Ала-құла атаулардан қашан арыламыз?

Әншейінде  көзге түсе бермейтін елеусіз нәрседей көрінеді. Айтпағымыз –ауыл, елді  мекен, көше атаулары жайлы. Бұл салада жүрген мамандардың жұмысы да көзге көріне бермейді. Алайда, қайнап  жатқан жұмыс ономастикада екенін кезекті отырысқа қатысқанда көңілімізге түйдік. Бұл орайда қадағалайтын басты нәрсе – атаудың қате жазылмауы. Осы олқылықтан қанша кісі баратын мекенжайына бара алмай, көздеген нысанын таба алмай жүр. Жедел жәрдем, полиция қызметін шақырған үйлерге де көмек дер кезінде жетпей жататыны жасырын емес. Көшеге аты берілген тұлғалардың есімі жазылған аншлагтар мен мекеме маңдайшаларындағы заңға қайшы келетін қателер талай рет ескертілсе де түбегейлі жойылмай келеді.

Аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтар жүргізген зерделеу қорытындысын назарға ала отырып, облыс әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова ономастикалық мәселелерге арналған жиын­да баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, Байзақ ауданының Ботамойнақ ауылдық округіндегі Жүсіпбек Аймауытов көшесінде орналасқан жаңа үлгідегі кейбір аншлагтарда жазушының есіміндегі «ү» әріпі «у»-ға бұрмаланса, Мәмбет батыр көшесіндегі аншлагтарда да грамматикалық қателіктер орын алған. Сонымен қатар Көптерек ауылдық округіндегі Ерғали Теміртаев, Жүніс Науатов, Бәйтерек ауылдық округіндегі Ағаділ Суханбаев, Темірбек ауылдық округіндегі Василий Чапаев көшелерінің аншлагтарында кісі есімдері толық жазылмай, керісінше, Рахымбай Мамаев, Сарманқұл Әміров көшелерінде кісінің тегі жоқ, тек аты көрсетіліпті.
Ал Жуалы ауданындағы Б.Ыбырайұлы, Ю.Гагарин көшелерінің жаңа үлгідегі аншлагтарында «Ыбырайұлы Байділда», жай ғана «Гагарин» деп қателіктер жіберілсе, Меркі ауданындағы Қ.Шөкеұлы көшесінің аншлагында «Ө» әріпі О-мен жазылып, грамматикалық қатеге жол беріліпті. Есімі мен тегінің орналасу тәртібі де сақталмапты.
Мойынқұм ауданындағы Бірлік, Жамбыл, Кеңес, Биназар ауылдық округ әкімі аппараттары маңдайшаларының ресми тілдегі нұсқасында «аульного» деп жазылып, өрескел қателік орын алыпты. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 72-V Заңының 2-тармағында ауылдық округтің орыс тіліндегі мәтіні «сельский» болып өзгеріссіз қалатындығы көрсетілген болатын. Мойынқұм ауылындағы 48 көшеге 2017 жылға жергілікті бюджеттен 2 миллион 500 мың теңге қаржы бөлінгенімен, бүгінгі күні тек 33 көшеге ғана жаңа үлгідегі аншлагтар ілінген.
Қордай ауданында да жергілікті бюджеттен 1 миллион 154,1 теңге қаржы бөлі­ніп, барлық 521 көшенің тек 29-ы ғана жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтылыпты.Ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында аудандар мен Тараз қаласындағы ономастикалық ахуалға басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу барысында анықталған бірқатар кемшіліктер жөнге келтірілген. Дегенмен, анықтамада атап көрсетілген Т.Рысқұлов ауданындағы ішкі істер бөліміне бағынышты ауылдық округтардағы 15 учаскелік пункттің бәрінде әлі күнге дейін мекеме атауы жазылған маңдайшалары жоқ. Тек, учаскелік пункттің жұмыс тәртібі ғана орналастырылған. Жұмыс уақыты көрсетілген тақтайшалар әртүрлі деңгейде, біріздендірілмеген. Бұл мәселе бойынша аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан хат жолданбаған. Т.Рысқұлов ауданында барлығы 349 көше болса, жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтамасыз ету үшін 2017 жылға аудандық бюджеттен қаражат бөлінбеген. Тек Көгершін ауылдық округы 1 миллион қаражат қарастырып, 9 көшеге жаңа үлгідегі аншлагтар орнатқан.
Сарысу ауданында 2017 жылға жаңа үлгідегі аншлагтар жасату үшін аудандық бюджет есебінен 250 мың теңге қаржы бөлінген. Алайда, зерделеу барысында ауданда бірде-бір көшеге жаңа үлгідегі аншлагтар орнатылмағандығы анықталыпты. Қазіргі уақытта Сарысу ауданы Жаңатас қаласы әкімі аппаратының тапсырысы бойынша 1, 2, 3, 4, 5, 6 ықшам аудандарында орна­ласқан 128 ғимаратқа жаңа үлгі­­дегі тақтайша жасату үшін «Искаков» жеке кәсіп­керлігімен келісімшарт жасалып жатқан көрінеді.
Талас ауданындағы 286 көшенің тек 19-ы жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтылса, оның ішінде Қаратау қаласындағы жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтылды деген 4 көшесіндегі жеке тұрғын үйлерге жаңаланған тақтайшалар толықтай ілінбеген.
Шу ауданындағы Дінмұхамед Қонаев ауылдық округ әкімі аппаратының маңдайшасының мәтіні дұрыс жазылмаған. Аудандық мәдениет үйіне қарасты ауылдық кітапхананың маңдайшасында кісі есімі жазылмай, тұлғаның тек тегі «Д.Қонаев» деп жазылып, ҚР Үкіметінің №1371 қаулысының 12-тармағы сақталмаған. Сондай-ақ аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты 67 мекеменің 2-інде қателіктер анықталды. Атап айтсақ, №49 негізгі мектебінің маңдайшасында ашылған тырнақша жабылмай, пунктуациялық қателік орын алған. Осы мекеменің ресми тілдегі атауы дұрыс аударылмай, маңдайшасында «неполная основная школа №49» деп көрсетіліпті. Алайда, бұл «№49 основная школа» деп жазылуы тиіс еді. Сонымен қатар, Жібек жолы мектеп-лицейінің мекеме атауы жазылған маңдайшасында пунктуациялық қателік кеткен. Мекеменің Әділет органдарында тіркелген куәлігінде мекеме атауы «Жібек жолы мектеп-лицейі» деп дұрыс жазылғанымен, мекеме маңдайшасындағы атауы тырнақшаға дұрыс алынбаған және мекеме мөрінде «мектеп-лицейі» сөзінде дефис қойылмаған.
Тараз қаласындағы 80 көшені жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтамасыз етуге 2017 жылға қалалық бюджеттен 20 миллион теңге қаржы бөлінгенімен, бүгінгі күні тек 50 көшеге ғана ілініпті. Үстіміздегі жылдың шілде айында облыста 809 мағынасы ескірген атаулар бары анықталыпты. Оның 6-ы ауылдық округ, 16-сы елді мекен болса, 765-і көшелер, қалған 22-сі нысандар екен.
«Ауданда 17 ауылдық округ, 43 елді мекен, 520 көше бар. Оның идеологиялық мағынасы ескірген 1 ауылдық округтің (Пионер), 7 елді мекен (Пионер, Октябрь-Жеміс, Қызылтаң, Пригородное, Октябрь, Қызылдихан, Бесжылдық), 520 көшенің 130-ы тарихи тұлғалар атымен, 28-і тарихи атаулар, 48-і топонимикалық атау, 217-сі кісі есімдері, 39-ы жаңа атау, 13-і атауы жоқ яғни, жаңа көшелер, 53-і идеологиялық мағынасы ескірген атау болатын. Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегіндегі облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясы­ның №2 хаттамасының 3-тармағының 3-тармақшасын орындау мақсатында аудандық ономастика комиссиясы идеологиялық мағынасы ескірген атауларға талдау жасап, 53 көшенің бесеуі (Ленин (2 бұр). 50 лет октября, Комсомольская) ғана идеологиялық мағынасы ескірген, қалған 50 атау транслитерация арқылы берілген орысша атаулар және 3 нысан (Октябрь-Жеміс, Ильич о/м, Қызылдихан б/м) идеологиялық мағынасы ескірген деп нақтылады» деп ақталды Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова.
Ал Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Сағындық Кенжебеков болса: «Ауданымызда 18 ауылдық округ, 41 елді мекен, 2 станция, 440 көше бар. Осы әкімшілік бөліністердегі атауларды сараптайтын болсақ: 122 тарихи тұлға, 195 кісі аттары, 8 орысша тарихи тұлға, 7 идеологиялық мағынасы ескірген, 43 мағынасы ескірмеген орысша атаулар, 25 топонимикалық атау, 18 жаңа атау, 22 атауы жоқ жаңа көшелер бар.
Мағынасы ескірген 51 көше мен 3 нысанның атауын идеологиялық мағынасы ескірген атау бойынша жұмысшы топ мүшелері, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен зерделеніп, нақтылады. Зерделенген 51 көшенің 18 көшесі бос жатқан жер, үйі жоқ көшеге жатпайтындықтан тізімнен алынып тасталды» дейді. Алайда, аудандағы 440 көшенің 88 көшесіне ғана жаңа үлгідегі аншлаг орнатылғаны көңілге қонбайды.
Ең бастысы көше, ауыл, мекеме атаула­рындағы сауатсыздықтан қашан арылар екенбіз?

Есет ДОСАЛЫ, 
журналист
Жамбыл облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *