БАТЫС ТӘРБИЕСІ БАҒЫМЫЗДЫ АША МА? немесе Ұлт руханияты ұрпақ тәрбиесінің іргетасы

Үмбетхан Сәрсембин,
философия ғылымдарының кандидаты

Ұлттың болмысына және оның болашағына, елдің тағдырына қатысты мәселелерді қазақ халқы тарихта тұтас зерделеп, оның ортақ шешімінің болатындығын жете түсінген. Яғни, үнемі қоғам алдында тұратын өзекті мәселе жастардың рухани жағынан терең, елдің тұрмысына жақын тәрбиеленіп өсуімен тығыз байланысты. Өскелең ұрпақ дұрыс тәрбиеленіп, оған жағдай жасалып отырса, қоғамдық орта жастарын өзіне тарта білсе, әрдайым оларға адамгершілік үлгі етілсе, бұндай елдің жастары өзіне жақын өседі деген бабаларымызда ұғым болған. Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, «Балам» деген жұрт болмаса, «Жұртым» дейтін бала қайдан шықсын?» [1.60 б.]. Шынымен де, қай заманда болмасын аға буынның өскелең буынға қамқорлығы, әдептілігі, өнегесі қоғамдық өмірде жастардың рухының биік, ой өрісінің терең болуына ықпал етіп отырған. Ауызбіршілігі жоқ, әділетсіздік, қатігездік орын алған жерде адамдардың тұрмысына сай бөліне бастайтындығы анық. Халықтың іштей тұрмыс жағдайына қарай бай, кедей деп бөлінуі, қоғамдық өмірде көрініс тауып жататын әдепсіздік (жемқорлық, үлкен мен кіші буын арасындағы жарастықтың жоқтығы, бір-біріне деген қамқорлықтың жойылуы) көп жағдайда жаңа буынның түсінігін, көзқарасын өзгертеді.
Қашанда қазақ жастарының болашағына, болмысына қатысты мәселелерді зерделеуде, қоғамға өзінің міндетін жүктеп отыратын аса қажет нәрсе ұлттық тәрбие. Ұлт, халық, ел қанша өркениет жолына түскенімен өзіне тән рухын, қасиетін, құндылықтарын, рухани байлығын қорғай білетін ұрпақ руханияты сақталған қоғамнан шығады. Сондықтан да, ұлттық тәрбие дегеніміз қоғамына сенімі мол, оған адал қызмет ететін, мемлекетінің мүддесіне қамқор болатын, білімді, өнерлі, қабілетті бола тұра алдыменен ұлттық қасиетін сақтай алатын ақылды, адами қасиетін ұлттық қасиетімен жетілдіре білген зиялылар болмысының түп қазығы, рухани мәнін, қасиетін айқындап отыратын дүние. Осы адамзат әлемінің тарихи кеңістігінде өркениет ошағын салып, оның қазанының құлағын ұстағанымен (өркениет билігін иеленгенімен) ол мемлекет өз ұлтының мың жылғы дүниелерін сақтап, ұрпақ бойына тегістей таратпайынша шыққан биігіне (өркениетіне) мемлекетінің атауын бере алмайды. Осы себептен, қазақ ұлты жастарға ұлттық тәрбиенің, тарихтың, дін мен дәстүрдің, білім мен ғылымның, өнердің не үшін қажеттігін, қалай пайдалану керектігін түсіндірген. Ата-бабамыздың бұл тәжірибесін қазір экономикасы мен ғылымы дамыған мемлекеттер пайдалануда.
Қоғамның тазалығын сақтайтын рух тазалығы. Қазақ түсінігінде адам өмі­рінің мәні оның болмысының тазалы­ғында, денсаулығының күштілігінде. Қа­зақтың тарихи дүниелерінде рух мінсіздігін баланың санасына сіңіру прин­ципі жатыр. Мәселен, әрбір тарихи дүние­дегі кейіпкер (тарихи жыр, тарихи әңгіме) ата-ананың, халықтың тілегімен дүниеге келеді. Ата-ананың балаға деген тілегі ел мүддесімен ұштасады, халықтың мұң-мұқтажын көзбен көріп, көңілге түйіп өскен бала жастайынан ер болып, ел үшін ерлік көрсетуге ұмтылады. Бұдан байқайтынымыз, қазақ баласына ердің ісі ерлікпен ғана келе­тіндігін ерте үйреткен (түсіндіріп, ұғын­дырып отырған), яғни, сөз жүзінде емес, ел тұрмысының тәжірибесінде қа­зақ баласы ерліктің мәнін жете түсінеді. Ол әлеуметтік және табиғи ортада ширығып өсу, қоғам өміріндегі қазақтың ұлттық ойындары ақыл мен дене күші жағынан баланы жаттықтырып, өмірге икемдейді. Бауыржан Момышұлы жаз­ғандай, «Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуы тиіс» [2.78 б].
Жастарды зиялылыққа тәрбиелеудегі ұлтымыздың рухани мұраларының бірі сөз өнері. Сөз ұлтымыздың кемеңгерлік қасиетінің өнімі. Қазақтың бала тәрбиелеу ісінде ана тілі жеке адам мен ұлт болмы­сының өзгермейтін түп қазығы саналған. Ана тілі балаға ана сүтімен беріледі:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен: «құлыным, жаным» деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз әм менен… [3.221б.] Ұлт тарихындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды қазақ жастарының азғана ғұмырында тілі мен ділінің қасиетін ұлықтап, ұрпақтың ұлттық санасының негізіне айналуына қызмет ететін дүние­лерді жазып қалдырудағы ерен еңбегі ешқа­шан ұмытылмайды. Ұлтының асыл мұрасын қорғап өскен қазақ жастары рухани өмірдің бейнетін елемеген, қайткен күнде де кейінгі уақытқа ата баба аманатын табыстауды, соған күш беретін игі істерді тындырып кетуді ойлаған. Кейінгі ұрпақ осыны уақытында түсінсе дейміз. Себебі, тіл де, діл де кез-келген адамның ермегіне айналатын зат емес, ұлттың қасиетін, ұрпақтың қабілетін танытатын, біріктіріп, сақтап отыратын асыл мұра.
Қазақ жастарының елге жақын, ұлтжанды болып тәрбиеленуіндегі келе­сі бір тарихи дүние дін. Қазақ қанша қиыншылық көргенімен өзінің ата дініне ие болған. Ұрпақ дін тазалығын сақтай алмаса ұлттың ділі әлсірейді. Сол кездегі қазақ қоғамында орын ала бастаған жағдайды Жүсіпбек Аймауытов «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласында атап көрсеткен: «Қазақтың тұрмысы өзгерді. Киіз үйде қыста суыққа шынығып, қуатты, қай­ратты денелі өсетін қазақ, тазалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы нашар болып, мыжғырланып, еңсесі көтерілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себептен адамның өсімі де кеміді. Әрине тән қуатты болса, жан қуатты ажарлы болады, нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл бір, екінші сол уақытта өзі сурет сала алмаған бірлікке қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық, залымдық қара бұлттай қоршап, халықты астаң-кестең қылып, өзі-өзімен атыстырып, көзді шел қап­тады… партия басталғалы мал азайып, кедейлік кейлікті. Себебі, болыс болатындар ая­май малын шашып, құрып болған жағдайда сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды… Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағының қырсығы бұл.
Енді, «дін» жағымызға не келтірді? Қай жұрттың болсын қасиеті уағда­шылық, антқор еместік, құдайдың атын жеңілге салмаушылық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-иман, құран дегеніңіз бержебайшының ісіндей қа­дырсіз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр-садақа партияның бірімсегіне жүріп кетеді. Дінге келген кемшілік осы» [4.117 б]. Қиыншылығы көп қоғамда өмір сүрсе де тарихтағы қазақ жастарының рухты, жігерлі, білімді және ауызбіршілікте болуының себебі біреу. Яғни, тәуелсіздіктен қол үзгенімен халық жастарының ерік жігерінің арқасында, зиялыларының күші­мен мүддесін қорғап қалды, кейінгі ұр­паққа жеткізе білді. Қоғамға ең қауіпті нәрсе жастардың рухани дүниесінің дағдарысқа ұшырауы. Осының салдарынан қоғамда ұлттың болмысына, дініне, дәстүріне жат кездейсоқ оқиғалар орын алып жатады. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазақ халқы тарихи уақыттың әрбір сәттерінде адамның (ұрпақтың, қоғамның) рухани тереңдігін нығайту (ұлттық тәрбие, тарихи білім, ұлттық өнер түрлері) арқылы зиянды нәрселерге төтеп беріп отырған.
Әрбір тарихи уақыттың қоғамға, ха­лық­қа, өскелең ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті болады. Бірақ, жаңа уақыт кеңістігінде адамзат әлемінде қалыптасып жатқан жаңа жетістіктер жаңа мүмкіндік ретінде көрінгенімен, бұның астарлы мінезіне ұрпақ іштей қарсы тұра білмесе өзінің ұлттық құндылықтары арқылы туа біте берілетін мүмкіндіктерінен қол үзіп алуы мүмкін. Ел болмысының өрісін тарылтып, ішкі әлемін тығырыққа тірейтін жаһандық дәуірдің жаңа мүмкіндіктері адам бойындағы бастапқы шынайы (табиғи) мүмкіндіктерге үстемдік етеді, түптеп келгенде жастарды өзінің төл дүниелерінен ажыратып, қоғамдық ортасынан өгейлендіріп жіберуі жасырын емес. Бұны кезінде ойшылдарымыз айтып кеткен. Бұқар жырау бабамыз сомдаған адамзат болмысының бейнесін осы қазіргі өзіміздің өмір сүріп отырған дәуірден табамыз:
Аруды таңдап сүйсе де,
Алтынды үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Арманын қоймас адамзат!
Ілімді түгел білсе де,
Қызығын көзбен көрсе де,
Қапалы күні қабарып,
Қайғының түні төнсе де,
Үмітін жоймас адамзат!
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңілі қарайып,
Қара бір көзін жұмса да,
Өмірге тоймас адамзат! [5. 50].
Қазақ ұғымында діни сауаттылық әлем, табиғат, жаратылыс, адамзат, ел, халық, ұрпақ алдындағы адамгершілік қағиданы сақтай білу, адамның адами болмысының шеңберін, шекарасын білуі. Келер ұрпақтың да өмірін ойлау, оған ата-бабадан келе жатқан маңдайтермен жинаған мұрасын жет­кізу, жаңа уақыттың жаңа сынына ақылмен, біліммен қарсы тұра білу. Жүсіпбек Аймауытовтың сөзімен айтсақ, әр адам ұлттың мүшесі болғандықтан, оның мүддесіне қызмет етіп, еліне көмектесе білуі тиіс. Бұл принцип алаш тұлғаларының ісінен түгелдей көрінді.
Адамның қоғамдық ортадан оқшау­ланып, өгейленіп қалуы оның өзіне-өзі жасайтын қастандығы. Бұл адамның біліміне, оқыған оқымағандығына қарамайды. Ұр­пақ тәрбиесіне немқұрайлы қарау, ата-баба дінінің, дәстүрінің, әдебиетінің, мәде­ниетінің білімін жеңілге салу, отбасы құн­дылықтарын қадірлей алмау, ана тіліңді, тарихыңды білмеу, әсершілдік, әсірешілдік, жағымпаздық, тайғақтық, іштарлық түптеп келгенде жастарды, жеке адамды қоғамнан қашықтатады. Осыған байланысты Әлихан Бөкейханов, «ұлтына, жұртына қызмет ету, білімнен емес мінезден» деген [6. 119 б.]. Өз заманыңның жетістігі (байлық, техника, ақша, үй) қанша жақсы болғанмен, ұлттыңның жетістігіне жетпейді, үнемі одан төмен тұрады. Шынайы батырлықтан туған тарих, қоғамдағы адами қасиеттерді негіздейтін тектілік, әдеп үлгілері мыңдаған жылдар бойғы ұрпақтың ұлттық қасиет­терімен қалыптасатын жетістіктер. Бұған ие болу үшін ұлттық мінез қажет. «Батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері – деп жазған Мұстафа Шоқай, – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан-дүние­сіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «шығыс зердесінен» айырды. Олар, яғни, Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бір­лестіре алмады» [7. 176 б]. Тарих білімін, дін мен өнер құндылықтарын елдің тәжі­рибесімен зерделеп, ел болмысына жақын тәрбиеленіп өскен ұрпақ, әлемнің төріне барып өз заманының жаңа біліміне ие болса да мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қояды, жинаған білімін, қол жеткізген тәжірибелерін ел болмысына икемдейді.
Әр ғасырдың ұрпаққа қояр өз міндеті бар. Қоғам мен заман өзгергенімен уақыт сол қалпында қалады. Сол сияқты ұлт мүддесінің де ұрпаққа қояр талабы уақыт өрісінде өз қалпында сақталады. Техника ғасырының табалдырығын аттаған қазақ жастарының (алаш зия­лы­ларының) ойлаған нәрсесі тек қана ел мүддесіне бағытталып отырса, бү­гінгі ақпараттық кибернетика дәуі­рін аттағалы отырған уақытта қоға­мымыздың алдында тұрған мәселелер, нәрселер алдыменен ұлт руханиятын тегіс игеруді, ұлттық болмысты, құн­дылықтарды сақтап, дұрыс пайдаланып, нығайта білуді жастардан талап етуде. Бұны айтып отырған себебіміз, сол кездегі қазақ жастары шығыс пен батыс мәдениетінің арасындағы орнай бастаған әлеуметтік-саяси, ғылыми байланысты, жаһандану құбылыстарын және одан туындайтын қарама-қарсы, өмірімізге қайшы келетін нәрселерді ерте біліп, зерделеген.
Жаһандану дәуірінде орын алатын қай­шы­лықты құбылыстардың бел­гіле­рін тану үшін, оны зерделеген ұлт, ұрпақ өз руха­ниятындағы білімді игеру қажет. Алаш зиялыларының шы­ғыс пен батыс мәдениетінің болмысы, болашағы, принципі, құбылыстары туралы көзқарастарының, ұғымының қалып­­­тасуына қазақ жырауларының ой толғамдары ықпал еткен. Демек жырауларымыздың өнегесі, келешек уақыттағы қоғам болмысы туралы пайымдаулары алдыменен жастарды сезімтал, зерек, қабілетті және зерделі болуға үйретеді, осы қасиеттерді талап етеді және міндеттеп отырады. Ол заман ағымын білу, заман талабына сай білім алу, іздену, «өзгенің аруағына тамсанбай» өзіңде бар нәрсені иеленіп, игеріп отыру, еліңді дамытатын, білім арқылы тұрмысын күшейтетін дүниелерді дер кезінде керегінше қалыптастыру. Алаш зиялылары ел үшін жан-жақты болған, бірнеше тіл үйреніп, әлемнің саяси ахуалын уақытылы зерделеп отырған, қоғамының саяси мәдениетін нығайтатын ақпараттарды әлемнен теріп халыққа жеткізген. Сол кездегі қазақ жастарының ел тарихының бір бөлігіне айналған деңгейі бүгінгі жастарға өздеріндей болу керектігін меңзейді.
Жаһандану адам қолынан жасалған құбылыс. Бұл адамзаттың тұрмыстық әлемін ғана емес, мінезін де өзгертуге ықпал етеді. Жаһандануда құндылықтар бағдары, адамның таңдау, бағалау прин­ципі өзгере бастайды, дәстүрлі мәдениеттердің жұтылып кету қаупі де көрінуі мүмкін. Осындай жағдайда ел мүддесіне ара түсіп, ұлтты ұлт ретінде сақтайтын дүниелерді қамқорлап, оны жалғап отыру ұрпақтың міндеті. Қашанда заман өрісіндегі өткінші, өзгер­мелі, адамды жеңілтектікке, тексіз­дікке итермелейтін нәрселерге қарсы тұру үшін әлеумет бойында білім, тәжірибе, білікті ой мен сезімталдық жеткілікті болуы қажет. Көкірегі ояу, сергек орта әдепсіздікке жол бермейді, барлық қоғамдық сана феномендеріне тарихындағы тәжірибемен қарайды. Адамның табиғаты мен болмысын, сол арқылы мінезін өзгертетін жа­санды дүниелер қашанда орын алған, ол әрдайым бола береді. Сондықтан да, жастардың ең басты міндеті ұлтын ұлт еткен құндылықтарды уақытында білу, оның өрісіндегі білімін, қасиетін уақытында зерделеу. «Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек.
Біздің міндетіміз – өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың «ескісіз жаңа болмайды» деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру» – деп жазып кеткен Мағжан Жұмабаев [8. 340 б.]. Бұған дейін де айтып отырғанымыздай, елді, мем­лекетті сақтайтын, өрісін кеңейтетін оның болмысы. Қазіргі таңда өзінің тарихын, мәдениетін, мәдени құндылықтарын, атап айтсақ тілі мен дәстүрін насихаттап әлем елдерінен мәдени орталықтарын құру үшін экономикалық, саяси, білім мен ғылыми бағытта жанталаса жұмыс жасап жатқан елдер аз емес. Ғылымы, экономикасы күш алған мемлекеттер қазіргі таңда әлемде өз мәдениетінің, өз тарихының, өз өнерінің, өз білімінің, өз тілінің және өз экономикасының өрісін кеңейтіп, кеңістігін қалыптастыруды көздеуде. Экономикалық бәсекелестік, мәдениет пен мәдениеттер арасындағы күрес, адамның болмысын, сол арқылы ел болмысын әлсірететін қай­шылықты жаһандық құбылыстар мен жаһандық құбылыстар қайшылығы орын алған дәуірде біз не істеуміз қажет деген заңды сұрақ туындайды. Ел өзінің мәдени тізгінін өзі ұстау үшін өз мәдениетіне қызмет етуі қажет. Мәдениетіне күш бере­тін ұлттың өз құндылықтары. Төл әде­биетімен өмір табалдырығын аттаған қазақ балаларының тарихта қабілетімен тұлғаға айналғандығы баршаға аян, яғни қанша әлем тәжірибесін (білім, ғылым, өнер) иеленіп, өркениетті болса да олар қазақ болудан таймаған, біз де осылай болуымыз қажет. Зиялыларымыздың тарих күшіне айналған осы бір көрегендігі коптеген нәр­сенің мән жайын зерделеуге жетелейді.
Әлихан Бөкейханов жазып кеткендей, «Үлгісіз – рәсімсіз өскен, алдында көргені қаптама өсек, өтірік – жала»[6. 127б.]. Ұрпаққа қашанда үлгі көрсететін, жастарды мемлекетімен, қоғамымен, тарихымен және болашаққа бағыттап, біріктіріп отыратын – тарих, мәдениет, дәстүр, ұлттың руханияты. Бүгінгі жаһандану заманында елдің тұтастығын, бірлігін нығайтуды көздейтін әлеуметтік философия мін­детті түрде сол елдің тарихының, мәдениеті мен дәстүрінің, руханиятының тәжірибелеріне сүйенетіндігі ақиқат. Қазақ ұлтының рухани дүниесі, оның бойындағы құндылықтар, заманынан қалмайтын білімін, өміршеңдігін сақтап қала бермек. Бұның қасиетін ұғынып, дұрыс пайдалана білген ұрпақ буын тарихта өзіне лайықты орынды иеленбек.
Тарихта ұлтымызды сақтап қалған оның ділі, діл алдыменен тілді сақтайды, ал, діл сақталу үшін тарих оқылуы, зерделеніп насихатталуы керек, ұлттың мәдениеті, дәстүрі, діні таза болуы және сақталып отыруы қажет. Белгілі философ ғалым Сәбетқазы Ақатай ағамыз осыдан біраз уақыт бұрын ұлттық діл мәселесін арнайы көтерген еді. Тарихымыздағы тұлғаларымыздың ұлттық мүдде тұрғы­сындағы идеяларын, қызметтерін және рухани мұраларын негіздейтін қазақтанушы ғалымдарымыздың, әдебиетшілеріміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттарда жазған мақалалары, бүгінгі таңда өзек­тілігін жойған жоқ, жоймайды да. Себебі мемлекеттің байлығы ұрпақ, ұрпақ­тың байлығы ұлтының, қоғамының рухани дүниелері. Рухани дүниелеріміз мемлекетіміздің, ұлттық болмысымыздың қорғаны, негізгі іргетасы…

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.
2. Момышұлы Б. Екі томдық шығар­малар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Жазушы 2004. – 480 бет.
3. Торайғыров С. Екі томдық шығар­малар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Ғылым, 1993. 280 б.
4. Аймауытов Ж. Бес томдық шығар­малар жинағы. 5-ші том. Алматы: Ғылым, 1999 ж.
5. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жзушы, 2008. 1-том. – 400 бет.
6. Бөкейханов Ә. Шығармалар. — Алматы: Өнер, 1994. — 383 бет.
7. Шоқай М. Таңдамалы. – Алматы: Қайнар. – Т. 1. – 1998. 512 бет.
8. Жұмабаев М. Шығармалары: Өлең­дер, поэмалар, қара сөздер. — Алматы: Жазушы, 1989. – 448 бет.




1 пікір “БАТЫС ТӘРБИЕСІ БАҒЫМЫЗДЫ АША МА? немесе Ұлт руханияты ұрпақ тәрбиесінің іргетасы

  1. Мәрия

    Автордың «қоғамның тазалығын сақтайтын-рух тазалығы» деген пікірімен толықтай келісемін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *