Б. Сағынтаев Грузияның Вице-Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі М. Джанелидземен кездесу өткізді

9

Бүгін Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Грузияның вице-Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі Михеил Джанелидземен кездесу өткізді.

Кездесу барысында энергетика, көлік және логистика, туризм, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру салаларында екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, жаңа бағыттарда өзара тауар айналымын кеңейту, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруалышығы салаларында қазақстандық өңделген және шикізат өнімдерінің, сондай-ақ қазақстандық астық экспортын ұлғайту мәселелері талқыланды. Екі мемлекеттің мемлекеттік органдары, өңірлері мен бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері, грузин компанияларының «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсенді қатысуы мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінді. Соңғы 12 жылда Грузия экономикасына салынған қазақстандық инвестициялардың көлемі $406 млн-нан асты, Грузиядан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $45,9 млн құрады.

Қазақстандық компаниялар «Грузия темір жолдарына» электровоздар және Тбилисидегі автобус паркін жаңартуға қазақстандық автобустарды жеткізуге дайын. Kazakh Export Грузияға экспорттық-сақтандыру бағдарламасы бойынша ұзақмерзімді сауда қаржыландыруын және өзара тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды ұсынады.

Анықтама: 2017 жылдың қорытындысы бойынша ҚР мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 56,4%-ке артып, $64,3 млн құрады.

ҚР-дан Грузияға экспорт көлемі 2017 жылы екі есеге ұлғайып, $38,4 млн құрады (2016 ж. — $19,4 млн). Грузиядан әкелінген импорт өткен жылы $25,9 млн құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 19%-ке жоғары ($21,7 млн). 2018 жылдың қаңтар–ақпан айларында тауар айналымы $8,7 млн құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 80,2%-ке жоғары ($4,8 млн).

Қазақстанда шетелдік капиталға арналған жағдайлар жақсарып келеді. ҚР-да грузин компанияларына Орталық Азия мен Қытай нарықтарына шығу мүмкіндігі берілуде. Бүгінгі таңда Қазақстанда энергетика, көлік, инновация, медицина секілді салаларда грузиялық капиталдың қатысуымен шамамен 120 бірлескен кәсіпорын қызмет етеді. 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда грузиялық қатысумен 236 заңды тұлға, бөлімшелер мен өкілдіктер тіркелген, оның әрекет етіп тұрғаны — 123.

Дереккөз: Primeminister.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *