Кенелерден сақ болыңыз!

Көптен күткен көктемнің шуақты күндерінде кенелердің белсенділігі артады. Кенелер  –  өрмекші тәріздестерге жататын ұсақ жәндіктер.Олар адам өміріне аса қауіпті кене энцефалиты мен кене боррелиозы, яғни Лайм  ауруларының  тасымалдаушылары болып табылады. Кенелердің белсенділігі көктем мезгілінің аяғы мен жаздың бас кезінде аса жоғары болады. Ал жәндіктердің наурыз бен қазан айларының аралығында шағуы сирек те болса, кездеседі. Жәндіктердің нағыз белсенділіктері мамырдың аяғы мен шілденің орта тұсына дейін жалғасады. Бұл аралықта олардың адамдарға шабуылы жиі тіркеледі.

Кенелерден қалай құтылуға болады?

Көлемінің кішілігіне қарамастан, кенелердің зияны ұшан-теңіз. Сондықтан таза ауа мен табиғат аясында серуендеген кезде сақтық шараларын ұстанған жөн. Кенелер қатты иістерден сескенеді. Оларды «үркітетін» иіс суды қолдан жасауға болады. Даршын мен қалампыр ұнтағын қайнатып, сырт киімдер мен бас киімді қайнатпада шайған соң кептіріп, табиғат аясына киіп шығыңыз. Тағы бір әдіс – эфир майын киімдеріңізге шашып, денеңізге үйкеп, жағыңыз. Бұл әдіс кенелерден ғана емес, масалар мен шіркейлерден де қорғайды.

Кенелерден қорғайтын эфир майлары

  1. Эвкалипт майын сермене майымен қосып қолдануға болады.
  2. Сермене майы қытай серменесінен алынады. Оның самаладай цитрусты иісі кенелер мен бүргелерді қашырады.
  3. Сазды жалбыз жәндіктер үшін уытты зат болып саналады. Оны табиғи реппелент деп атайды.
  4. Лаванда. Көбіміз ұнататын лаванда иісін жәндіктердің көп бөлігі, әсіресе кенелер, шіркейлер мен масалар «жек көреді».

Сақтық шаралары

Кененің құрбанына айналмас үшін қарапайым сақтық шараларын ұстанған жөн. Олардың  арқасында кене тері қабатына ене алмайтын болады.

  1. Кенелер терінің ең жұмсақ жерлерін шаққанды ұнатады. Мысалы тізе асты, қолдардың бүгілетін жерлері, шап, қолтық тұсы, мойын мен бас.

Аталған дене бөліктерінің барлығы тұтас жабық болуы қажет. Ол үшін ұзын шалбар киіп, балағын аяқ киімге салыңыз, басыңызға міндетті түрде бас киім киіңіз.

  1. Күннің ыстығына қарамастан, шалбарды нәскиге немесе аяқ киімге салыңыз.
  2. Басты ғана емес, желкені тұтас жабатын бас киім кигеніңіз дұрыс. Немесе жай ғана кең капюшон кисеңіз де болады.
  3. Егер де табиғат аясында қонуды жоспарласаңыз, жақсы жабылатын шатыр ала кетуді ұмытпаңыз. Тор көзді шатырлар да жәндіктерден жақсы қорғайды.
  4. Көздеген жеріне жетіп, тері астына ену үшін кенеге шамамен 30 минут уақыт керек екен. Сондықтан денеңізді әр 20 минут сайын тексеріп тұрыңыз. Шөптер мен бұталарда жасырынатын кенелер адамның үстіне аяғынан бастап жоғары өрмелейді.
  5. Қосымша қорғаныс құралдарын естен шығармаңыз. Мысалы арнайы химиялық  аэрозольдар мен спрейлер болады. Олар кенелерді үркітіп, тіпті жоя да алады.
  6. Тағы бір әдіс – вакциналау. Бірақ ол тек кене энцефалитінен ғана қорғайды.
  7. Табиғат аясында аяңдайтын жер таңдағанда, шөбі жоқ, құмайт топырақты жерлерді таңдаңыз.

Кене шаққан жағдайда не істеу керек?

Кене 15-20 минут аралығында адам денесіне қадалады. Осы уақытта ол ауырттырмайтын сұйықтық бөледі де, адам шаққанды мүлдем сезбейді.  Тек абден тояттанған соң ғана, уақыт өте адам ауырсынуды сезе бастайды.

Кене адам немесе жануар  денесінде  12 күнге дейін ұсталына алады. Олардың ересек  түрлерін адам 2-3 күннен кейін байқайды. Шаққан жер қызарып, ісінеді, немес қышиды. Ал кененің көлемі ұлғаяды.

Жабысқан кенені көрген жағдайда тез арада алып тастауға тырысу керек.Өйткені кене денедегі қанды неғұрлым көп ішкен сайын, ағзаға жұққан індет соғұрлым көп тарайды.

Кенені қатты тартуға болмайды. Себебі оның жұлынып, денеде қалып қою қаупі бар. Жәндікті кешкене қысқыштың көмегімен тұмсығынан ұстап тұрып, айналдыра алған дұрыс. Әдетте 2-3 айналдырған соң, кене денеден оңай шығады.

Ветеринарлық дәріханаларда кенелерді алуға арналған арнайы құралдар болады. Егер кене жақын арада жабысып, үлкейіп үлгермеген болса, оны инесіз шприцтың көмегімен алуға болады. Сонымен қатар, оны жіптің көмегімен алуға да болады. Ол үшін кененің денесін тұмсығына жақын орналасқан жерінен жіппен айналдыра орайды да, жоғары қарай тартады. Бірақ бұл әдіс аса ыңғайлы емес.

Жәндікті денеден алған соң, шаққан жерін йод тұнбасымен немесе спиртпен  залалсыздандыру керек. Өйткені кене инфекциясын жұқтыру қаупі бар.

Денеден алынып тасталған кенені жұқпаларға зерттейтін зертханаға жіберген дұрыс.

Жұқпаны анықтау үшін қан талдауын тапсырған жөн. Оны кене шаққан күні емес,  10 күннен кейін өткізген дұрыс. Ол мерзімнен  ерте сараптамалар ештеңе көрсетпейді.

Кене энцефалиты кей кездері өліммен аяқталатын аса қауіпті ауру. Дерт жұлын мен бас миын зақымдайды. Бұл аурудың асқынулары да аса ауыр:  адам психикасының бұзылуы, қимыл-тірек аппаратының  бүлінуі, көздің көруі мен есту қабілеттерінің нашарлауы.  Адам мүгедек болып қалуы немесе, тіпті өліп кетуі де мүмкін.

Кене боррелиозы – білінбей өтетін, бірақ  созылмалы ауруға айналғанда мүгедектікке алып келетін қауіпті ауру. Ол тек кене шағуы арқылы беріледі.

Ересек адамдағы  кене боррелиозының шұғыл түрде  алдын алу үшін жәндік шаққан соң 72 сағат ішінде доксициклин дәрісінің 1 талын ішу қажет. Кене боррелиозы бастапқы сатыда тез емделеді, бірақ асқынған жағдайда одан сауығу өте қиын.

Қайда жүрсеңіз де, көктем мен жаз мезгілдерінде  сақтық шаралары туралы ұмытпаңыз.

Дайындаған Үміт Жұмаділова

takprosto.cc




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *