Мақтаралда құрылысы жүріп жатқан білім ұяларына бақылау күшейеді

189

Мақтарал ауданында ыңғайластырылған білім ұяларының қатары жылдан жылға азая түсуі тиіс. Ол үшін мектеп құрылысына бөлінген республикалық және облыстық бюджет қаржыларын тиімді пайдалану қажет. Сондай-ақ, сапасына аса мән беріліп, құрылысқа бақылау күшейетін болады. Бұл туралы Асықата кентіндегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Жеңіс» мектеп гимназиясы мен Жылысу ауылдық округіндегі жаңадан құрылысы жүріп жатқан №114 мектептің жағдайымен танысқан аудан әкімі Ж.Бейсенбаев мәлім етті.

Аудан басшысы алдымен Асықата кентіндегі «Жеңіс» мектеп гимназиясына атбасын бұрды. Білім көрсеткіші бойынша ауданда екінші орыннан түспейтін білім ұясының ғимараттары ескірген. 1972 жылы 740 орындық типтік үлгіде пайдалануға берілген мектепте бүгінгі таңда 1159 оқушы 2 ауысымда білім алуда.

2017 жылы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжат мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына 345 миллион 341 мың теңге қаржы қаралған. ЖСҚ бойынша мектеп 7 блокқа бөлінген. Әрбір блогтар бойынша шатыр, есік, терезе, еден ауыстыру, электр желілері, бетон төсеніш, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, өртке қарсы дабыл қаққыш жүйелерін ауыстыру, сыртқы қабырғаны асполмен қаптау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

«Жеңіс» мектеп гимназиясының директоры аудан әкіміне мектептің жылыту жүйелерін ауыстыру және орталықтандырылған жылыту қазандығын орнату жұмыстары жобалық сметалық құжатта қаралмағанын жеткізді. Өз кезегінде аудан басшысы Жамантай Қанайұлы мәселені шешу үшін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Сансызбай Сейдалиевке тапсырма берді.

«Құрылыс сапалы болу үшін біз қадағалауды күшейтуіміз керек. Әсіресе, сапалы материалдардың қолданылуын басты назарда ұстауды кент әкімі мен құрылыс бөлімінің басшысына тапсырамын» — деді Ж.Бейсенбаев.

Мұнан соң өңір басшысы Жылысу ауылдық округіне қарасты Әл-Фараби ауылындағы 200 орындық №114 мектептің құрылыс барысымен танысты. 2017 жылдың желтоқсан айында басталған нысан құрылысына 608 миллион теңгеден аса қаржы қаралған. Жаңа ғимарат алдағы білім күнінде ел игілігіне беріледі деп күтілуде.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *