Құмар ойындарының қасіреті

Бірде аялдамада көп жыл көрмеген сыныптасымды кездестірдім. Түрі жабырқаулы көрінді. Жолымыз бір болып, хал-жағдайды сұраса бастадық. Ол маған кеңсе ашқанын, жеке кәсібінің бар екендігін  айтты. Сыныптасымның жетістігіне іштей қуанып қалдым.  Телефондарымызбен  алмасып, ара-тұра хабарласып тұрайық деп келістік. Біраз уақыттан соң сыныптасым хабарласа бастады. Кәсібіне тез арада ақша қажет деп, қарызға ақша сұрады. Кейін сыныптастарымның онымен мүлдем араласпайтындықтарын білдім.  Олар оның достарының сенімін пайдаланып, банктерден қарызға несие алдырғанын, кейін ол несиесін өздері төлеуге мәжбүр болғандығын айтты. Осылайша, бірнеше сыныптасын тақырға отырғызып, кете берген екен.  Кейіннен оның букмекерлік кеңселерде бәс тігіп, күндіз-түні сол жерлерден шықпайтынын, яғни құмар ойындарының құрбаны болғандығын білдік. Одан  құмар ойынына деген әуесқойлылығының кесірінен  әйелі, қарындастары, туған-туыстары, достары теріс айналған. Өз нәпсісі мен әлсіздігін жеңе алмай, қарызға белшесінен батқан сыныптасымды анасы емдетпек те болған. Бірақ ол әуесінің құмар ойындарына деген психологиялық тәуелділікке айналғандығын мойындамай, емделуден бас тартқан. Осындай түрлі оқиғалар қоғамымызда жиілеп бара жатыр. Құмар ойындары есірткіге құмарлықтан аспаса, кем түспейді екен. Тапқан-таянғанының бәрін бәске тігіп, бүкіл бос уақытын букмекерлік кеңселерде өткізетін адамдар алғашында бір-екі рет ұтысқа қол жеткізген соң, ылғи ұтамын, жолым бола береді деп қателесіп, бәс тігуін қайталап, букмекерлік кеңсенің құрығына ілінгендігін байқамай да қалады екен. Көзін шел басып, қайда барса да, ойында бәс тігу тұрады. Ал дерті әбден асқынған кезде ол ақша мен ұтыс үшін жақындарын сатуға да, тіпті қылмысқа барудан да тайынбайды. Осылайша  өз ортасынан, отбасынан алшақтай беріп, тек сол бәс тігу үшін ғана жұмыс жасап, құмар ойындары өмірінің мәніне айналады. Түрлі  ойындарға  психологиялық тұрғыдан әлсіз, өзіне сенімсіз, өмірде өз орнын таба алмаған, немесе керісінше, өзіне тым сенімді, өзімшіл жандар  тәуелді болады екен.

Ислам діні құмар ойындарына түбегейлі қарсы. Өйткені адамдарды азғырып, тура жолдан тайдырады, санасын улап, отбасынан, қоғамнан бездіреді. Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген:
«Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?». 
Құмар ойындарының зиянын тізбектеп жаза беруге болады.  Алайда бұл әр адамның өз еркі. Өйткені оған заң жүзінде рұқсат етілген.  Ешкімнің  де адамды  қалаған ісімен айланысуға шектеуіне  болмайды. Бірақ тура жолмен жүріп, қоғамға және өзіне пайдалы іспен шұғылдану абзал. Бос уақытты балаларға, олардың тәрбиесіне, рухани тұрғыдан жетілуге арнау арқылы адам өседі және дамиды. Кішкентай балаларды тәрбиелеуден гөрі құмар ойындарының құрығына ілініп, тәуелділікке ұшыраған ересек адамды тәрбиелеп, қоғам қатарына қосу әлдеқайда қиын. Сондықтан букмекерлік кеңсе табалдырығын аттамас бұрын, ертеңгі күні өкініп қалмаймын ба деп өзіңізге сұрақ қойып, жақсылап ойланыңыз. Құмар ойыны ешқашан мақсаттарыңызға жетіп, өмірден лайықты орныңызды табуға сеп бола алмайтыны анық.  Өкінішке орай, букмекерлік кеңселердің қызметіне біздің елде әзірге тосқауыл қойылмаған…

 

Үміт Жұмаділова




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *