444

Періштенің әйелі бар ма? Айналайын Абай-ай… Асабалардың арнайы курстары керек пе?

Қандай және қай тойыңызға да арнайы асаба керек-ақ.

Бүгінде қай жағынан да талғам биігінен шығатындай асабалар аз дей алмаспыз. Бұл өзі жап-жақсы кәсіп боп тұрыпты. Мықты асабалардың табандары жерге тимейді. Тұрмыстары жаман емес. Қалаларыңыздың құлақтандыру қағылар қалқандарынан, жарнама жапсырар жабдықтарынан асабалар хақындағы ақпараттар мен хабарламаларды оңай табасыз. Бірақ белгілі, айтулы асабаларды ерте бастан қамдастырып қоймасаңыз, сан соғып қалуыңыз бек мүмкін.

Асабаларыңыз, әсіресе, басқа той-томалақтарыңызды қайдам, бай-бағыландар шақырар беташарға құлдыраңдап құмбыл жетеді. Жаңа түскен жас келіннің бетін ашарда ақша тасталатын мөлдір шыны ыдыс қойылар. Одан кімнің қанша тастағаны көрініп тұрар. Көзге түсіп қалғысы барлар аямайды-ай ақшаны. Долларыңыз, еуроңыз, теңгеңіз дегендей. Кей мырзалар әлгі мөлдір бәнкідегі түсімді түгелдей асабаға асатар. Енді-енді ғана есеп-қисапқа жүйріктер ес жиып, беташардың да нарқын арнайы белгілейтінге көшіп жатқан секілді.

Беташар бір есептен ақша жинау акциясына, шыны ыдысқа сома салудан жарысатын жағымсыз, жат қылыққа, қазақ дәстүрінде жоқ жабайы, дөрекі бәсекеге кетіп-ақ қалды. Ақшаны «аямай» тастаушылардың асып-тасу, әулекілігі, даңғойлығы бадырая байқалып тұрады. Келіннің беташары тұсында мектепте оқитын балалар, жас өскін ұл-қыздар, балабақшаға баратын балдырғандар өте-мөте көп қатысады. Солардың да аттары аталып, үлкендердің демеушілігімен олар да ақша салады. Осындай-осындай оспадарсыздықта тәрбиелік, тәлімдік мән-мәніс бар ма? Кейбір асабаларыңыз қазақы дәстүрдегі беташардың өнегелі, қисынды, құнарлы сөздерін, өлеңдерін ән-әуенмен әдіптей жеткізеді. Ал бәзбіреулері қарадүрсін қайталаулармен қажытып-қалжыратады. Ұлттық ұнасымнан, жұрттық жарасымнан жұрдай «жырмен» төпелеп, «анаған да бір сәлем», «мынаған да бір сәлеммен» мөлдір бәнкіге ақша салдырмақты ғана күйттейді.

Асабалардың бірталайы дін турасынан онша хабардар болмаса-дағы, шариғи білімі шектеулі екендігіне қарамастан, осы бағытта да суырыла сөйлемекке, ақыл-кеңес айтпаққа әуес. Діни ұғымдарды ұғына алмайтын асаба діни сөздерді пайдаланбаққа тыраштанса, не шара? Хадистерден қағидалар келтірмекке әрекеттеніп, күлкіге қалады. Анық білмеген, түптей түсінбеген нәрселерге тіл безеудің қажеті жоқтығына ақылы жетпейді. Мәселен, талай тойдың асабалары анекдотқа аса жақындығын аңғартады. Ара арасында «Осы тілектеріңіз періштенің әйелінің құлағына шалынсын», дейді. Осыған шынымен-ақ шиқылдай күлетіндер табылады. Періштелерді Алла тағала айрықша жаратқанын, олардың ішіп-жемейтінін, туып-туылмайтынын, әйелі де болмайтынын білмейтін асабалар жоғарыдағыдай күнәһар сөзді бір емес, бірнеше мәрте қайталап, күлдірем дейді. Бүлдіріп тұрғанын білмейді.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды деген ғой бұрынғы бабаларымыз», деп көсіледі кей асабаларыңыз. «Періштеде несі бар-ей, бұ шіркіндердің?» дейсіз ондайда. Адамзаттың Абайы қазақ мақалдарының бірталайын мұқым-мүлде теріске шығарған. «Не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғынын» айтып-ақ кеткен. Данышпан ақын, теңдессіз ойшыл: «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткірлер-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны», деп ренжіді емес пе?!

Әнекиіңіз, Абайыңыз осылай дейді. НЕбір сұмдығымызды, құныққан қанағатсыздығымызды «ақтап» алу үшін не айтпаймыз, нені мақалдатып-мәтелдетпейміз біз пенделер…

Асабаңызға жүктелер жауапкершілік аса жоғары. Көпшілікті баурай білмек қабілет, туабітті бейімділік, суырыпсалмалық қасиет өз алдына, бұлармен бірге ол ұлтыңыздың ғана емес, әлем халықтарының құндылықтарынан, әдет-ғұрыптарынан, арғы-бергі тарихынан, салт-дәстүрінен жан-жақты хабардар, туған тіліне шебер, көркем әдебиеті мен мәдениетінен терең білімді, білікті болмағы шарт. Асабалықты тек табыс көзі ретінде түсінетін тайқымаңдай «тамадалар» бұл кәсіптің қадірін кетіреді. Сондықтан да асабалар үшін арнайы орталық ашып, курстар, семинар-сабақтар ұйымдастыру керек, лицензия беру жағын қарастырса қайтеді, дейтін ұсыныстарды да ойға салған жөн сияқты.

Той деңгейі қай жағынан да биіктеп барады. НЕбір эиталық тойханаларда элиталық тойлар өтіп-ақ жүр. Тойхана, мейрамханалардың өзі жоғары, орташа, төмен дәрежелерге бөлініп үлгерді. Кезінде «Егемен Қазақстанда» «Эита қайда, ел қайда?» деп те жазғанбыз. ГЕнералдар да оқыған шығар. Әзіл-шынын араластырайықшы. Жоғарыдағы Жеңісбай Сұлтанов пен оның интернаттасы — сіздің тілшіңізді салыстырсаңыз, бәрі айқындалар. Генералдың тойында Алматы мен Астанадан он бес жұлдыз шақырылғанын айттық қой. Сон,да орта есеппен отыз бес, қырық мың доллар төленді-ау. Ал сіздің тілшіңіздің тойына жергілікті жеті әнші келіп, тегін шырқап: «Ағай, сізге қосқанымыз», деп кеткен. Әрине, әркім көрпесіне қарай көсілуге тиіс. Бірте-бірте жалған намыс, әулекі жарыс, әсіреңкі бәсеке, орынсыз «ұялыс», «жаяудың аттыға ілесіп, таңын айыруы» қалатын болар. Қазірдің өзінде кей реттерде етжақын елу-алпыс адамға, тонның ішкі бауындай жүз жиырма кісіге ғана той жасауға ұмтылыс байқалады. Құдалық дегеніңіз бұрынғыдай бірнеше күнге созылмайды. Жиырмашақты үйді аралаумен арып-шаршау жоқ. Уақытты үнемдеп, жарты күнде тәмамдау үрдіске айналуда. Өзге де өзгерістер өмірге келіп жатыр. Дәстүрге еніп жатыр.Ең бастысы элитанікі ме,елдікі ме — тойдың бәрін дәл уақтысында бастап,жұртты жалықтырмай,жарасымды аяқтауға батыл бетбұрыс керек.Тіл мәдениеті,сөйлеу мәнісі,пікір мазмұны,қысқалық пен нұсқалық,бірін-бірі ешқашан қайталамау арқылы,әнші-күйші-бишілер, өзге де өнерпаздар арқылы,асаба шеберлігі және ұлттық салт — дәстүрлерді, рәсімдерді жаңашылдықпен үйлестіру арқылы тойдың тағылымдық,тәрбиелік мәнін,парасат сапасын биіктете бермек қажет.Мүндігінше ішкілік жағын азайту,бірте-бірте ішкіліксіз тойларға көшу — орындалмайтын мақсат емес.Қазекемнің қымыз-қымыраны барда.

 Біздікі біраз-біраз бағамдаулар мен байыптауларға бастамақ талпыныс қана.Той турасында түйіндеулер топшылап,нақтылы әрекеттер жасау әркімнің өз еркінде.Алайда өз еркім,өз ісім деп өркөкірек өзімшілдікке бой алдыру,семіздікті көтере алмай,көкке шапшу,нарықты желеулетіп,қазақы қалыпты бұзу жиірек көрініс тауып жүр.Алаш ардақтысы, жазушы Жүсіпбек Аймауытов бүй депті: «Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді.Ұлты көркейсе ғана өзі көркейеді.Ұлт бақытты болса,ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарына да ортақ.»

Әнекиіңіз, көрдіңіз бе? Демек, тойды да әрбір қазекең  ұлттың қамын ойлай отырып,ұлт бақытын көздей отырып жасауға парыздар..

 

Мархабат БАЙҒҰТ

жазушы, Алаш әдеби сыйлығының иегері

Дереккөз:dasturkb.kz




Пікір қалдыру