Балаларымыз қандай үйірмелерге барып жүр?

545

Бүгінде әр ата-ана баласының  үйірмеге қатысып, шығармашылық жағынан дамуын қалайтыны анық. Бұл баланың бос уақытты тиімді пайдаланып, пайдалы іспен шұғылдануына ықпал етеді әрі баланы жаман әдеттер мен жағымсыз ортаның әсерінен сақтайды.  Мысалы, шахмат, спорт, би, шет тілдері, математика үйірмелері қазір көп.  Кейбір мектептерде  түстен кейін  тегін үйірмелер жұмыс жасайды. Қолынан іс келетін адамдар отбасымен бірігіп, осындай шығармашылық үйірмелерін ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Ақылы үйірмелердің көбі мектептердің жанына шоғырланған. Олар шет тілдерін, менталды арифметиканы оқытады, баланың сабақтан кейін үй тапсырмасын орындатып, ата-ана жұмысын жеңілдететін үйірмелер де  бар. Сондай-ақ, НЗМ  ҚТЛ секілді беделді оқу орындарына  түсуге, ҰБТ тестілеуіне дайындайтын арнайы орталықтар да жеткілікті. Қайсысын таңдаймын десеңіз, өз еркіңіз, тек қалтаңыз көтерсе, болғаны. Қазір ата-аналар арасында баланы үйірмелерге қатыстыру сәнге айналып бара жатқандай көрінеді, кейде. Мысалы  баласын сабақтан кейін бірнеше үйірмеге сүйрейтін ата-аналарды көріп жүрміз. Аптасына 6 күн үйірмеге баратын балалар  бар. Бүгін ағылшын, келесі күні күрес, одан кейін жүзу, домбыра, фортепиано…. Осылай кете береді. Асыра сілтейтін ата-аналар көп жағдайда бала пікірімен санаспай, бастауыш сыныптан бастап-ақ оны неше түрлі үйірмелерге қатыстыра береді. Бұл баланың жүйкесіне оңай соқпайтынын ескере бермейді. Әйтеуір бала өз қатарластарынан қалып қоймасын деген ойдың желеуімен қызығушылығы мен ынтасы бар не жоғын сұрамастан апара береді, әйтеуір. Әрине, егер қалтасының шамасы жетсе, бос уақыты болса, қандай ата-ана болмасын, өз баласының тым болмаса бір үййірмеге қатысқанын қалайды.

Алматыдағы үйірмелер сан алуан және олардың бағалары да әркелкі. Арзаны 5 мыңнан басталып, қымбаты 25-30 мыңға дейін жетеді.  Жазғы демалыс маусымында бүлдіршіндерді мектепке дайындайтын орталықтардың  жұмысы қызады. Өйткені қазіргі мектеп бағдарламасы қиын да ауқымды болғандықтан, ата-ана баласының мектепке әріп танып,  шет тілін аздап болса да, меңгеріп барғанын қалайтыны рас.

Кеңестік кезеңде жұмыс жасаған  тегін аула клубтары  бүгінде еліміздің көптеген өңірлерінде қайта ашылуда.

Бір-екі балалы отбасылар үшін үйірмеге қатыстыру мәселесі оңтайлы болғанымен, көпбалалы отбасылар үшін қиындық туғызатыны шындық. Бірақ әр ата-ана балаларын өзі қатты қызығатын бір үйірмеге болса да қатыстырғаны дұрыс деп ойлаймыз. Өйткені бала болашағы үшін   ата-ана тәрбиесі мен бағыт-бағдары маңызды. Үйірмеге қатысатын баланың ой-өрісі артып, көкжиегі кеңейеді, өркені өседі. Қызығушылығы артып, өсе келе оның мамандықты дұрыс таңдауына ықпал  етеді. Дарынды баланың мүмкіндіктерін ашатын – ата-ана, содан кейін – ұстаз. Сондықтан балаларымыздың  бойындағы қабілеттерді оятып, таным кеңісітігін  кеңейту үшін үйірмелердің атқаратын рөлі зор.

Үміт Жұмаділова

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *