СЫРДАРИЯНЫҢ БІР СЫРЫ

TumenbayҚуандық ТҮМЕНБАЙ

Сұлу Сыр – біздің табынатын тәңіріміз. Сырдария – бізді асыраған алып арна. Сыр – бір жағынан үн-түнсіз жүріп, ер азаматтың басын жұтқан, білдірмейтін әлемтапырақ құпиясы бар құрбандықтың күржиген көрінісі.
Бала кезім. Балабақшадан түстен кейін Өмен досым екеуміз ел-жұрт жиналған алып арнаға қашып келдік. Әуелі көргеніміз – арна басында жиналған көйлек-көншек, ер-азаматтың киім-кешегі тап-тұйнақтай боп үюлі тұр. Бір топ адам апыл-ғұпыл ел-жұртқа хабар беріп жатыр. Білгеніміз – Оңғарбай деген туыстығы жағынан бізге жақын ағамыз суға кетіпті. Дереу ел-жұрт іздеуге кірісті. Тік шаншылып суға секіргендерді көрдік. Кейіннен Әбділда ақынның «Тік шаншылып Сырдарияға сүңгіген де шығарсың» деген өлеңін оқығанда осы оқиға көз алдыма көлбеңдейтін болды. Ол теледидардың жоқ кезі, спорт шеберлерін де көп көрмеген кезіміз. «Осы жерге, дәл осы жерге кетті» – деді біреу.
– Онда осы жерден ұзамайды. Суға кеткен адам түскен жерінен ұзамайды, – деді көнекөз қақсал кісі. Қойшыбай суға түсуге қорқақтап тұрған інісі Орманбекке айқай салды.
– Шешеңді, абыройымды біреу көріп қояды деп тұрсың ба?! Неғып тұрсың!
Орманбек те тік шаншылып Сырдарияға секірді. Бір мезет Гәупек деп атап кеткен ауылдағы атышулы кісі ағын судан қорқақтап атып шықты.
– Осы жерде аяғым бірдеңеге тиді, – деп жалтақтап тұр. Қанша дегенмен жан тәтті, қайтып баруға қаймығатын секілді.
Соғыста тұтқында болып немістерден әбден көресісін көрген, Сталин өлгеннен кейін ғана бостандық алып, елге оралған Бекмаш аспалы көпірдің үстінен дәл сол жерге тік шаншылып секіріп, көзді ашып-жұмғанша қос қолымен ер-азаматты көтеріп алып шықты.
Бала күнгі көз алдымда қалған сурет – іші қампиып суға толып кеткен жігітті бәрі жабылып жағалауға шығарып жатыр.
Орақ науқаны. Дарияға жақын жерде балабақша бар. Бір мезет тәрбиеші Тойсары апа Өмен екеумізді алдына сап айдап әкетті. Суға кеткен адамды жұлдыз шыққанша суға төндіреді екен. Оңғарбайды да сөйтті. Бірақ жүрегі қайта соқпапты. Үндемейтін, сырбаз кісі еді. Сырдарияның құрбаны боп, құпиясы ішінде кетті.

***
Сыныптасым Нұрақан еңбекке адал еді. Қара жұмысқа қырғидай тиіп, отап жіберетін. Ол дарияға кеткенде сыныптас-тар: «Қап, екі жыл әскердің бар азабын тартып кеп суға кеткенін қарашы», – деді күйзеліп.
Күріш егіп, өнімі жаман болмады. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алып, ауылдық, аудандық жиналыстардың төрінде отырды. Аудандық Кеңестің депутаты – халық қалаулысы боп сайланды.
Ар жағы таза арлы жігіт еді. Біреуге қол ұшін беруге келгенде алдына жан салмайтын. Бір үйдің сексеуілі мен шөп асарына баруға адам табылмай жатса: «Нұрақан бар емес пе?» деп, қолы бос болса бірден алып кететін. Онда қарсылық деген болмайтын, «бармаймын» деген сөз аузынан шықпайтын.
Үйленбей кетті. «Үйленбейсің бе?» десең, кеңкілдеп бір күліп ап, «Қол ұшын бермейсің бе?» дейтін. Тілінің бізі бар, жан-дүниесі кең жайлау еді. Ең бастысы – таза, ар жағында тек мөлдірлігі мөлтілдеп көрініп тұратын.
Жиырмасында тұнжырап аққан терең судың астында жан тапсырды. Биылғы егіннің жаман болмайтындығына көңілі кәміл еді. Бүкіл ауыл: «Түбі Нұрақан герой болады» деп, ауыздарымен Алтын Жұлдызды омырауына тағып қойған. Шешесі көрген жерде кемсеңдеп: «Ел-жұрттың көзі тиді. Нұрақан жұмысқа жақсы, шөпті жақсы орады», – деп ауыздары дамыл таппаушы еді. Оның кінәсі – адалдығы. Қол ұшын бермеген адамы жоқ еді ғой, – деп, ұзамай өзі де өмірден озды.
Иә, сыныптасымның бір сыры ішінде кетті.
Сырдария да тәкаппарланып ағып жатыр.
Үлкен суда өз-өзінен батып бара жатқанда қайықпен қасына жеткен диқан жігітке: «Жоламаңдар, аяғымнан біреу тартып бара жатыр» деп, қос қолымен суды шапаттап, өзі де батып кетіпті.
Қоңыр күзде орылмай қалған 25 гектар күріштігін өз атына жазып, артық өнімін анасына берді. «Лениншіл жасқа» «Көрмей кеткен қоңыр күз» деген очерк жаздым. Очерк әлсін-әлсін қайта басылып, диктордың қоңыр даусымен радиодан оқылды.
Сырдарияда бір сыр бар. Біздің ауылда жылда бір адамның басы жұтылады. Бір нәрсеге таң қаламын, қайықпен қасына келген жігітке: «Аяғымнан біреу тартып барады. Жолама!» дегені несі екен?
Судың иесі бар дейді.
Сірә, осы жолғы кезек Нұрақанға келді-ау деймін?..




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *