Мәдени мұра – мәңгілік мұра

Kenzhebolat  JoldybaiКенжеболат  Жолдыбай, саясаттанушы

Уинстон Черчилльге 1943 жылы бюджетті бекітуге алып келгенде, ол онда мәдениет саласына қаржы бөлінбегенін байқайды. Оның себебін сұрағанда, «соғыс жүріп жатқанда мәдениетке ақша бөлудің қажеті қанша» деген уәжге, Черчилль: «Мәдениетті ұмытсақ, несіне соғысып жатырмыз», деп бюджетке қол қоймай жіберіпті. Адамзат дамуының сапалы сатысына аяқ басуымыздың кепілі ретінде ХХІ ғасырға ЮНЕСКО тарапынан мәдениет ғасыры деген атаудың телінуі де, ал, 2000 жылдың Қазақстанда «Мәдениетті қолдау жылы» деп ресми түрде жариялануы да тегін емес.

Неизвестный объектОсы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған халқына арнап жазған «Ұлы Дала ұлағаттары» атты туындысы ойға оралады. Сол мақалада: «Тәуелсіздік алған жылдары халықтың тұрмыс-тірлігінде көптеген қиыншылықтар болды. Көп нәрсе жетпей жатты. Бірақ, соған қарамастан, мемлекетіміз азаттықтың алғашқы жылдарынан бастап ел мәдениетіне қолдау көрсетудің сындарлы бағдарламасын жасап, руханияттың шеттеп қалмауына барынша жол ашудың бағытын ұстанды. 1993 жылы Қазақстанның мәдениетіне – әдебиеті мен өнеріне елеулі еңбек сіңірген, Отан руханиятының дамуына кезінде ерен қолтаңба қалдырған қайраткерлерді қолдау мақсатында жүз адамға Президенттік стипендия тағайындадық. Заман қандай қыспаққа алса да, біз осы тізімді жыл сайын, жиырма үш жылдан бері тұрақты жалғастырып келеміз. Мұның сыртында жыл сайын жас таланттарға берілетін «Дарын» мемлекеттік сыйлығы, ғылымның жас толқынына берілетін арнаулы сыйлықтар және бар. Бұларға қосымша жыл сайын елеулі еңбек сіңіріп жүрген осы саланың жас озаттарына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Екі жылда бір рет әдебиет пен өнер саласындағы үздік шығармаларға Мемлекеттік сыйлық тағайындалады» – дейді Елбасымыз.
Иә, мемлекет тарапынан осылай мә­де­ниет саласына ерекше мән бе­рі­ліп, нақты қолдау көрсету жолға қойылды. Атап айтқанда, 2003 жылы Президент Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің мәдени мұрасын, гуманитарлық білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлық тәжірибені бірік­тіруді зерттеудегі бірыңғай жүйе қалып­тастыруға бағытталған бағдарлама жасауды тапсырды. Сөйтіп, бұл тарихи бастама бойынша ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған «Мәдени мұра» бағдарламасының кешенді түрде іске асырылуы халықтың бойында рухани сілкініс жасап, тарихи-мәдени қорымызды толықтырды.Ал, Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына арналған мәртебелі жиналыста сөйлеген сөзінде Елбасы ұлттық мәдениетіміздің жа­һандық гуманитарлық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз еткенімізді, сондай-ақ, өшкенімізді жандырып, жо­ғалт­қанымызды түгендеген «Мәдени мұра» стратегиялық жобасын жүзеге асыр­ғанымызды айтып, Елордамыз­да теңдессіз өнер ордасы «Астана опера» театры мен Ұлттық Музей жемісті қызмет жасап жатқандарына, тәуелсіздік жылдары музейлердің саны екі есеге көбейгеніне, 25 жаңа театр мен жаңа концерт залдары ашылғанына, дүниедегі 10-шы академия саналатын бірегей оқу орны – Хореография академиясы алғашқы шәкірттеріне есігін айқара ашқанына назар аударды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың 2016 жылғы 29 қарашада «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақстан – қасиетті мекеніміз» мақа­ласында жазып көрсетілгендей, 2004 жылдан бастап тарих пен мәдениеттің 78 ескерткішіне реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Ғылымды жаңа сипатты артефакт құндылықтармен байытқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысындағы Берел мен Шілікті қорған­дарындағы (б.з.д. V-VIII ғ.ғ.) қазбалар, «скиф – сібір аң стиліне» немесе өнерге жататын табылған алтын бұйымдар әлемге әйгілі болды. Еліміз тарихында алғаш рет республикалық (218 нысан) және жергілікті маңызы бар (11 277 нысан) тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізімі бекітілді.
Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, сондай-ақ, АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде бес мыңнан астам тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты құнды архивті құжаттар, қолжазбалар мен бас­па шығарылымдары алынды.«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі толымды гуманитарлық білім беру қорын құру басталды. 537 кітап бір жарым миллионнан астам тиражбен шығарылды, олардың арасында тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге қатысты қайталанбас сериялар кез­деседі. Атап айтсақ, «Бабалар сөзі», «История казахской литературы», «Фило­софское наследие казахского народа с древнейших времен до наших дней», «Мировая культурологическая мысль», «Библиотека мировой литературы», «Мировое философское наследие», «Экономическая классика» сияқты еңбектер бар. Сонымен қатар, Орта ғасырлардағы әуендерге, оның ішінде күйлер мен тарихи өлеңдерге терең зерттеулер жүргізілді. Қазақтың дәстүрлі әндерінің «Мәңгілік сарын: қазақ­тың 1000 күйі, 1000 әні» антологиясы шығарылды. Ал, «Бабалар сөзі» атты 100 томдық топтамаға тарихи жырлар, батырлар жыры, ғашықтық лиро-эпостар, шежі­релік дастандар,  хикаяттар, шешендік сөздер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, дана­лық сөздер, баталар, балалар фольклоры, күй аңыздары, миф жанры, ғұрыптық фольклор және тағы басқалар кіргізілді. Не деген байлық! Кезінде шығыстанушы Потанинді «бүкіл шексіз де шетсіз қазақ даласы маған ән салып тұрғандай», деп тамсан­дырғандай, қазір де дүниедегі қай елдің адамдары болсын осы кереметтерге таңданар еді. Бұлар, сонымен қатар, біздің рухани діңгегіміздің мықтылығын және ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір құрам­дас бөлігі екендігін көрсетіп берді. Шынында, бұл – мәдениетті құрметтеу мен бағалаудың нақты көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің дамуы – рухани әлемнің дамуымен тікелей сабақтас. «Ел болу үшін, ең алдымен ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болу керек. Біз осы ұлы қасиеттерді мемлекеттік саясат ретінде ұстанамыз және оны әркез мақтан етеміз», – дейді Президент. Осылайша, мемлекетіміздің ең үлкен байлығы адам ресурстары және ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымыз екенін жастайынан Мырзабала әжесінің ертегісін естіп, батырлар жырын тыңдап өскен Нұрсұлтан Әбішұлы  да еске салып отыр. Осыған байланысты мына бір жайтты айта кетсем деймін.
ХІХ ғасырдың жуан ортасында өмір сүрген күй тарландарының бірі Дәулеткерей Түркімен елінде біршама уақыт болыпты деседі. Ол еліне қайта оралған сәтінде туған-туыс, жекжат-жұ­ра­ғат, көрші-көлем қызық көрмекке, жаңалық естімекке үйіне тегіс жиналса керек. Сонда, Дәулеткерей: «Түркімен ағайындар мені кең пейілді қонақ жайлықпен қарсы алды. Не ішейін, не жейін дегізбеді. Кетерімде көп мал берді, бірақ, алмадым, өледі ғой деп. Көп дүние берді, бірақ алмадым, тозады ғой деп. Өлмейтін, тозбайтын «Көроғлы» атты күй әкелдім, соны орындап берейін» деген екен. Әрине, Дәулеткерейге мал да, дүние де керек екендігі шындық. Бірақ, олардың өткінші, ал, рухани дүниенің мәңгілік екенін «Көроғлы» күйінің күні бүгінге дейін жүректі тербеп, тұңғиық терең тыныс тылсымында жатқан сезімдеріңді оятып, жаныңды жадыратып, көңіліңді тебірентетінінің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан, жоғарыдағы туындысында Елбасы атап өткендей, егер, біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өз мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руха­ниятының бастауларын түсінгеніміз жөн.Осы тұрғыда, менің ойымша, ең бірінші адам­ның ішкі  әлемінің қалыптасуына көңіл аударған жөн. Таратып айтар болсақ, пиғыл мәдениеті, тойым мәдениеті, қанағат мәдениеті тәрізді ұғымдарды бойға сіңіре отыра, рухани тазаруға бет бұрыс жасау ләзім. Бұлай болмаған жағдайда адамдар ежелгі римдік драматург Плавт айтқан, кейіннен ағылшын философы Томас Гобсс қайталаған: «Адам адамға қасқыр» деңгейіне әбден түсіп кетуіміз мүмкін. Барымызды сыпырып әкетуге тырысатын алаяқтар мен «ақшасы болса ұшақты кім жалдаса да маған бәрібір» дейтін жауапсыздар, халық қамынан өзінің жеке мүддесін жоғары қоятын «ішіп кетер, жеп кетерлер» барда мұндай қауіп те жоқ емес.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бәрімізге де белгілі. Ұя дегенде балалық шағым еріксіз көз алдыма келеді. Әке-шешемнің ұлағатты әңгімелері, үлгі-өнегелері, ақыл-кеңестері жадымда жаңғырады. ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, кеңестік дәуірдің небір ащы да тұщы дәмін татқан ол кісілер өмірден көрген-білгендерін жіпке тізгендей санаға тоқи отырып, біздің бойымызға ізгіліктің дәнін себуге тырыс­ты. Қарапайым кісілердің қарапайым іс-қимылдары бізге берілген төл тәрбиенің уызы іспетті екендігіне кейін талай көзім жетіп те жүрді. Әлі есімде, сол 60-шы жыл­дардың орта шенінде біз тұрған елді мекеннен өзге өңірге темір жол арқылы вагонмен престелген шөптер жіберу керек болды әрі бұл жұмысқа біршама адам жалданып, ақысына өздеріне шөп алуға келісім жасалынды. Шарт бойынша берілетін шөптің мөлшері тиелген вагон санымен  анықталатын болған соң, әркім көбірек оған шөп тиеуге ұмтылды. Сол себепті, кейбір кісілердің вагондарды жартылай ғана тиеп, сонысын білдірмес үшін оның есігінің жабылар тұсын шөппен толық көмкеріп қою тәрізді небір айла-амалдарға барып, вагон санын көбейтуге тырысқан жағдайлар аз болған жоқ. Біздің де пендешілікпен солай жасауға ұмтылған ниетіміз әкейдің, керісінше, престелген шөпті онан сайын тығыздай отырып, бір сүйем бос жер қалдырмай, вагонды лық толтыруымен аяқталатын. «Біреуді алдағаның, түптеп келгенде, мұқтаж жанның обалына қалғаның, ал, одан үлкен күнә жоқ. Жұртты алдасаң да, Құдайды алдай алмайсың» деп отырушы еді, жарықтық! Ойлап қарасаңыз, бұл сөздің астарында қаншама имандылық тағылымы жатыр десеңізші. Бүгіндері біреудің есебінен үлесін толтырып жүргендерді көргенде, «өскелең ұрпаққа аталы сөз айтатын дуалы ауыз қалмағаны ма?» деген ойдың жетегіне еріксіз еруге тура келеді. Енді, бір осал тұсымыз, ол – «өзімдікі теріс болыпты» деп өзін іреп мінеп, сынауды жақсы көрмейтін қыңыр мінез. Әйтеуір бір себеп, салдар іздеп, ілік тауып дұрысқа шығарғысы келеді немесе жаныңнан жау тауып, сонымен күресу. Мұнымен тұрмай өзін ерекшелегенді, өзге кісінің өзінен бір саты болса да төмендеу тұрғанын ұнатады. Жағымпаз, мүләйім мінез танытқан сыбайласына «жоқ» деп бетінен қайтарып, турасын айтып туғанына жақпайтын мінезді тағы таппаймыз. Ал, кейбір мекемелерде әлі де азаматтарымыздың тағдырына немқұрайды қарайтын, жақсылығы қара басынан аспайтын әкімшіл адамдар жетерлік. Расында ыңғайсыз жағдайлар. Олай болса, қарым-қатынас мәдениетінде жетілдіру тақырыбы күн тәр­тібінің өзекті мәселесіне айналары сөз­сіз. Өйткені,  адам  көру арқылы үйренеді, жирену арқылы түзеледі. «Осыншама әдептілікті қайдан үйрендіңіз» деген сауалға, Лұқпан хакімнің: – әдепсіз адамдардан» деп жауап беруі тегін емес. Академик Ф.Угловтың «Адамдар арасындағы адам» атты кітабында да адамдардың бірін-бірі түсінуі, жақсы қарым-қатынасы, кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ілтипаты арқылы ғана қоғамда оң рухани ахуал орнығары мейлінше айтылған. Әсіресе, қызмет барысындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға әрбір бас­шының тікелей дәнекерлігі жөніндегі ой-толғамдар көңіл аударарлық. Мәселен, осы кітаптағы мына бір пайымдарға назар салсақ. Адамның қызмет дәре­жесі жоғарылаған сайын көңілі өседі, өзінен кейінгілердің тамыр соғысына мән беруге көтеріңкі көңілдің еркі бола бермейді. Олай болса, қызмет дәрежесі жоғарылаған әрбір басшы ұжым алдындағы жауапкершілік сезі­мін бәрінен де жоғары қоюы тиіс деп ойлаймын. Жауапкершілік сезіміне кірбің шалдырмаған басшының өзі де бақытты, ұжымының да рухы күшті келеді. Ал, аса бір дөрекі, өзінше қа­һарлы басшыдан ұжым мүшелері еш жақсылық күтіп отырмайды. Олар оның қаһарына жолығып қалмаудың әрекетіне көшеді. Бұл түбінде сол ұжымның жұмыс ырғағына бүтіндей зиян әрекет болып шығады. Өйткені, басшының мінез көрсетуге жаны құмар болса, былайғы жұрттың да соған еліктеуі ғажап емес. Басшыға қарап бой түзейтіндер бізде баршылық қой. Реті келгенде айтылуға тиіс тағы бір мәселе сөйлеу мәдениетіне қатысты деп білемін. Қазақта «жақсы сөз – жарым ырыс» деген әдемі сөз тіркесі бар. Сондықтан, халықтың ұғымына асыл сөз қорғасындай қатып, тастай батып, судай сіңіп кетеді. Жәй ғана айтылған сөз емес, өзектен, өткелектен өткен сөз, әрине. Осының бәрін шашыратып алмай, қай-қайсысын да жеке-жеке зерттеп, насихаттаса сыр-сандықтың түбінде ашылмаған маржан сірә, көп. Әрі мұның, түптеп келгенде, адамның эстетикалық және этикалық талғам­дарын өсіруге, қоғамның моральдық келбетін кемелдендіре түсуге тигізер әсері мол болары сөзсіз. Сонда ғана ұлттың өзін-өзі тану жағдайы жаңа белестерге көтеріледі. Шындап келгенде жаман адам жоқ, тек рухы ауруға шалдыққан адамдар бар. Ендеше, емге дәрі болар аса қажет дүниелерді іске кірістірген жөн. Осы орайда, жаңа заманның жаңа адамдарын тәрбиелеп шығару мәселесі бесіктен, отбасынан, балабақшадан, мектептен бастап, бүкіл қоғамды ойлантуы тиіс. Ал, мәдениет – идеологиялық жиынтық ұғым десек, сол мәдени ошақтарда қазіргі және келер ұрпақ үшін, халықтың мәдени-ағарту деңгейін көтеру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр деген сауалдың алдыңнан шығары анық. Бұл және өте заңды да. Мәселен, музей – көненің көзіндей, өткеннің өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, оларды келешекке сақтап жеткізетін мәдениет ошағы әрі ұлы даланың тарихи дүбірлі оқиғаларынан, сәулет тарихи-мәдени ескерткіштерінің рухани бай мұраларынан сыр шертеді, сөйтіп біздің бүгінгі жас жеткіншектерді тәрбиелеуге қызмет етеді.
Есіме, сонау, 1994 жылы 3-ші қарашада сол кездегі Жезқазған облысының Жезді қалашығына Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың арнайы келіп, осында орналасқан ТМД елдерінде теңдесі жоқ Тау-кен және балқыту тарихы музейін аралағаны түсіп отыр. Президент осы сапарында көне замандардағы бабалар әдісімен тұңғыш рет балқыма алу рәсіміне қатысты. Қаты­сып қана қойған жоқ, көне балқыту пешінде әбден бабына келіп балқыған қорытпадан өз қолымен балқыма құйды. «Музей сәл оқшау орналасқаны болмаса, еліміздегі тау-кен ісі, әсіресе металлургияның тарихын насихаттайтын бірден-бір орын екен – деген пікірін білдіре отырып, Президент – Қазақ елі­нің өндіріс атасы болып саналатын Жезді өңірінің тарихы келер ұрпақтың есінде сақталуы қажет. Қазіргі егемен еліміздің мақтанышы металдар болып саналады. Осы өндірісті өркендете беру – бізге міндет. Музей қызметкерлеріне, Жезді-Жезқазған өңірінің халқына баянды бақыт, қуанышты болашақ тілеймін» деп, өзінің жүрекжарды тілегін жазып, қалдырып кеткен болатын. Жалпы, көлемі төрт гектардан астам аумақты қамтитын бұл музей 815 шаршы метрлік төрт залдан және 875 шаршы метрдей ашық аспан астындағы экспозиция жинақтарынан құралып, олар тұтастай тау-кен және металлургия ісінің өте көне дәуірлерден бергі, нақтылап айтқанда, 5000 жылдың тарихын насихаттайды. «Ұлы Жібек жолының» бір тармағында орналасқан бұл музей көне және орта ғасырлардағы тау-кен балқыту ісін көрсетумен қатар, палеолит кезеңінен ғарыш заманына дейінгі тарихты да қамтиды. Тас, мыс және қоладан жасалған садақ ұштарынан бастап ғарыш кемесінің фрагменттеріне дейінгі экспонаттар келу­шілерді бей-жай қалдырмайды. Ға­жа­бы сол, мемлекет санатындағы музейдің 15 мыңдай экспонатының екі экспонатынан өзгесі бюджеттен бір теңге алынбай жасақталған. Ал, бұл осы музейдің алғашқы тасынан соңғы экспонатына дейін тірнектеп жинаған Мәкен Төрегелдиннің маңдай терінің арқасында мүмкін болғанын айтқан жөн. Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрынғы Жезқазған облысының Жезді ауданын 16 жыл бойы үзбей басқарып, сол кездегі Кеңес одағында ауданын қатарынан үш бесжылдық жеңімпазы атандырған М. Төрегелдиннің зейнет­керлікке шыққан сәтінен өмірінің соңына дейін жасаған осынау тірлігі, қазақтың «мың адамның жұмысын бір адам істейді» деген сөзінің толық дәлелі бола алады. Мысалы, ағылшындардан қалған паровозды, салмағы бірнеше тонна тартатын бағалы кен жартастарды, алғашқы мыс шөміштерін, жер асты техникаларын, электр қуатын өндіретін машинаның бөлшектерін ешбір қаржысыз иен даладан музей алаңына жеткізу, тек Мәкен ағаның ерік-жігерінің, үлкен беделінің арқа­сында мүмкін болды. Бүгінгі күні Мәкен Төрегелдин атындағы музейде «Мәкен Төре­гелдин аудиториясы» ашылып, мұнда мектеп оқушыларына, колледж және жоғары оқу орны студенттеріне арнайы лекция, саяхат-сабақтары өткізіліп тұрады. Осылайша, Мәкен ағамыздың мәдени-рухани мұрасы заңды жалғасын табуда, әрі осыдан екі жүз жылдай бұрын жапон монахы Соамидің адамзат баласына қал­дырып кеткен мына бір кереметімен бөлісуге себепкер болып отыр.
Жапонияның көне астаналарының бірі Киото қаласында «Тастар бау-бақшасы», «Философия бау-бақшасы», «Реандзи бау-бақшасының он бесінші тасы» тәрізді ондаған атауға ие ерекше жер бар. Үш жағынан биік тас дуалмен қоршалған шіркеу алаңындағы аппақ құмның үстіне теңіздің түбінен алынып, түрлі пошымдағы өңделмеген он бес қара тас өзара шашырай орналасқан. Мен «он бес тас» деп айтып отырмын. Өйткені, анықтамада солай жазылған. Ал, ақиқатына келгенде, көзіңізге тек он төрт тас көрінеді. Ұзына бойы дәлізбен бір қадам алға жүрсеңіз, көз алдыңызда тағы да сол он төрт тас. Бірақ, әлгінде ғана көрінбей келген он бесінші тас назарыңызға ілініп, енді оның орнына басқа бір тас көрінбей қалады. Алға қадам басқан сайын бір тасы кем болып отыратын осы көрініс сіздің алдыңыздан үздіксіз қайталанып шыға береді. Бұл жерден күн сайын мыңдаған адам өтетін болса, олардың әрқайсысы өзінше бір терең ойдың жетегінде кетері сөзсіз. Яғни, монах Соами өзінің осы тірлігімен әркімді мәңгілік ізденіске ұмтылдырып тұратындай. Иә, әлем мәдениетінің ұлы мектебінен өмір бойы дәріс алып, ізденуден жалықпау керек. Сөйте келе, өз халқымыздың өнерін кие тұтып, өз еліміздің мәдениетімен мақтанатын дәрежеге жету қажет. Оған негіз де жоқ емес. Бұған дейін айтқанымдай, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған жүз томдық «Бабалар сөзі» топтамасының қазақ сөзінің құдіретімен, қазақ тілінің байлығымен дүниедегі қай елдің адамдарын болса да таңдандырары сөзсіз. Ал, бірақ, шетелдіктер түгілі, біздің өзіміз ұлтымыздың осыншама байлығы бар екенін білеміз бе? Сондықтан, бәлен ғасыр бұрын жазу жоқ кездегі ел жадына сақтаған дүниелерді жинастырып, олардың кітап сөресінде тұрып қалмай, жас ұрпақты тәрбиелеуге қызмет етуіне бәріміз мүдделі болғанымыз абзал. Осы орайда, қазіргі уақытта еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға бағытталған «Рухани мұра» атты мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мәселесі қарастырылып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, бұл бағытта Қазақстан ЮНЕСКО ұйымымен ынтымақтастық аясында бірер жұмыстар атқарып үлгерді. Атап айтқанда, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі Ұлттық комитет құрылды, адам­заттың репрезентативтік тізіміне алғашқы қазақстандық ұсынымдар әзірленіп, ұлттық тізім бекітілді. Нәтижесінде, 2014-2015 жылдары адам­заттың бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қазақтың киіз үйі, айтыс және күй өнері енгізілді. Мұның сыртында, ЮНЕСКО-ның ма­териалдық емес мәдени мұралар тізіміне Қазақстанның «Наурыз» және «Саят құстарымен аң аулау» көпұлтты номинациясы, «Қазақ күресі» және «Жұқа нанды дайындау дәстүрі: лаваш, қатырма, жұпқа, юфка» ұлттық аталымдары енді. Осылайша, қазақтың қасиетті киіз үйі, суырып салма айтысы мен күмбірлеген киелі күйі ендігі жерде қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың мұрасы саналады. Оған – таяуда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде тұрақты сақтау үшін берілген ЮНЕСКО-ның арнайы сертификаттары куә. Мұны мәдени мұраларымыздың мәртебесі биіктей түскені және Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына тамаша тарту әрі лайықты үлес деп қабылдаған жөн.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *