не, елгезек жан болып шықты. Өтінішімізді құп алып, съездің «стенографиялық есебі» жарияланған кітаптың көшірмесін жасатып, өзімен бірге Алматыға ала келген-ді. Керек жерлерін ғана ғылыми еңбекке пайдаландық та, сонымен бұл шаруаны жылы жауып қоя салғанбыз (Айтпақшы, бір дана көшірмесін Алматыдағы Орталық кітапханаға да өткізгенбіз).
Таяуда бір жерден «Бакуде өткен бірінші тюркологтар съезіне – 90 жыл» деген жазуды көзіміз шалып қалған. Бәрі есімізге түсті. Дереу «стенографиялық есеп» кітабын іздедім. Архивімде бар екен.Сол қалпы сақталып жатыпты. Демалыс күні бас алмай, түп-түгел қайталап оқып шықтым. Бұл, енді, үлкен тарих! Қайта-қайта айналып соғатын соқталы тарих! Съезге жүздеген түркітанушы ғалым-ойшылдар, білімпаздар және осы саланың білгір мамандары қатысқан. Көбісі өз ойларын ортаға салып, көпшілік талқысына ұсынған. Талқыға түскен тақырып – Ке­ңес өкіметі көлеміндегі түркі тектес елдер бұдан былай араб харпі ме, жоқ латын харпі ме – қайсысын қолдануы керек деген мәселе. Бір қызығы – екі сала бойын­ша да біздің қандас-қазақ білімпаздары Ахмет Байтұрсынов пен Нәзір Төреқұлов суырылып сөз сөйлеген. Дауласып-жау­ласу емес, пікірталасына түскен.Тіл­дік-ғылыми тайталас… Тағы бір елеп айтарлығы – съезде А.Байтұрсынов, Н.Төреқұлов қана емес, қазақ ұлтынан Б.Сүлеев пен Е.Омаров та қатысып, пікірсайысына белсене араласқан. Ойларын бүкпесіз айтқан. Ең қиыны – түр­кологтардың үлкен жиынында ашық пікір білдіріп, белсене сөз сөйлеген, батыл-батыл ұсыныс айтқан түркітектес ел­дердің қаншама зиялы қауымы, белгілі ғалым-профессорлары кейінірек «халық жауы» болып қамалып, азапты күндерді бастан кешірді. Көбісі түрменің тас бөлмелерінде бақилық болып кете барды… Бұл түркологтар съезі 1926 жылдың 24 ақпаны мен 5 наурыз аралығында өтті.
Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр. Тап осы басқосуда да Алаштың бірқатар зиялылары өздерінің өрелі ойларынан хабар беріп, белсене қатысып, ой-пікірлерін ашық білдіргенін тарих куәландырады. Сол себепті де, тарихи басқосу жайынан һәм оған қатынасқан қазақтың айтулы ұлдары туралы аз-кем ой бөліскенді жөн санадық. Олар сол кезде-ақ ел аузына ілінген үлкен қайраткерлер, жұртшылық жоқшылары. Үлкен-үлкен лауазымды қызметтерге қол жеткізген қоғам қайраткерлері. Ал, түркологтар жиынына бару себебі – әрбіреуі де ғылымға, мәдениетке, әдебиетке, оқу-ағартуға барынша жақын жандар бола білгендігінен деуіміз керек. Сол себепті де, Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі мен руханиятқа сіңірген еңбегін еш бөліп қарауға болмас, қатар тілге тиек етіп отырған әбден-ақ орынды.

Ахмет Байтұрсынов

Тілші-ғалымдар басқосуында ерекше көзге түсіп, өзінің батыл ойларымен басқа­ларды таңқалдырған Ахмет ғалым ба еді? Оның әліпбиге қатыстылығы қаншалық деңгейде болған екен?
Бұл есімді еселеп айтып, көпшілікке қайталап таныстырып жатудың өзі артық шығар. Осы күні А.Байтұрсынов есімін білмейтіндер кемде-кем. Дегенмен, та­қырыпты аша түсу үшін – аз-кем шегініс сөз. Оның қоғамдық өмірге белсене араласып, саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі болған кезден бастау алады. Елді басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, газет шығару және баспа­хана ашуға рұқсат беру секілді маңызды мәселелер осы петицияда көтерілген. Қазақ даласына орыс шаруаларын емін-еркін қоныс аударуды, қалаған жерін алуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген.Содан кейін-ақ саяси тұрғыда қауіпті кісі саналып, жандармдық бақылауға алынған. Тіпті, сенімсіздік барынша ұлғая түсіп,1909 жылы 1 шілдеде тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылған. Абақтыда жарты жылдан астам уақыт отырды.
Өзі білімді, халық арасында беделі зор азаматты қазақ арасында ұзақ ұстау аса қолайлы емес екенін жоғарыдағылар бірден бағамдады. Сосын да Ақаңның болашақ тағдыры тез-ақ шешілді. Орта­лықтың Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда оны қазақ өлкесінен тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдап, Орынборға жөнелткен. Міне, осы шаһарда 1910 жылдан 1917 жылдың соңына дейін өмір кешті. Орынбор кезеңі – оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы. Осы қалада 1913-1918 жылы өзінің ең жақын әрі сенімді дос­тары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтармен аралас-құралас болды. Қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұң­ғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығаруды қолға алған шағы бұл. Әрине, бұл шаһардағы өмірі мен қызметі бәрібір қатаң жандармдық бақылауда болғаны айтпаса да түсінікті. Кейбір тырнақ астынан кір іздеушілердің кесірінен, бір уақыттарда «Қазақ» газетіне де қара күйе жағылды. Қисық сынға ұшырады. «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан Ақаң аз-кем уақыт абақтыға да отырып шықты. 1917 жылдар тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ басқосулары жиындарының қалың ортасында болып, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси-идеологиялық бағыт-бағдар беруге атса­лысқаны тарихи шындық.
Қоғамда жан-жақты, барынша таныла түскен Алаш партиясы өзіне жаңа бағдарлама әзірлеуге кірісті, ал, сол өрелі топтың ортасында Ақаң да болды. Бағдарлама бойынша өз ұсыныс-пікірлерін батыл ұсынғанын тарихи деректер айғақтайды. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, төрағалыққа Бай­тұрсыновты бекітті. Сол уақытта ол Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі еді. 1919 жылы көктемде Алашорда үкіметі мүшелерінің тобымен бірге Мәскеуге, Кеңес үкіметі басшыларымен бетпе-бет отырып, алдағы тағдыры жайлы кеңесу үшін келіссөзге аттанды. Бұл келіссөз жеміссіз болған жоқ. Қайта-қайта шақырылып, тер­геу­ге алына беретін Алашорда басшылары мен мүшелеріне, Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. А.Байтұрсынов бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірді ұстанды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). Айтпақшы, 1920 жылы В.И.Ленинге Қазақстанды басқару ісіндегі кейбір шалыс қадамдар жайын қатал сынға алған ашық хат жолдаған да – осы Ахмет. Қазақстанның Ресеймен арадағы шекарасының кейбір құпия-қалтарыстарын айтып, белсенді түрде араласып, (Қазревком мүшесі ретінде) өз пайымын айтуға тайсалмады.
Бұның қысқаша тарихы мынадай: Бүкіл ресейлік ОАК-нің 1919 жылғы 27 тамызда Қостанай уезін Челябі облысына ресми түрде қосу туралы шешімі шықты. Ахмет бұл тоқтамға наразылығын ашық жеткізді. Саяси тұрғыдан қате екенін ескертті. Жергілікті халық мұндай шешімді дұрыс қабылдамайтынын жария ете айтты. Міне, сондай қарсылық болуы себепті шешім тоқтатылып, Қостанай уезі Қазақстан құрамына қайтарылды. Осындай саяси белсенділігі арқасында ол қоғамдық өмірге кеңінен тартылды. 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің жаңа құрамына еніп, халық ағарту комиссары қызметін екі жыл атқарды. Бірақ Ақаң мұндай жауапты қызметтерде көп тұрақтамады. Өзін ғалым әрі ағартушы ретінде танытқан ол оқытушылық-ағартушылық жұмыстарға бейімделе бастады. 1921-1925 жылдары Орынборда, 1926-1928 жылдары Ташкентте халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен дәріс оқыды. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауыс­ты. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес ату жазасына кесілді. Бұл шешім қайта-қайта өзгертілді: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылғы қара­шада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарым болған.
1933 жылы мамырда денсаулығы күрт нашарлай бастауына байланысты қал­­ған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат алған. Келесі жылы М.Горькийдің  жұбайы Е.П.Пешкованың тікелей көмегімен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралған. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде уақытша еңбек етеді. Алайда, Ахмет билік басындағылар үшін аса сенімсіз адам болып қала берген-ді. Содан да болар, 1937 жылы 8 тамызда қайтадан қамауға алынып, екі-үш айдан соң, «Халық жауы» деген жаламен атылды.
А.Байтұрсынов зиялы қауым жадында тек саяси қайраткер емес, ұстаз-педагог, ғалым әрі журналист ретінде мәңгі сақталып қалғаны ақиқат. Оның ғылыми-педагогикалық һәм әдеби еңбектеріне тоқталар болсақ, былайша түзіледі. Тұңғыш баспа жүзін көрген толымды жинағы – «Қырық мысал». Ол бұл еңбегінде отаршы елдің зорлық-зомбылығын, халықтың тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізген. Мысал жанрының мүмкіндігін пайдалана отырып, уытты тілі арқылы әлеуметтік сананың оянуына ықпал етті. Тағы бір елеулі еңбегі – «Маса» деген атпен жеке кітап болып басылды. Оның негізгі идеялық қазығы – елді оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Халықты қараңғылық, енжарлық, еріншектік сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Ойлы азамат алғашқылардың бірі болып, ұлы Абайды терең түсініп, өте жоғары бағалаған. Абайдың ағартушылық һәм сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, ғасыр басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтеруге күш салды. Соның бір дәлелі – «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы. Ақанның рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты осы мақалада кеңінен баяндалған.Өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындыруға деген зор талпыныс байқалады.
Ақаңның тағы бір маңызды еңбегі – «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі. Әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасаған еңбек. Мағынасы терең, ұғымдық аясы кең халық сөздерін теріп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанр­­лық формаларын топтап, жіктеп берген. Әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың өзгеше ұлттық үлгілерін жасады. Айталық, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кескін, т.б. Өлең-сөзді де жан-жақты зерделеп, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға тұжырымды анықтама берген.
Көркем аудармамен де негіздеп айналысты. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін қазақшаға тәржімалады. Бұл аудармалар – идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар деп бағаланды. Ол, сондай-ақ, әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін молынан жинаған зерттеуші-ғалым. «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Бұл екі еңбек те Мәскеуде, Н.Төреқұлов басшылық етіп тұрған «Күншығыс» баспасында жа­рық көргенін атап айтуға тиіспіз. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынов «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Ол – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастыруға тікелей араласқан ірі қаламгер. Зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Өзі ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті – халықтың рухын сергіткен ірі құбылыс. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімді әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшан-теңіз екенін барынша атап айту керек.
Ол – қазақ тіл ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Жаңашыл ғалым. Ендеше, бұндай оқымысты қазақ, білімпаз азамат Бакудегі басқосуға қалайша бармауы керек? Қалайша сөз сөйлемей, пікірін ортаға салмай бөгеліп қалады? Әрине, мұндай жоғары деңгейдегі пікір сайысына қатысуы, ой-пікір айтуы әбден-ақ заңдылық болды.
1926 жылғы «Түркологтар басқосуында» Байтұрсынов екі рет баяндама жасап, тағы да әлденеше рет пікірталасына қатысты. Жазу әліпбиіміздің арабша нұсқасын қорғап сөйледі. Өзінің дәйекті пікірлеріне академик-ғалымдар да тәнті болған-ды. Ғалым-ағартушының алғашқы баяндамасы тіл білімінің орфографиясына арналды. Сөздің дұрыс дыбысталуы үшін алдымен дұрыс жазылуы керектігін, ал, бұл салада күрмеулі мәселелер мол екенін тілге тиек етті. Ал, екінші баяндамасында қазақ тіліндегі тер­мин­дердің принципіне тоқталды. Жалпы термин сөздерге өзгеше, ерекше көңіл аудару керектігін баса айтты. Оның көптеген ойлары мен пікірлеріне барша түрколог-ғалымдар бас изеді, қостады. Бірақ… жоғары жақтың саясаты басқа болғандықтан да, Байтұрсынов идеясы ортақ оймен қабыспай жатты (Біз ол жайынан сәл кейінірек толығырақ тоқ­таламыз). Тек, айта кеткіміз келетіні – А.Байтұрсыновтың сол басқосудағы ой-пікірлері ендігі жерде арнайы зерттеліп, жеке еңбек жазуға негіз болса дейміз.

Біләл Сүлеев

Бұл кісі өз заманындағы белгілі тұлға, ірі қоғам қайраткері. Оқыған-тоқығаны мол, зейінді азамат. Ақын, ағартушы, тілші, журналист, драматург. Бірақ, өкінішке орай, Біләл есімі осы күні өте аз айтылып жүр. Ол туралы зерттеу еңбектер мен арнайы монографиялар жоқтың қасы. Ал, өмірі мен қызметіне көз жүгіртер болсақ…
Бүкіл саналы ғұмырын ағартушылық-оқытушылық жұмысқа молынан арнағанын байқау еш қиын емес. Ол 1916-1918 жылдары Қапалдағы татар мектебінде оқу ісін басқарушы болып қызмет еткен. 1918-1927 жылдары халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысып, Жетісу өлкесіндегі қазақ ауылдарында екі жылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында жеті жылдық орталау мектеп, облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашуға күш салып, тікелей араласқан. Бұл мектептерде кейбір пәндер орыс (қазақша оқулықтар тапшылығынан болар) тілінде оқытылған. Бірақ, бұның өзі де жақсы нәтижелерге жолбастау болғаны айғақ. Біләл енгізген тәжірибе Жеті­­судағы қазақ жастарының Кеңес Одағының барлық қалаларындағы жоғары оқу орындарына еркін түсулеріне жол ашқан. 1928-1929 жылдары Ақтөбе облысы оқу бөлімінің меңгерушісі, 1930 жылы Семей педагогикалық институтының алғашқы ректоры болды, соңғы қызметінде жүргенде жазықсыз қамауға алынып, 1932 жылы 5 қыркүйекте әзер босанып шықты. 1932-1934 жылдары Мәскеу өндіріс орындарында мәдени-ағарту саласында қызмет істеді. Соңғы қызметі – Қарақалпақ АКСР-інде халық ағарту комиссары. 1937 жылдың соңында екінші рет қамауға алынып, жазықсыз қуғын-сүргін құрбанына ілікті. Сөйтіп, өмірі ерте үзілді. Ал, енді, түркологтар съезіне қалай барды және бұл жиынға қатыстылығы қандай дер болсақ, оған да жауап әзір. Б.Сүлеев жауапты қызметтермен қатар шығармашылықпен де айналысты, ізденімпаз қаламгер болды. Ғылыми еңбектер, тартымды туындылар жазды.
Семинарияда оқып жүргенде өлең, әңгіме шығарумен айналысқан. Орынборда А.Байтұрсынов шығарып тұрған «Қазақ» газетінде «Матай», «Қаптағай»деген бүркеншік атпен бірнеше өлең, мақалаларын жариялады. Татардың «Шура»журналының 1916 жылғы 3-санында татар ұлтшылдарына қарсы «Науширван эфенді мақаласы жайлы»атты терең ойлы ғылыми мақаласын жариялатуы оның атын көпке таныта түсті. Осы журналда және татар тіліндегі «Вахит»(«Уақыт») газетінде оның мақа­ла­лары мен өлеңдері жиі жарық көрген екен. Әдебиет әлемінде сатирик ақын, жалынды көсемсөзші, талантты драматург ретінде танылғанын атап айтуға болады. Өз жазбаларында қоғамның келеңсіз жақтарын аяусыз әшкереледі, өткір тілмен мінеді. Мәселен, алғашқы драмаларының бірі – «Картаға салынған қатын» атты мысқылға құрылған комедиясы 1921 жылы Алматыда сахналанды. 1922 жылы жазылған «Қабанбай мен Сазанбай»деген өлеңмен жазылған көлемді сатирасы Жетісудағы алғашқы жер бөлінісіне арналған. «Қыз бен жігіттің айтысы», «Қа­зақтың 24 басалқа дыбысы», «Қайтсең де көсем боларсың», «Нақысбек», «Жұт жеті ағайынды», «Қазақ мұғаліміне» атты сатиралық өлеңдері «Қаптағай», «Бұйрас» деген жасырын атпен жиі-жиі жарық көрген.
Ол – қаламы төселген публицист, алғыр журналист. Мерзімдік басылымдарға жиі-жиі араласып, мақала-толғамдарын бастырды. «Қазақ» газетінің беттерінде алғашқы шағын мақалалары шықса, кейінірек басқа басылымдарға да қызу атсалысты. Белсене араласты. Сол кезеңдерде шығып тұрған «Ақжол» (С.Қожанов бас редактор болған) газетіне де молынан қатысып отырған. Басылымда жарияланған «Жұт жеті ағайынды» өлеңі Біләлдің ақындық шеберлігін байқатты. Ел басындағы нәубетті, оған себеп болып отырған жеті түрлі қоғам дертін ерекше тәсілмен бейнелеп жеткізеді: қазақы ұғымға түсінікті ертегі желісімен ұлттық трагедияның жай-жапсарын жеті қырынан ашады. Сюжетке құрылған шығармада көрінетін кейіпкерлер де өзгеше атқа ие болған: Отаршылдық, Ашаршылық, Мансапшылдық, Оба, Жұт, Надандық, Ырың-Жырың. Осындай жеті ағайынды аждаһалық қазақты жан-жағынан талап-таптап, тұншықтырып жатқан жайын олардың әрқайсысының өз аузымен айтқызады. Өлең сол кездегі қазақ даласының тіршілігін айқын суреттеп берген құнды шығарма. Түпкі идеясы – қалың елді замана дертінен сақтандыра отырып, олардың сырын ұқтыру, мәнін түйсіндіру, ойға жетелеу… Ол сол жылдарда мерзімдік басылымға жетекшісі болу бақытына да ие болған санаулы қазақтың бірі. Айталық, сол уақытта шығып тұрған тағы бір беделді басылым – «Тілші» газетінің бас редакторы болып қызмет істеген. Осы қызметін атқара жүріп, Біләл көптеген әдеби жанрда қалам тартқан.  Оның шығармалары – бір кезеңдік өткінші мәселелермен шектелмей, адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап беруге ұмтылған ерекше құнды дүниелер. Газет басшысымын деп қол қусырып отырмай, әрдайым журналистік белсенділік байқатып, әрбір нөмірінде тіл мәселесіне, алфавит жайынан ой салар мақалалар жариялатуға мұрындық болды. Бұл тақырыпқа қазақтың білікті-беделді тілші-ғалымдарын көптеп тартты. Бүгінгі күні Б.Сүлеев туралы сөз қозғағанда мынадай қырларын ерекше атап айтуға толық хақымыз бар деп ойлаймыз. Ол, ең алдымен, өте талантты публицист, жалынды журналист, өткір тілді сатирик. Екіншіден, мерзімдік басылымдарды білгірлікпен басқара білген айтулы редактор, журналистердің білікті ұстазы. Үшіншіден, тіл жанашыры, әдеби тіл нормаларын қатаң сақтауға тікелей үлес қосушы. Ең бастысы – ол талантты драматург. Қазақ ұлтынан шыққан алғашқы драматургтеріміздің бірі ретінде есімі ерекше ардақталса, нұр үстіне нұр! Осылайша, қазақ көркем сөзінің қадір-қасиетін асқақтата білген журналист, редактор, ақын, драматург Б.Сүлеев Түркологтар съезіне мол даярлық-әзірлікпен аттанған-ды.
1926 жылы түркологтар съезіне Ахмет ағасымен бірге барып қатынасқан.А. Байтұрсыновтың баяндамасынан соң сөз сұрап, мінбеге көтерілген. Әрине, Біләлдің де айтар ойы, өзіндік ұстанымы бар-ды. Сосын да, ол әріден сөз қозғап, қазіргі тілдегі терминология мәселесін тағы да тереңдете тілге тиек етті. Түркі тектес халықтардың ара­сындағы тығыз байланыс-достыққа осы ортақ терминдер мен терминологияның да көпір бола алатынын дәлелді түрде баяндады.Өз ойларын ашық айтқандықтан, өтімді пікірлеріне ғалым-профессорлар ықыласпен құлақ асты. Кей ойлары қолдау да тапты. Оның сөздерін съезге қатынасушылар жылы қабылдағанын қызу қол шапалақтаудан да білуге болар еді. Әрине, айтары бар адам ғана мәртебелі мінбеге көтерілетіні әлімсақтан белгілі жайт! Демек, қазақтан шыққан ұлт қайраткері Біләл Сүлеев те – тіл жанашыры! Тіл мәдениеті саласында өзіндік орны бар азамат-қайраткер!

Елдес Омаров

Қазақ зиялылары арасында ерекше орны бар бұл азамат Қостанай өңiрiнiң Тобыл болысында, қазiргi Таран ауданына қарасты Қожай ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Әкесi Омар ерте хат таныған, ауылдағы сауатты кiсiлердiң бiрi. Ы.Алтынсарин ашқан Қостанайдағы екi жылдық қазақ-орыс мектебiнде бiлiм алып, кейiн Орынбордағы мұғалiмдер семинария­сын (1911) үздiк бiтiрген. Азамат соғысы жылдары Елдес Омаров білімді-білікті азамат ретінде Қостанай уезi бойынша «Алаш Орданың» комиссары және Қостанайдағы бөлiмшесiнiң төрағасы болды. 1920 жылдардан бастап Орынбордағы халыққа бiлiм беру комиссариатының мектеп бөлiмiнде қызмет ете жүрiп, өлкелiк академиялық орталықтың да жұмысына белсене араласты. Елдестің қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы да өз алдына, ол өз тұстастары арасында аса зор білімпаздығымен ерекшеленген азамат. Жан-жақты еді. Әдебиет-мәдениет қана емес, математика, физика, геометрия, т.б. салаларды да оп-оңай меңгеріп алған-ды. Елдес Оқу комиссиясының мүшесi болған жылдарда ұлт мектептерi үшiн арнаулы оқулықтар (физика, геометрия, т.б.) жазып, бiрқатар кiтаптарды орыс тiлiнен қазақшаға аударады. Ғалымның көптеген кiтаптары Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көргенін атап өту керек. Бiразы тiлтануға, қазақ тiлiнiң грамматикасына арналса, ендi бiразы хрестоматиялық негiзде құрастырылған. Ғалым-қайраткер қазақ мектебi үшiн ауадай қажет оқулықпен қамтамасыз етуге өзi де кiрiсiп, өзгелердi де осы мақсатқа жұмылдыра бiлген.
Оның тілшілер бас қосқан үлкен жиынға баруына не себеп? Қандай мақ­сатпен қатысты?
Ол – ең алдымен, тіл ғылымына жаны ашыған азамат. Мәселен, ана тілін жетік білумен қабат, көп сөздердің баламасын да табуға талпынған білімпаз. Әр мақала-еңбектерінде көне қазақ сөзін дөп тауып, ұтымды пайдалана білді. Айталық, Ахаң публицистиканы көсем сөз, афоризмдi дiлмар сөз деп атаса, Елдес ана тiлiнде жарық көрген геометрия оқулығын пiшiндеме, тригонометрияны кескіндеме деп аударды. Ал, математиканы есеп-қисап дейді. Мұхтар Әуезовтің тіл тазалығы мен мәдениеті жайындағы ғылыми-зерттеу еңбектерiне алғашқы болып ойлы пiкiр білдіріп, жазбаларына жо­ғары баға берген де – Елдес (Мұхтар Әуезов 1927 жылы туған ұлының атын оның құрметiне Елдес деп қойған деседі).
Ауыр жылдардың бұлты оның да басына үйірілді. Ел басына күн туған ауыр жылдарда Елдес Омаров өзiнiң сыйлы аға-достары Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтардың қасынан табылды. 1929 жылғы 16 тамызда Бiрiккен саяси басқар­маның Шығыс бөлiмi Қылмыстық кодекстiң 207-статьясын басшылыққа алып, іс қозғап, қаулы шығарады. Мәскеудегі атышулы Бутырка түрмесiне Елдес Омаров өз әрiп­тестерiмен бiрге қамалғанын тарихи құжаттар дәлелдейді. Алдымен бірге отырып, артынан Мiржақыпты, Ахмет, Мағжан, Жүсiпбек, Елдесті және бiрнеше адамды бөлектеп, жеке камераға ауыстырған. Осы жайлы құжат архив деректерiнде сақталған. Осы кезеңнің ащы шындығын ашып жазған тарихи дүниелер баршылық. Солардың бірі, белгілі қаламгер, марқұм Дүкенбай Досжанның «Абақты» деген кiтабы. Осында Біләл туралы бірқатар тың деректер келтiрiлген. Сол деректерге қарағанда, 1930 жылы 4 сәуірде Бiрiккен саяси Бас басқарманың алқасы Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбекке қоса барлығы он үш кiсiге ату жазасын қолдану туралы қаулы шығарған.Кейiнiрек Мағжан, Елдес және Дамулла Битiлеуовке ұйғарылған ату жазасы концлагерьде он жыл отыруға алмастырылса керек. Елдес бұл мерзiмдi Мағжан және Мiржақыппен бiрге Қиыр солтүстiкте, Карелия орманының iшiнде өткізді делінеді.
Е.Омаров – көп оқып, көп білген, өте алғыр зиялы қазақ дедік. Оның білім деңгейінің жоғарылығын өз әріптестері сол кезде-ақ мойындап, «қазақтың Ломоносовы» деп әзілдеген. Бұл жәй сөз бе? Әрине, жоқ. Айтпақшы, Елдестің өзі де кей мақалаларын «Ломоносов» деген жасырын атпен әркез жариялап отырыпты. Аз уақыт ішінде тілі жатық, қаламы төселген журналист екенін де дәлелдеп шықты. Айталық, «Тайбағар» деген атпен «Жас қазақ» журналына (1924 жыл №5-7) «Қазақ салты» және «Дағдылы жол мен айлалы жол» деген мақалаларын бастырған. Бiрқатар шығармаларын «Әдiл» деген бүркеншiк атпен де оқырманға ұсынып отырған.
Мынадай тарихи құжат бар: Бір жылдары қазақтың үлкен жүректі азаматы Ә.Бөкейханов Мәскеуден А.Байтұрсыновқа жазған хатында: «Елдесiм жақсы жiгiт. Бұрын да жақсы едi. Ендi, онан да сүйiктi болып кеттi. Бiр күнi Шәңгерей маған: «Мен сенi жақсы көрем. Бiлесiң бе?» – дедi. Мен: «Жоқ!» – дедiм. Шәңгерей маған: «Сен шын қазақсың ба? Сенi қазақ деп жақсы көрем!» – дедi. Физиканы оқып қарасам, Елдесiм де қазақ екен», – деп көрсетіпті.
Есiл ер абақтыға сан мәрте қамалып, қайта шығып, барынша азапты өмір кеше жүрiп, соңғы рет 1937 жылдың 22 қарашасында тұтқынға алынған. Ол кезде Алматы қаласындағы Виноградов көшесiндегi 95-шi үйде тұрған. Отыз жетiншi жылдың 1 желтоқсанында НКВД бөлiмiнiң «үштiгi» тергеп-тексермей-ақ, оны ату жазасына кестi де, бақилық болып кете барды.
Оның өмір жолына үңілсек, мынадай елеулі қырлары менмұндалап көзге түседі.
Ол – Алаш ардақтыларымен қоян-қолтық араласқан, ойы озық, білімі зор кең жүректі қайраткер.
Ол – ғылым саласында көп еңбек сі­ңіре білген зиялы адам. Әсіресе, физика, геометрия, тригонометрия секілді нақты ғылым саласы бойынша оқулық жазып, артына өшпестей із қалдырды.
Ол – әсіресе, өте білімді аудармашы, сөз қадірін түсіне білген терең тілші-ғалым.
Қатарластары «қазақтың Ломоносовы» деп атаған Елдес Омаров, арада қанша жыл өтсе де, әлi бағасын алмай ке­леді. Бакуде өткен түркологтар съезінде Ел­дес­тің тіл таразылығы мен терминдерді екшеп қолдану жайындағы ұтымды пікірлері қатысушыларды өзіне қаратқан.
Әсіресе, жан-жақты терең білімі мен түйсігі, көп оқығандығы қатысушы- тың­даушыларды таңқалдырған. Тек тіл – әдебиет жайынан емес, басқа ғылым салаларынан да сөз саптаған Елдестің ойлы сөзі өзгелерге терең әсер қалдырғаны айтпаса да түсінікті.
Е.Омаров – ұлттық ғылым мен педагогика саласында өз орны бар айтулы ғалым-азамат. Ең бастысы – ол тюркологтар съезінде өзінің орнықты да ойлы пікірлерімен ел есінде қалып қойды. Бұл – факт!

Нәзір Төреқұлов

Тұңғыш қазақ дипломаты, қоғам қай­раткері, тіл маманы, әдебиетші-ғалым, Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы алғашқы елшісі – Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Түр­кістан маңындағы Қандөз ауылында (кейбір деректер бойынша – Қоқанда) мақта саудагерінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Төреқұл жұмыс бабымен Қоқан қаласында көп жыл тұрған. 1900-1903 жылдары Қоқан медресесінде, 1903-1905 жылдары орыс мектебінде дәріс алды. Ал, 1914 жылы Қоқандағы 8 сыныптық коммерциялық училищені бітіреді. Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында (1914-1916) жылдары Мәскеу коммерциялық институтындағы экономика факультетінің үш курсында оқып жүрген-ді. 1916 жылы қазақтарды майдан шебіндегі қара жұмысқа тарту жөніндегі жарлыққа қарсы наразылық акциясына қатысады. Минск маңында «Еркін дала» деп аталатын астыртын ұйымға кіреді. Оның құрамына Қазақстан мен Орта Азия халықтарының көптеген өкілдері бар еді. Бұл ұйымды құрудағы мақсат – ұлт-азаттық күресте Шы­ғыс халықтарына көмектесу, қолдау көрсету…
Кеңес өкіметі орнаған соң саяси қызметке белсенді түрде араласа бастайды.
1918-1919 жылдары Қоқанда уездік атқару комитетінің хатшысы, оқу-ағарту комиссары, білім беру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1920 жылдан бастап Ташкентте бірқатар мемлекеттік лауазымды қызметте болған. Өлкелік мұсылман бюросының қызметкері, Түркістан оқу-ағарту наркомы, БКП(б) Орта Азия бюросының мүшесі, Түркістан  Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін кезек-кезек атқарған. Түркістан Республикасының сол жылдардағы саяси-әлеуметтік өмірінде Н.Төреқұловтың салмағы басым. Мысалы, Түратком төрағасы болып тұрған шақта Маңғышлақ уезі мен Адай болысының Қазақстанға берілуін қолдаған қарарға қол қойып, өзгелерді соған көндірген (Декрет №341, 16.10.1920 ж). Соның арқасында бүгінгі Маңғыстау өңірі өзінің территориялық тұтастығын сақтап қала алды. Оқу-ағарту ісінің халық комиссары ретінде елдің сауатын толық ашпай, іргелі мемлекет құрудың мүмкін еместігін түсініп, Ташкентте алғашқы жоғарғы оқу орнын негіздеді. Мұның басы-қасында өзі жүрді. Жоғары лауазымды қызметтерде тек саяси шешімдер ғана қабылдап қоймай, мәдениетке қатысты мәселелер бойынша да талай іс тындырды. Жалпы адамзаттық құндылықтарды өз халқының салт-дәстүрімен ұштастыра білді.Мерзімдік басылымдардың бірқатарына тікелей басшылық жасады. Ол демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырып, Құрбан айт күндерін демалыс деп жариялайтын құжатқа қол қойған батыл қайраткер-қазақ.
1922 жылы оны Орталық басшылары Мәскеуге шақырды. 1922-1926 жылдары Мәскеуде КСРО халықтарының «Күншығыс» баспасын басқарып, ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысты. Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде дәріс берді, біршама уақыт осы оқу орнының проректоры да болған. Әсіресе, осы жылдар ішінде ол шығыс елдеріндегі әліпбиді латынға көшіру жөніндегі комиссияны басқарды. Орталықтың талабы солай еді.
Н.Төреқұловтың Бакудегі басқосуға барудағы басты мақсаты да сол болатын.
Кейбір зерттеуші-тарихшылар осы жағына көңіл аудармай, Нәзір мен Ахмет арасында үлкен тартыс болған деп көрсетуге ұмтылады. Бұл – қате пікір.
Бұдан кейінгі уақытта оның дипломатия саласындағы қызметі басталады. Оны мұндай жауапты орынға тағайындау көп талас тудырса да, түрлі лауазымды қызметте істеген тәжірибесі көп көмектескені рас. Нақты айтқанда, ол БКП(б) ОК-нің және КСРО Сыртқы істер халық комиссариатының резервіне алынды. Былайша айтқанда, Сыртқы істер наркомы тәжірибесі мол, білімді адам ретінде оны осы іске лайықты көрді. КСРО Сыртқы істер халық комиссариаты Сталиннің атына ресми хат жолдайды. 1927 жылдың 24 қарашасындағы Саяси бюроның мәжілісінде (№ 137 Хаттама) Төреқұловты Хиджаз, Неджд және біріктірілген аймақтарға елші етіп жіберу жөнінде шешім қабылданды. Бұған дейін Джиддада бұл жұмысты К.А.Хакимов атқарған. Өз қызметін мінсіз атқара жүріп Н.Төреқұлов көптеген тілдерді (қазақ, орыс, өзбек, татар, түрік, неміс, француз) жетік білді, аз уақытта араб тілін де меңгерді. Оның терең білімі мен кәсіби дағдысына, адами болмысына король мен оның отбасы риза болып, ерекше құрмет көрсетті. Король Абдель Әзіз әл-Сауд оны өзіне жақын тартты. Ол корольдің ұлдарымен де, әсіресе, ханзада Фейсалмен жақсы қарым-қатынас орнатты.1932 жылы Фейсал бастаған «саудтық» делегация он күн Кеңес Одағына келіп қайтты. Мұны Н.Төреқұловтың саяси жетістігі деп бағалау керек. Екі тарап та бұған айрықша мән беріп, екі ел арасында достық қатынас орнады. «Сауд Арабиясы елінің» делегациясы КСРО үкіметінен 10 жыл мерзімге бір миллион фунт стерлингке кеңестік тауар несиесін алу жөнінде келісімге қол жеткізді.
Мекке – өте қасиетті орын. Оған, сөз жоқ, жер жүзінің түкпір-түкпірінен мінәжат жолымен келетін мұсылмандар өте көп. КСРО-ның көлеміндегі Қазақстаннан, Башқұртстаннан, Татарстаннан, сондай-ақ, Солтүстік Қап тауынан және Орта Азиядан Меккеге қажылыққа баратындарды есепке алсақ, аталмыш елмен қарым-қатынас орнатудың қаншалықты маңызды екені өзінен-өзі түсінікті емес пе!
Ол – өз заманының кесек тұлғасы. Климаты қатал, саяси өмірі де бөлек елде арабтармен дипломатиялық қатынас қалыптастырудағы еңбегі орасан. Ауыз толтырып айтатын жетістіктері былай: сол кезеңде АТС құрылысы қолға алынды, мұнай экспорты жолға қойылды, ханзада Фейсалдың Кеңес Одағына сапары, оның өте сәтті аяқталуы, т.б. болып жалғаса түсер еді.
Ол – діннің беделін барынша төмендетіп көрсетуге тырысқан коммунистік идеологиямен қаруланған елдің өкілі ретінде қызмет атқарғанын ескерсек, қандай күрделі мәселелермен бетпе-бет келгенін елестетудің өзі өте ауыр. Меккеге Кеңес Одағынан қажылыққа баратындар үшін жағдай жасау жөнінде ретін тауып, Үкіметке өз ой-пікірін батыл білдіріп отырған. Мәселенің ойдағыдай шешім табуына оның ұйымдастырушылық қабілеті, бірнеше тілді жетік білуі, терең білімі мен мол тәжірибесі көп әсерін тигізді. Нәзірдің араб тілін жетік білгенін мына дерек растай түседі. Бірде Түрік Республикасының ұлттық мерекесінде дипломатиялық корпустың атынан араб тілінде баяндама жасаған. Осыдан соң онымен шетелдік әріптестері барынша сыйласа бастаған. Ең бастысы – жергілікті монархтардың сеніміне ие болды, король мен оның отбасы сыйлады. Ал, бұл өз кезегінде мәдениеті мен дүниетанымы бөлек елдер арасындағы достық қарым-қатынастың сенімді көпірі болған-ды.
Осы күнге дейін айтылмай келе жатқан бір шындық бар. Ол – Н.Тө­ре­­құловтың Меккеге қажылыққа ба­руы жайы. Тарихи құжаттар куә­ландыратындай – ол 1933 жылы Мек­кеге қажылық жасапты. Бұл турасында бұрын эмиграцияда болған, татар мұсылмандарының ұлттық қозғалысының көрнекті қайраткері Гаяз Исхаки былай дейді: «Меккенің көшесінде балға мен орақ бейнеленген қызыл туы бар автокөлік пайда болды. Онда екі адам отырды… Олардың бірі – Коминтерн мүшесі, Кеңес Одағының өкілі Нәзір Төреқұлов. Сол жерде оның қажылыққа келгені белгілі болды. Өзгелер секілді қажылығын өтеді. Содан соң, Мәдинада жатқан Пайғамбарымыздың басына барды. Кеңес Одағының өкілдері «мұсылмандардың қажетіне» деп, қара­жат ала келіпті». Беделді де білімпаз аза­маттың абыроймен атқарып жатқан дип­­ломатиялық қызметінен ойда-жоқта босатылуына бәлкім, осы қажылық сапары себеп болуы да ықтимал (Әрине, басқа саяси-идеологиялық себептер де аз болмаған болар!). Қалай дегенде де, өз жұмысына аса жауапты бола тұра, Н.Төреқұлов бұл қызметтен түсініксіз жағдайда ысырылды.
1935 жылдың 31 тамызындағы Саяси бюроның мәжілісінде (№ 32 Хаттама) Сыртқы істер халық комиссариатының Н.Төре­құловтың орнына Хакимовты тағайын­дау жөніндегі ұсынысы қабылданды. 1936 жылдан бастап Н.Төреқұлов Ленинградтағы Шығыс халықтарының институтында және Мәскеудегі Шығыс халықтарының тілі мен жазу өнері институтында жұмыс істеді. Ол бұл салада да үлкен жетістікке қол жеткізе алғаны рас.
Н.Төреқұлов саяси-идеологиялық жұмыс­тармен қабат рухани-мәдени салада да өз талантын таныта білгенін айта кету ләзім. Ол – шығармашылық жұмыстармен де айналысып, артында мол рухани мұра қалдыра білді. Алғыр журналист, ғалым, зерттеуші болғанын жазба еңбектері дәлелдей түседі (Біздің ғылыми жұмысымыз да «Н.Төреқұловтың рухани мұрасы» деп аталды).
Қысқаша қайырып айтар болсақ, былайша түзіледі.
Н.Төреқұлов – 1922 жылы Ташкентте басылған «Орыс-өзбек тілдерінің саяси-әлеуметтік сөздігі» кітабының авторы. Ол түркі халықтарының жазба тілін латын қарпіне көшіруді жақтады. Осыған байланысты бірнеше мақаласы «Жизнь национальностей», «Новый восток» журналдарында жарық көрді. Бұлармен қабат «Жаңа әліп-би», «Жаңа әліп-би неге керек?», «Жат сөздер туралы», т.б. еңбектері әр жылдарда жеке кітапша болып басылған. Ол 1922-28 жылдары Мәскеудегі «Күншығыс» баспасына басшылық ете жүріп, «Темірқазық» атты әдеби-мәдени журнал шығарып тұруды негіздеді. Осы тұста қазақтың мәтелдері, мақал сөздері мен жұмбақтарын, жоқтау өлеңдерін, батырлық дастандарын кітап етіп бастыруға мұрындық болғанын да айту керек. Бұл игі іске қазақ зиялыларын, ғалым-жазушыларын көптеп тартқан. Б.Кенжебаев, Ө.Тұрманжанов, М.Жұмабаев, Ж.Арыстанов, т.б. секілді айтулы қаламгерлер осы Нәзірдің жол көрсетуімен көптеген еңбектер де жазғаны тарихи факт!
Сауд Арабиясынан оралған соң Нәзір небәрі бір жыл ғана өмір сүрді. Соңынан ерген «қаңқу сөз» оны «халық жауы» деп жазалауға негіз болды. 1937 жылдың 17 шілдесінде Н.Төреқұловты НКВД тұт­қындады. Осы жылдың қараша айында КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасы Н.Төреқұловты түркішілдікті насихаттаушы және террорист деп айыптап, ату жазасына кесті. Содан кейін, көп жыл өткен соң, 1958 жылдың 28 қаңтарында ғана қайта ақталды. Қандастары оның есімін көпке дейін ұмытып, соңғы жылдары (Қоқандық деп ойлап жүрсе керек) қадірлей бастады. 2003 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлов атындағы медаль тағайындалды.
Ал, енді, 1926 жылғы Бакудегі түр­кологтар съезіне келер болсақ – мұнда Нәзір ұстанған бағыт белгілі. Бұл орайда А.Байтұрсынов ағасынан бөлек бағытта болса да, өзара дос көңілін сол кезде де, одан соң да сақтады. Сыйластықты бұзған жоқ. Артық сөзге бармады. Бұған дейін де Ахмет пен Нәзір арасында тығыз сыйластық аралас-құраластық болғаны ақиқат! Айталық, Ахмет әзірлеген екі-үш кітап («23 жоқтау», «Қырық мысал», т.б.) Мәскеуде, Нәзір басшылық еткен баспадан басылып шыққанын білеміз.
Түркологтар съезінде Н.Төреқұлов алфавит мәселесі жайында баяндама жасап, латынға ауысу уақыт талабы екенін ашық білдірді. Бұл, сөз жоқ, сол кездегі Орталықтың да көздеп отырған саясатымен үндесіп жатты. Мәскеу қалай дегенде де түркі тектес халықтың ғасыр­лар бойы үзілмей келе жатқан алфавитін араб харпінен алшақтатуға барынша күш салған. Түпкі сыры, әрине, кім-кімге де жұмбақ емес.
Жалпы, осы күнгі тілші-ғалымдар Бакудегі түркологтар жиынында талқыланған мәселелер төңірегінде терең талдап жазуы керек-ақ. Әсіресе, басқосудағы А.Байтұрсынов пен Н.Төреқұлов ұстанған бағыт егжей-тегжейлі зерделенетін уақыт әлдеқашан болды! Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деген сауалға жауап беру үшін емес, жалпы сол кездердегі қазақтың сауатты оқығандарының білім-деңгейін және ақыл-ойын сарапқа салу үшін де аса қажет қой деп ойлаймыз.
Біздің бүгінгі ой-толғамымыздың да бір нысаны – осы!
***
Енді, осы жазбаларды түйіндеп көрелік.
Алдымен айтарымыз – осы басқосуда тілге тиек болған түркі тілінің шығу тарихымен қалыптасуы жайлы ой-түйіндер (мыс. В.В.Бартольдтің сөзі) пікір таласына жетелейді. Кей тұстарымен келісу де қиын (айталық, түркі тілінің қалыптасу тарихына қатысты сөздер). Демек, бұл жағын біздің тіл зерттеушілері әлі де салмақтап-сараласа дұрыс-ақ.
Сосынғы көңіл аударатынымыз – 1926 жылғы түркологтар басқосуында белгілі ғалым-профессорлар екі түрлі бағыт ұс­танса да, (яғни, араб харпімен латын харпі) соңғы шешім жоғарыдан қабылдануы тиіс-ті. Кеңес өкіметіндегі барлық түркітілдес халықтар латын графикасына негізделген жазуды қабылдайтын болсын деген қаулы жобасы да алдын-ала әзір еді. Демек, талас-тартыстың өзі протокол үшін ғана керек болған шығар (Ал, бұның астарында – біздің елдің әліпбиін атам заманнан бері сабақтасып келе жатқан араб харпінен ажырату, сөйтіп, ұзақ уақыт үзілмей сақталып келген асыл қазыналарымыздан қол үздіру болуы да ғажап емес!).
Осы жерде сәл ғана шегініс жасап көрелік.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Н.Төре­құлов 1922 жылы Мәскеуге қызметке шақырылды. Басқа жұмысын былай қойғанда, КСРО-дағы түркі тектес елдердің жазу емлесін латын харпіне ауыстыру жөніндегі комиссияны басқару Нәзірге жүктелді. Неге?
Бұл шараны жүзеге асыру жұмысы, қазір бағамдасақ, 1923-24 жылдары-ақ қызу қолға алыныпты. Оны саяси тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да өте әдемі, ың-шыңсыз орындап шығуға, әлбетте, шығыс елінің білімді де алғыр өкілі аса қажет. Барлық шаруа сол адамның басшылығында және бақылауында болуы тиіс-ті. Былайша айтар болсақ – Нәзір Төре­құлов «Қызыл империяның қамшысына» айналып жүре берген. Басқалай болуға еркі де қалмаған. Әуелі оны «латыншаға ауысу» науқанына жекті. Содан соң «саудиялық» дипломатияны шегендеп алу ісіне пайдаланды. Ал, соңғы финал – өзінен-өзі белгілі… Бірақ, бір нәрсенің басы ашық: Н.Төреқұлов қазақ халқының әліпбиі латыншаға ауысса, одан еш ұтылмасын да іштей сезді деуге болады. Міне, ол кездегі ұлт қайраткерлері жан-жақты көреген бола алған.
«Латынға көшіру» саясаты, енді бай­қасақ, Бакудегі басқосудан әлдеқайда бұ­рын басталған іс. Айталық, 1924 жылы 12-17 маусым аралығында Орын­бор­да қазақ ағартушыларының съезі шақырылды. Съезге барлық оқы­мыс­тылар, ғалым-тіл­шілер қатысты. Осы басқосуда араб және латын алфавитінің жайы талқыға салынды. Ахмет – арабшаны, Нәзір – латыншаны ұсынды. Соңғы дауыс беру кезінде аз ғана басымдықпен Н.Төреқұлов жеңіске жетті.
Міне, бұл шара сол кездегі Орталықтың «құпия саясатының» алғашқы жеңісті қадамдарынан көрініс береді. Бакудегі басқосу осы бастамаға түбегейлі нүкте қоюды көздегені айтпаса да түсінікті…
Бұдан кейін не болды?
Қазақ өлкесінде 1927 жылы респуб­ликалық жаңа алфавит Орталық комитеті құрылды. Оған басшылық жасау сол кездегі халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовқа жүктелді.
ҚазақАССР-ы Орталық Комитетінің «Қазақ жаңа емлесі туралы» декреті 1929 жылдың шілде айында жария болды. Міне, осылайша «Баку съезі» бүкіл түркітектес елдердегі алфавитті түбірімен өзгертуге негіз қалап берді.
Ең сұмдығы – съезге қатысып, өз ой­ларын ашық білдірген көрнекті ғалым-сая­саткерлер арада көп уақыт өтпей-ақ, «саяси тұрғыдан» сенімсіз кісілер ретінде қуғындалды. Түрмеге жабылды. Көбісі атылып кетті.
Сосын да, бұл «тарихи басқосу» кейінгі ұрпақ жадында «репрессияға ұшырағандар съезі» болып сақталып қалып еді (Бұл, әрине, басқа әңгіме тақырыбы). Ал, түркологтар съезі содан кейін мүлде тоқтап, 50 жыл бойы өткізілмеді. Тек 1975 жылы ғана Алматы шаһарында екінші рет басқосу жалғасын тапты.
Арада қаншама уақыт өтіп кетті десейші!
***
Қазақ елі өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне де, міне, 25 жылдан асып барады. Бізге әрине, латын әліпбиі әсіресе қазіргі уақытта аса қажет. Өйткені, уақыт талабы солай. Оған тезірек ауысуды күн тәртібіне қоятын уақыт – тап осы кез! Сосын да, бұл ұлы шараны Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бастап беріп отыр.
Латын әліпбиіне ауысу бізге қандай жақсылықтар ұсынбақ?
Біріншіден, қазіргі уақытта бүкіл түркі тектес елдер осы әліпбиге ауысып жатыр, демек, біз олармен үндесе аламыз. Екіншіден, латын әліпбиі бүгінгі жаңа технология талаптарына барынша сай келеді, ендеше одан ұтарымыз көп болмақ. Үшіншіден, біздің халқымыздың ертедегі тарихы осы латын харпімен жазылып-сақталған. Олай болса, сол тарихи жәдігерлерге қол жеткізуге де тікелей көмегі тиетіні сөзсіз. Демек, бүгінгі қолға алып отырған іс-шара Кеңестік саясаттың «қулығы» сияқты емес, олар кирилицаға өтуге «көпір» жасаса, біз ұлтымыз үшін аса қажет екенін түсініп-сезініп отырмыз. Уақыты да келгенін бағамдап отырмыз.
Бұдан басқа да толып жатқан оң сипаттары бар.
Ендеше, бүгінгі зиялы қауым Елбасы Н.Назарбаев ұсынып отырған осы игі бастамаға қолдау көрсетіп, оның жүзеге асуына барынша ықпал етсе игі!
Іске сәт, ағайын!




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *