Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 15 Наурыз, 2021

Исламның Arqalan мектебі

Білім беру орталықтарының қатары көбейіп келеді. Соған сай бәсеке мен сапаның артып келе жатқанын байқаймыз. Кейіпкеріміз Ислам Бөріхан – Назарбаев университетінің түлегі, оған қоса Arqalan мектебін ашқан жас кәсіпкер. Мектеп онлайн және офлайн форматта жұмыс істейді. Оқушыларды әлемнің үздік жоғары оқу орындарына және Назарбаев университетіне оқуға түсуге, «Болашақ» стипендиясының иегері болуға,  IELTS тапсыру мен ағылшын тілінде еркін сөйлеуге үйретеді. Исламның айтуынша, мектептің атауы Абай өлеңдерінің философиясымен байланысты. Университет бітіре салып оқу орталығын ашу, яғни жалпы кәсіпкерлікке келу жолы туралы кейіпкеріміз баяндап берген еді.

Жәутіковке келуі туралы...

– Шымкент қаласындағы №40 және №8 мектептерде оқыдым. Үздік оқушылардың қатарында болдым. Ата-анам сабағым мен емтихандарымды қадағалайтын еді. 9-сыныптан бастап Алматыдағы О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернатында оқыдым. Бастапқы кезде Шымкенттің гуманитарлық бағытындағы мектебінен бірден О.Жәутіков атындағы мектепте оқу біраз қиын болды. Күнде мұғалімдер тақтаға есеп жазып қояды. Ал мен болсам есепке қарап, түк түсінбей отыратын едім. Бірақ іштей осындай сабақтар өткеніне риза боламын. Шымкенттен үздік оқушы болып келсем де, физикадан алғаш рет емтихан тапсырғанда, «2» алғанмын. Содан мектептегі мықты оқушылармен өзімді салыстырып, «Неге мен осылай істей алмаймын? Неге олар біледі? Ал мен білмеймін» деп іштей сұрақ қойып, сабаққа қатты дайындала бастадым. Күніне 40-50 есеп, ең аз дегенде 20 есеп шығаруға береді. Интернатта 22:00-ден кейін жарықты өшіріп тастайды. Содан тәрбиеші апаймен келісіп, дәліздегі сығырайып жанып тұрған жарықты пайдаланып есеп шығарып дайындалдық. Тіпті жарысып оқитындай дәрежеге жеттік. Іштей «сонша жерден келіп, оқудан шығып кетсем ұят болады» деген ой мені қайрап отырды. Бірақ университетке түс-кенде өзіме дым қиын болмады. 

Назарбаев университетіне түсуі...

О.Жәутіков атындағы физматқа алғаш келгенде Назарбаев университетіне оқуға түскен түлектерді мұғалімдер мақтайтын. Содан менің де мектеп мақтаны-шы болатындай Назарбаев университетінде оқығым келді. Тіпті, оның әлі күнге дейін еске түсіретін оқиғасы бар. Жоғарыда айтқандай, интернат жатақханасының жарығын 22:00-де өшіріп тастайды. Бір сәт үнсіздікте «жігіттер» десем, бәрі ояу екен. Сол сәтте: «11-сынып бітіргенде тек Назарбаев университетіне немесе шетелге оқуға тапсыру керек. Ондай мүмкіндік болмаса, басқа жерге түсудің қажеті жоқ», – деп қатты айтқаным бар. Дайындықты да бірден бастап, шынымен де Назарбаев университетіне оқуға түстім. Айтпақшы, мектепті «Алтын белгі» мен «Мектеп мақтанышы» марапатымен тәмамдадым.

Мамандық таңдауы...

Әкем менің дипломат болғанымды қалады. Ал маған бұл мамандық аса қатты қызығушылық тудырмады. Өзіме қаржы саласы мен математикалық модельдеу сияқты салалар қызық еді. Содан Назарбаев университетінде математика мен қаржыны байланыстыратын экономика мамандығына оқуға түстім. Оған қоса, әкемнің көңілін қалдырмайын деп «Халықаралық қатынастар» мамандығының сабақтарын қосымша оқыдым. Өзіме не керек екенін түсіну үшін foundation жылында екі саланың сабақтарын қатар оқып, жаныма жақын эконо-миканы таңдадым. Назарбаев университетінде студенттік жылдарымның ең керемет кезі өтті деп ауыз толтырып айта аламын.

Қандай оқушы, қандай студент болды?

Мектеп кезінде де, студенттік жылдары да өте белсенді болдым. Бірақ 10-сыныпта жүргенде, тәртіпсіздігім үшін «Мектеп мақтанышына» үміткерліктен түсіп қала жаздадым. Өзім талай түлектің «Мектеп мақтанышына» бітіргенін көріп, қатты қызықтым. Бір жағынан ата-ана үшін баланың жетістігі бір мәртебе ғой. «Мектеп мақтанышы» деген марапат пен төсбелгіні көріп, «Неге мен ала алмаймын, алуым керек» деп мақсат қойдым. Содан 11-сыныпта тәрбие ісінің меңгерушісімен сөйлестім. Өзімнің тентектігімді доғарғанымды және «Мектеп мақтанышы» марапатын алу үшін не істеу керек екенін сұрадым. Тәрбие ісі меңгерушісі концерт немесе іс-шара өткізуім керек екенін айтты. Содан акт залында көрерменге лық толған «Жігіт сұлтаны» байқауын ұйымдастырдым. Ұйымдастырушы әрі жүргізуші ретінде қазыларды таңдап, сценарий жазып, қатысу-шыларды іріктеп, жеңімпаздарға сыйлық дайындап, бәрін үтір-нүктесіне дейін ойластырып өткіздім. Содан бір аптадан соң тәрбие ісінің меңгерушісіне барсам, ұйымдастырған жұмысым «Мектеп мақтанышы» марапатын алуға әлі де жетпей тұр екен. Тағы бір шара ұйымдастыруға тапсырма берді. Мен де алған бетімнен қайтпай, «Физмат дауысы» деген байқау ұйымдастырдым. Қателеспесем, бұл байқау әлі де дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Әупірімдеп жүріп «Мектеп мақтанышы» марапатын да алдым. Студент кезімде Наурыз немесе Абайдың мерейтойы сияқты шараларды апайым «өзгелер де білсін» деген ниетпен іс-шаралар ұйымдастырады. Ал мен апайымның көмекшісі болдым. Мысалы, 3000 адамға ас беретін шара болса, оның да ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі, қонақтарды қарсы алу, ас мәзірін жоспарлау сияқты жұмысын орындадым. Содан қазіргі кәсібімнің алға басуына сол кездегі белсенділігім оң әсерін беріп жатыр.

Кәсібі туралы

Мектеп кезінен әлемдегі ең үлкен компаниялардың басшыларына қызығатын едім. «Олар кішкентай кезінде қандай болды?», «Университетте қалай оқыды?» деп зерттеп жүрдім. Бірақ өзім университет бітірген соң бірден кәсіп бастап кетемін деп ойлама-дым. Бар арманым Big four немесе Big three сияқты жерде жұмыс істеу еді. Big three-ге жұмысқа кіре алмадым. Оған білімім мен тәжірибем жетпеді. Ал Big four-да жұмыс істеп көрдім. Адамның ойлағаны мен іс жүзіндегі жұмысы екі түрлі болатын кезі болады ғой. Мен де сондай сезімді бастан кешірдім. Содан кәсіп бастағым келсе де, біразға дейін жүрексініп жүрдім. Мемлекеттен кәсіпкерлікке байланысты ұйымдастырылған бір байқауға қатысып, аяқ астынан жалғыз өзім жоба қорғап, 100 адамның ішінде жеңімпаз атанып кеттім. Содан грант жеңіп алуыма байланысты жұмыстан шықтым. Бірақ мен студент кезімнен кәсіппен айналысқам. (Кәсіби болмаса да, алып-сату, делдал да болдым, артылып қалған заттарды да сатып жіберетін едім). Ең алғашқы кәсібім десе де болатын шығар, 8 наурызға қарай гүл сататын едім. Алғашқы жылы алып-сатумен айналыссам, келесі жылы «бокс» дайындап сата бастадым. Сол кезде қомақты қаржы жинап, ақшаны айналымға жұмсай алаты-нымды түсіндім.

Arqalan мектебі қалай ашылды?

Мемлекеттен грант жеңіп алған соң, оны игеру қажет болды. Сол кезде кәсіби тұрғыдан білім мен тәжірибем жетіспеуінен қателіктер жасадым. Ал Arqalan мектебіне келетін болсам, оның атауы Абай өлеңдерінің философиясымен байланысты. Университетте мені Абай шығармашылығымен таныстырған Гүлтас апайға шексіз алғыс білдіремін. Сол кезде Абай өлеңдерін оқып жүрдім. Ал мен кәсібімнің атауы А әрпінен басталғанын қаладым. Өйткені бренд компаниялардың алфавит рейтінгінде А әрпі ТОП тізімде тұрады. Ағылшынша және қазақша жазғанда түсінікті болатын Arqalan атауын таңдадым. Атау Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге...» өлеңінің үздіксіз даму, өзіңді табу философиясына құрылған. Мектебіміз бастапқы үш ай тегін жұмыс істеп, кәсіп алға баспады. Тек кеңсенің жалдамалы ақысын төлеп отырдық. Бірақ қазір бәрі реттелді. 15-ке жуық маманмен былтыр 1000-нан астам оқушы оқыттық Төрт баламыз $100,000 грант жеңіп алды. Сонымен қатар «оқуға шын ниеті бар», бірақ әлеуметтік жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасының балалары жеңілдікпен, тіпті тегін оқығаны да бар. 

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №10

1693 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз