«Жас екпін» – талантты жастар байқауы

Жуырда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Кенен Әзірбаев атындағы коммерциялық емес қордың ұйымдастыруымен «Жас екпін» жас өнерпаздар республикалық байқауының баспасөз конференциясы өтті.

Байқаудың мақсаты ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат мұра болып жеткен халқымыздың дәстүрлі ән-күй саласындағы асыл қазынасын жан-жақты насихаттап, халық ком­позиторларының ән-күйлерін, жыр-термелерін жас ұрпақтың санасына сіңіру.
Баспасөз ­конференциясына ­Кенен Әзірбаевтың қызы, ҚР Мәдениет қайраткері Төрткен Кененқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі Рамазан Стамғазиев, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті Мұрат Әбуғазы, Кенен әндерінің насихатшысы, «Дәстүрлі музыка­лық өнер» кафедрасының ұстазы Шолпан Даржанова және Кенен Әзірбаев атындағы коммерциялық емес қордың өкілі Мұхит Әзірбаев қатысты.
Басқосу барысында Рамазан Стамғазиев байқау арқылы қазақ халқының әншілік-күйшілік дәстүрін, орындаушылық ерекшеліктерін дәріптей отырып, жас таланттарды іздеп табу, болашақ ұрпақтың бойында туған елдің өнеріне, өткеніне деген құрмет сезімін қалыптастыруға болатындығын тілге тиек етті. Ал Шолпан Даржанова халқымыздың дәстүрлі ән өнері мен мәдениетін кеңіңнен насихаттау мақсатында өткізілгелі отырған республикалық байқаудың маңыздылығына тоқтала келе, елдің елдігін дәлелдейтін, оның кемелдігін толықтыра түсетін рухани жәдігерлерімізді ардақтау, ұлыларымызға мың мәрте тағзым жасау, есімдерін ел есінде жаңғырту азаматтық парызымыз екенін айтып өтті. Баспасөз конференциясында сөз алған Мұрат Әбуғазы республикалық байқауға әр өңірден шамамен 100-150 талапкер қатысатындығын жеткізді.
Байқау «Дәстүрлі ән» және «Дәстүрлі күй» аталымдары бойын­ша өткізілмек. Өнер ­бай­қауына музыкалық орта оқу орын­дарының студенттері мен ­арнайы мамандандырылған музыка мектептерінің (11-12 сынып) оқу­шылары қатыса алады. Сайысқа қатысушы талапкерлердің санына шектеу қойылмайды. Өнер көрсетудің реті жеребемен анықталып, байқау соңына дейін сақталады. Осы уақытқа дейін байқауға қатысуға 28 колледж студенттері өтініш білдірген.
Байқаудың жеңімпаздарын қа­зылар алқасының құрамы анық­тайды. Қазылар алқасының құ­рамында Қазақстан Республи­касының көрнекті өнер қайраткерлері мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білікті ұстаздары болады.
«Дәстүрлі ән» байқауының талабына сәйкес өнерпаз Жетісу, Арқа, Батыс, Алтай-Тарбағатай, Сыр бойы әншілік дәстүрлері ­бойынша халық композиторларының бір әнін және халық әнін орындайды. ­Сонымен қатар қосымша көрсетілген тізім бойынша Кенен Әзірбаевтың шығармашылығынан «Ри, қойым!», «Алатау алабында», «Көпшілік, тыңда әнімді», «Бұлбұлға», «Мөртай сұлу», «Бал құйылды даладан», «Қазақстан аймағы», «Қайран ел қайда», «Жаңа заң», «Ойжайлау», «Гигигай», «Жас екпін», «Мен сүйемін халқымды», «Бастау», «Домбыра» әндерін билет алу арқылы таңдап, шырқауы қажет. Ал «Дәстүрлі күй» сайысында ­Батыс, Маңғыстау, Сыр өңірлерінің күйшілік дәстүрлері бойынша бір төкпе күй, Арқа, Қаратау, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірлерінің күйшілік дәстүрлері бойынша бір шертпе күй және Кенен Әзірбаевтың «Құлақ күйі» (нотасы қосымшада беріледі) орындалуы керек. Әр аталым бойынша жеңімпаздар Гран при және жүлделі 1, 2, 3 орындарды иеленеді. Сайыс қорытындысына сай әр аталым бойынша байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Айта кетейік, республикалық «Жас екпін» байқауы 15-16 наурызда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өтеді.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *