Сайттардың сапасы сөз болды

340

Астанада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында медиаресурстар нарығының дамуы» атты қазақ сайттары редакторларының форумы өтті. 

Форумға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен ­Абаев қатысып, сөз сөйледі. Министр өз сөзінде қазіргі теxнологиялық ­заманда бәсекелестікке төтеп беріп, ақпарат кеңістігінен лайықты орын алу үшін қазақтілді интернет ресурс­тарына бірнеше маңызды мәселені шешу керек екеніне тоқталды.
– Біріншіден, контентке қатысты көзқарасты өзгерту керек. Қазіргі кезде ақпараттың мазмұнын қалып­тастыруға қолданушылар тікелей ықпал ете бастады. Өкінішке қарай, осының салдарынан сенсацияның соңына түскен сайттар жеткілікті. Әрине, бұл ретте аудиторияны ұдайы зерттеп, әр оқырманның сұранысын ескеруге тура келеді. Алайда кез келген мәселеге елдік мүдде, ұлттық таным мен тәрбие, сондай-ақ журналистік этика тұрғысынан қарау қажет деп ойлаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік желіден басты айырмашылығы да, артықшылығы да осы, – деді Д.Абаев.
Министр келесі жылы 2 миллион­нан астам тұрғыны бар ауылдық жерлерге сапалы интернет тарту жұмыстары басталатынын айтты. Аталған шара екі жылда аяқталады деген жоспар бар. Ал 2022 жылға дейін Қазақстанның барлық ауылдарында жылдам интернет болады. «Оларға қандай контент ұсынуға болады? Міне, осы мәселені сайттарымыз қазірден бастап зерттеп, контенттік саясатты жолға қоя алса, қолданушылардың бірнеше есеге артатыны сөзсіз» деп атап көрсетті министр.
Екінші мәселе, ел мүддесі сынға түскенде қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары алдыңғы қатардан табылса да, ұлттық мүдденің жалаң ұранмен алмасып кету жағдайлары аз емес. «Мәселен, Астанадағы ­Әбу-Даби Плаза оқиғасын алайық, біз Ішкі істер министрлігімен бірге зерттеу жүргіздік. Сол күні әлеу­меттік желіде жұрттың намысына тиіп, жанжалдарға шақырған «патриоттық» пікірлердің Астанадан жазылмағанын көрдік. Осындай тасада отырып, тас ату әдеті белең алып тұрғаны жасырын емес» дейді министр Д.Абаев. Министрдің сөзіне қарағанда, дәстүрлі бұқара­лық ақпарат құралдары мен жаңа медианың қарым-қатынасын те­реңдету керек. Бұл – үшінші мәселе. Себебі бүгінде әлеуметтік медианың басымдығы жайында жиі айтылады. Алайда соңғы зерттеулерге сәйкес, теледидар сияқты дәстүрді бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы әлеуметтік желіден үш есе артық. Сондықтан дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың мүмкіндіктерін ­шебер ұштастыра білген жөн.
Сондай-ақ министр еліміздің бұқаралық ақпарат саласындағы стра­тегиялық маңызы бар құжат келесі жылдың соңына таман ұсы­нылатынын жеткізді.
Әлеуметтік медиа дамыған ­сайын кәсіби мамандардың бағасы арта түсуде. Осы орайда министр форумға теледидар, радио мен баспасөз өкілдері не үшін ша­қы­рыл­ғанын түсіндірді. «Интер­неттің қарқынды дамуы коммуникация құралдарын бір арнада тоғыстырып, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың сабақтастығы күшейе түсуде. Сондықтан баршаңызды осы саладағы ең маңызды мәселелерді бірлесе талқылауға шақырып отырмыз. Форум барысында ортаға салынған пікірлер мен идеялар отандық ақпарат саласының дамуы­на үлес қосады деп сенемін» деді Д.Абаев.
Форум сессияларында сайттарды дамыту және оқырмандарды тарту, қазақ контентін түрлендіру мәселелері талқыланды. Басқосуға қатысушылардың әрқайсысы қазақ тілінде ақпарат таратуға қатысты өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасты. Елімізде тек қазақ тілінде ақпарат тарататын 120 қазақ сайты бар. Олардың саны жыл санап артып келеді. Өкінішке қарай, сайттардың саны көп, сапасы сын көтермейді. Оқырманды тартатын қызықты әрі сапалы материалдар аз. Елімізде сайтты түрлендіре алатын, интернетті жетік меңгерген ІТ мамандар тапшы. Сондай-ақ қазақтілді сайттар арасында бәсекелестік жоқ деуге болады.
«Мінбер» журналистерді қолдау қорының жетекшісі Есенгүл ­Кәп­қызы қазақтілді кеңістік­те қаржы-экономикалық материалдар аз екендігін айтты. Сайттардың көп­шілігі жеңіл-желпі тақырыптарды қаузайды. Қазақ сайттары бір-бірінің ақпараттарын көшіріп баса салады, жеке ізденісі жоқ. Мультимедиялық өнімдерді пайдалану көрсеткіші де төмен. «Тағы бір мәселе, ол – тақырыптың таяздығы. Қазақ сайттары көтеретін бірнеше тақырып қана бар. Ол – әлеуметтік мәселелер, тіл және ұлттық мәселе. Ал қаржы мен экономика саласына тереңдеп ене алмай келеді. Негізі, ондай тақырыптарға сұраныс жоғары» деп атап көрсетті Е.Кәпқызы.
Форум сессияларында осы са­ланың білікті мамандары қазақтілді сайттардың ақпарат кеңістігіндегі орны мен ерекшелігі, контент сапасы, оқырман талабы, жарнама және қаржыландыру, жаңа медиа мен қазіргі трендтер туралы ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасты.
Осылайша, қазақ сайттары редак­тор­ларының кезекті форумында дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиаға қатысты сындарлы ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылды. Саланың бүгіні мен ертеңі таразы­ланып, даму көкжиегіне болжам жасалды. Форумнан жақсы әсер алған қатысушылар шараны ұйым­дастырушыларға алғыстарын білдірді.

Дана ХАЛЫҚ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *