Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 09 Қараша, 2018

15 өңірде заңсыз өсірілген жарық бағасы тұрғындарға қайтарыла ма?

Елімізде ондаған монополист компанияның жылу мен жарықтың ақысын әдейі өсіргені белгілі болды. Бұл жағдай Бас прокуратураның тексеруінен соң анықталған.

Олар қандай компаниялар?

"Астанаэнергосбыт" астаналықтардан 2,6 миллиард теңге артық ақша алған."Қарағанды Жарық", "Жамбыл электр желісі", "Талдықорған жылу", "Көкшетау" мен "Қапшағай жылу" компаниялары 1 млрд теңге көлемінде заңсыз пайда тапқан.

Монополистер Алматы облысында жұртты алдап, 6 млрд 600 млн теңге сыпырып алған. "АлматыЭнергоСбыт" 1 миллиард 100 миллион теңге, "АлматыЖылуЖелілері" де 1 миллиард 100 миллион теңге, "АлматыСу" 600 миллион, "ҚазТрансГазАймақ" 1 миллиард 300 миллион. Ал "Алатау Жарық Компаниясы" болса, тұрғындарға төлемақыға үстеме 2 миллиард 100 миллион теңге төлеттіріп қойған.

Жалпы айтқанда халық 29 млрд теңге артық төлеген болып шықты. Бұл туралы informburo.kz сайты хабарлайды.

1 қыркүйектен бастап электр қуаты қымбаттаған.  Ол туралы "Астанаэнергосбыт" ЖШС 15 қазан күні мәлімдеген. Тұрғындарға жіберілген коммуналдық түбіртекте электр энергиясы қымбаттаған.

Электр плиталарын пайдаланатын жеке тұлғаларға:

  • Ең төменгі тариф (90 кВт дейін) – 10,44 теңге/кВт (ҚҚС есебімен). Түсініктеме беріп кетсек, ҚҚС дегеніміз – қосылған құн салығы;
  • Орташа тариф (90-нан 180 кВт дейін) – 15,40 теңге/кВт (ҚҚС есебімен);
  • Ең жоғарғы тариф (180 кВт және одан жоғары) – 19,25 теңге/кВт (ҚҚС есебімен).

Ал, электр пешін қолданбайтындардың ең төменгі тарифі қымбатырақ. Яғни, 11,27 теңге. Орташа мен ең жоғарғы тариф бәріне бірдей.

Естеріңізде болса, тамыз айында ең төменгі тариф 9,61 теңге/кВт (ҚҚС есебімен) болса, орташа тариф 15,59 теңге/кВт еді. Ең жоғарғы тариф 19,49 теңге/кВт болып есептелген болатын. Байқағаныңыздай, біршама қымбаттаған.

"Астанаэнергосбыт" ЖШС бағаның қымбаттағанын электр энергиясын қымбатқа сатып алуымен түсіндірген. Тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен. Іс жүзінде бұдан екі есе арзанға алған болып шықты. Нәтижесінде елордалықтар 2,6 млрд теңгені артық төлеген. Дәл осындай әдіспен өзге де арамза компаниялар аңқау елді алдаған болып шықты.

Елімізде электр энергиясын жеткізетін 43 қана кәсіпорын бар. Соның өзін Энергетика министрлігі қадағалай алмай отыр деді Президент. Мәселен, Павлодарда электр энергиясын өндіріп, оны сатып алып, Астана тұрғындарына жеткізетін үш бірдей компания бар екен. Бірақ, үшеуінің де иесінің бір екені анықталды. Кеше ғана жүгенсіз кеткен компанияларға қатаң тапсырма берілді. Енді халықтан жымқырған қаржы қайтарылуы тиіс.

Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, компанияларға 2009 бен 2015 жылдар аралығында тарифті екі есе көтеруге рұқсат берген. Ол кезде тозығы жеткен қондырғыларын жаңартып алу үшін осындай шешім шығарған. Сөйтіп, 2016 жылдан бастап электр құны арзандау керек болған. Бірақ, қондырғылар сол күйі ескі. Ал екі есе баға әлі күнге төмендемей келеді.

Қазан айының көрсеткішін қарашада төлейтінін білесіздер. Электр энергиясының тарифі қымбаттамай тұрғандағы бастапқы бағамен есептеледі. Қыркүйек айындағы көтерілген тариф бойынша қайта есептеу жүргізілді. Коммуналдық төлем туралы түбіртекте әрбір тұрғынға артық алынған қаржы қайтарылады. Яғни, жалпы коммуналдық төлемнен шегеріледі, – дейді "Астанаэнергосбыт" ЖШС баспасөз хатшысы Эльмира Құсайынова.

Айта кетейік, прокурорлардың тексерісінен кейін 14 өңірде жылу мен жарықтың бағасы төмендеді. Жұртты алдаған компания басшылары 160 миллион теңгеге жуық айыппұлды арқалады. Әрі 10 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Пәтерде неғұрлым көп адам тіркелген сайын, соғұрлым электр энергиясы үшін төленетін төлем аз есептеледі. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мекен-жай анықтамасын алып, электр энергиясын жеткізетін мекемеге өткізесіз.

Қайта есептеу дегеніміз – коммуналдық түбіртектегі төлемнің өзгеріп, қосымша қаржының қосылуы немесе алынуы. Электр энергиясын жеткізуші компанияның бағаны негізсіз көтергені анықталса, артық алынған қаражат үшін қайта есептейді. Нәтижесінде қалтадан қаққан қаражат тұрғындарға қайтарылады. Сондықтан, түбіртектегі әрбір көрсеткішке мән беріп, есептеп жүріңіз.

– Егер үйіңіздегі электр энергиясының көрсеткішін қызметкерлерге айтпасаңыз, онда тәуліктік орташа шығын бойынша есептеледі. Яғни, алдыңғы айларда тұтынып жүрген жарық негізге алынады. Қайта есептеудің екі ұшы бар.

Егер көрсеткіш тәуліктік орташа шығыннан аз болса, тұтынушының төлеген артық ақшасы қайтарылады. Керісінше, жарықты тәуліктік орташа шығыннан көбірек пайдаланса, тұтынушы қосымша қаржы төлеу керек. Тұрғындар көрсеткішін қайтадан есептеткісі келсе, өңіріндегі электр энергиямен қамтамасыз етіп отырған мекемеге құжаттарын алып барып, өтініш жазғаны жөн. Немесе Астана қаласында 91-88-88 және 91-83-33 нөмірлеріне қоңырау шалып, абонент нөміріңізді айтсаңыз болғаны. Қызметкерлер мән-жайды толығымен түсіндіріп береді, – деді "Астанаэнергосбыт" ЖШС баспасөз хатшысы.

– 4 қазаннан бастап Астанада көпқабатты тұрғын үйлер жылу беру жүйесіне қосыла бастады. 2018 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап жылудың да тарифі өзгерген. Бірақ, алдыңғы айға қарағанда біршама төмен. Сондықтан, жылу үшін қайта есептеу қарастырылмайды.

Жылу энергиясымен жабдықтау бойынша орташа босатылатын тариф – 2 581,40 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен).

Жылу энергиясымен жабдықтау бойынша сараланған тарифтер:

  • Есепке алу аспаптарымен – 2 573,47 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен);
  • Есепке алу аспаптарынсыз – 3097,67 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен);
  • Жылу энергиясын есепке алудың үйге ортақ аспаптарын орнату үшін техникалық мүмкіндігі жоқ ескі, апаттық үй-жайларда, барак типтес үйлерде тұратындар – 2 581,40 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен).

Жылу үйдің ауданына, ауа-райына байланысты беріледі. "Қазгидрометтің" болжамына сәйкес, жылудың мөлшері бөлінеді. Егер ауа-райының температурасы төмен болса, онда жылу көптеп жіберіледі. Сонда күн суық болған сайын тұрғындар жылуға көбірек төлейді.

– Тұтынылған энергия үшін уақытылы төлем жасау керек. Әйтпесе, әр кешіктірілген күн үшін энергия сомасының 0,1% көлемінде есептеледі. Айдың 25-не дейін, нақтырақ айтқанда, тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасында келісім-шартта көрсетілген мерзімде төлеу керек, – дейді Эльмира Құсайынова.

1456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз