«САРЫАҒАШТЫҢ» ШИПАЛЫ СУЫ шетел нарығына шығарылады

275

Оңтүстіктің бренді саналатын «Сарыағаш» минералды ауызсуы шетел нарығына шығарылатын болды. Өңірдегі жерасты суын өндіретін кәсіпорын мемлекеттен төмен пайызбен қомақты несие алған. Енді зауытты заманауи қондырғылармен жабдықтау жұмыстары қолға алынуда.

Неизвестный объектЗауыттың негізі осыдан тура 18 жыл бұрын қаланған екен. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан қондырғылар біршама ескірген. Оны жаңғыр­туға қаржы қолбайлау болыпты. Кәсіпкердің өндіріс қуатты­лығын арттырсам деген ойына мем­ле­кеттік бағдарлама қолдау болған. Кәсіпорын қазірдің өзінде сағатына табиғи минералды су құйылған 3,5 мың дана дайын өнім шығарып жатыр. Зауыттың қуаттылығы болашақта екі есеге дейін артады.
Қазірдің өзінде ішкі нарықтың 75 пайызын қам­тамасыз етіп отырған кәсіпорын болашақта отандық өнімді шетел нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Мың метр тереңдіктен шығып жатқан жерасты суы бірнеше қайтара сүзгіден өткізіліп барып, ыдыстарға құйылады. Судың құрамы жіті бақыланады. Оны қадағалап отыратын жеке зертханалар бар.
«Судың құрамындағы химия-физикалық процесті қадағалап отырамыз. Микробиологиялық өзгерістері де бақыланады. Минералды су құрамындағы микрокомпоненттер мен микроорганизмдерге қарап, ерекшеленеді. Бұл табиғи минералды ас суы болғандықтан, оны күнделікті іше беруге болады», – дейді зауыт зертханасының меңгерушісі Любовь Одногол.
Зауыттағы жұмыстардың бірқатары бұған дейін қолмен атқарылатын. Ал енді орнатылатын жаңа жүйе толықтай компьютермен басқарылады. Кәсіпорын басшылары соның арқасында болашақта отандық тауарды Кедендік одақ аумағы мен Еуропа елдерінің нарығына шығаруды көздеп отыр.
«Жаңғырту жұмыстары зауыттың қуаттылығын арттырып қана қоймай, өнімге  деген сұранысты толық қам­тамасыз  етуге мүмкіндік береді. Судың құрамын анық­тау үшін біз Еуропаға тексеруге жібереміз. Арнайы мамандар сараптамадан өткізіп, зертханалық жұмыстардың қорытындысын жібереді. Соның негізінде сертификат аламыз», – дейді зауыт басшысының орынбасары Құрбанкүл Чинакулова.
Кәсіпкер мемлекеттен 75 млн теңге көлемінде төмен пайызбен несие алған. Оның өзінде 14 пайыз үстеменің тең жартысын ғана төлейді. Бұл бірінші кезекте отандық тауар өндірушілерге үлкен көмек және сырттан тасымалданатын тұтыну тауарларының санын азайтуға мүмкіндік береді. Зауыттағы ескірген қондырғылар енді бірер аптада жаңасына ауыстырылады. Сонда кәсіпорынның қуаттылығы артып, ішкі нарықтан артылған отандық өнімді шетке жөнелтуге болады, екен.

Ибрагим Бекмаханұлы




One thought on “«САРЫАҒАШТЫҢ» ШИПАЛЫ СУЫ шетел нарығына шығарылады

  1. Самал

    Қолда бар алтынымызды қадірлемейтін халықпыз ғой.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *