Өрт сөндірушілер жанып жатқан пәтерден бір әйел мен төрт баланы құтқарды

519

Оқиға нәтижесінде иісті газбен орташа дәрежеде улану диагнозымен 31 жастағы әйел мен 4 бала ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлайды, елорда әкімдігінің ресми сайты.

28 сәуірде сағат 10:00 шамасында Полиция департаменті ЖБО-ның «102» пультіне Құдайбердіұлы көшесі, 9/6 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен болатын.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларымен бірге оқиға орнына жедел қызметтер жеткен. 9 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде жиһаз, төбе жабыны, жатын бөлмедегі киім-кешектер мен заттардың жанғаны анықталды. Жалын 8 шаршы метр жерді шарпыды. Өрт сағат 10:10-да сөндірілді.

Оқиға нәтижесінде иісті газбен орташа дәрежеде улану диагнозымен 31 жастағы әйел мен 4 бала ауруханаға жатқызылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

«Тексеріс жұмыстарын жүргізу барысында полицейлер пәтерде отбасының өткен жылдың желтоқсанынан бастап тіркеусіз тұрып жатқанын анықтады. Баспана иесіне қатысты азаматтардың пәтерде тіркеусіз тұрып жатқаны үшін әкімшілік хаттама (ҚР ӘҚтК 493 бабының 5 тармағы) толтырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Полиция департаменті үй иелерінің өз үйінде уақытша бір айдан астам тұратын азаматтарды міндетті түрде тіркеуі керектігін еске салады. Кері жағдайда, пәтер иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұлдың мөлшері 25250 теңгені немесе 10 АЕК құрайды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *