AKSH SIRIA

АҚШ Сирия бойынша келіссөздерді Астанада өткізу бастамасын қолдады

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Сирия бойынша Астанада өтетін кездесу істің алға жылжуына ықпал ететінінен үміттенетінін айтты, деп хабарлайды Риа Новости.

«Біз Астанада өтетін кездесу алдыға жасалған зор қадам болады деген ойдамыз, әрине, егер ол болатын болса. Көзқарастардың өзгеруі мен Сирияда болып жатқан жағдайларды ескергенде кездесуге қатысты күдік те жоқ емес»,-деді Керри Вашингтонда өткен баспасөз-мәслихатында.

«Біз Астанада өтетін кездесуді қолдаймыз және ол алдыға қадам жасауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Мен Де Мистурамен (БҰҰ- арнайы елшісі) сөйлестім. Біздің барлығымыз келісеміз, мақсатымыз бұрынғысынша қалады. Яғни бізге Женеваға барып, нақты келіссөздер жүргізуіміз қажет»,-деді Керри ақпанда Женевада Сирия мәселесі бойынша өтетін кездесуді меңзеп.

Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин Түркия басшысы Режеп Таийп Ердоғанмен Сириядағы жанжалдасушы тараптардың бейбіт келіссөздерін Астанада өткізу жөнінде келіскендігін айтқан болатын.

Оның сөзінше, жаңа алаң Женева келіссөздерін толықтыруы мүмкін. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған бастаманы қолдап, мұндай келіссөздер үшін Астанадан алаң ұсынуға дайын екендігін жеткізді.

Астанада кездесу 23 қаңтар күні, ал, Женевада 8 ақпанда өтеді деп жоспарлануда.

ҚазАқпарат  агенттігі




Пікір қалдыру