Шымкентте дәрігерлер індеттен көз жұмған әріптестерін еске алды

204

Жалпыұлттық аза тұту күнінде Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының ұжымы да қауіпті індеттен қаза тапқан әріптестерін еске алды. Қиын сәтте науқастардың жанынан табылып, күндіз-түні еңбек етіп жатқан мекеме дәрігерлері індет салдарынан үш әріптесінен айырылған. Өмірлерінің соңына дейін қызмет жасап антына берік, істеріне адалдық таныта білген дәрігерлерді бұл күні ұжымдастары бір минут үнсіздікпен еске алды.

Солардың бірі — аурухананың білікті хирургі Уәлибеков Жәнібек Жұмашұлы. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік Медицина институтын тәмамдағаннан соң, 27 жыл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған азамат әріптестері алдында да сыйлы болатын. Осылай деген марқұмның қызметтес досы, әрі курстасы Талғат Шәуенов бақилық болған әріптесінің жедел хирургиялық көмек көрсету саласына сіңірген еңбегі мол екендігін айтады. Сонымен бірге алтын қолды дәрігер Жәнібек Жұмашұлы өмірінің соңғы күндеріне дейін өз міндетін абыроймен атқарған.

№1 қалалық клиникалық ауруханасында №1 Хирургияның аға медбикесі болып талай жыл жұмыс жасаған Байменова Гаухар Аштайқызы да жуырда осы бір қауіпті індет салдарынан көз жұмған. Сонымен бірге, саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, ұзақ жылдар бойына нақ осы мекемеде Гинекология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Әбдіқұлова Мәриям Қабылбекқызы да әлемді шарпыған індеттен айыға алмай бақилық болған. Қашан да өз ісін абыройлы атқарып әрдайым біліктілігін таныта білген дәрігерді бүгінде әріптестері қимастықпен еске алады.

Өмірлерінің соңына дейін күндіз түні жұмыста науқас жанының арашасы бола білген ақ халатты абзал жандарды бұл күні әріптестері бір минут үнсіздікпен еске алып,ұжымдастарының рухына тағзым жасады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *