ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ҚАНДАЙ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙСЫЗ?

138

«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ҚАНДАЙ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙСЫЗ?» АТТЫ САУАЛНАМА НӘТИЖЕЛЕРІ

«Музейлер үнемі өзеріп тұруға,

жаңашыл, креативті тәсілдерді қолдануға тиіс,

себебі музей – креативтілік және шығармашылықтың қайнар көзі»

Лора Шиаво (Laura Schiavo, USA)

Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) анықтамасы бойынша «Музей дегеніміз – халықтың материалдық және материалдық емес мәдениетін сақтайтын, зерттейтін, көпшілікке ұсына білетін. Сонымен қатар, мәдениет, өнер ұғымдарын танымдық және ойын-сауық түріне айналдырып келушілерге ақпарат ретінде жеткізіп бере алатын әлеуметтік функцияларды орындайтын, қоғамдық ашық алаңға айналған мекеме».

Бірақ, өкінішке орай қазіргі таңда қазақстандық әр музей «ашық алаңға айналған мекеме», — деген атқа ие болып отырған жоқ.

Музейге келушілер және олардың қажеттіліктерін есепке алу үшін арнайы сауалнамалар жүргізу арқылы музейлердің жұмысының барысын анықтауға болатыны рас.

Орталық Азиядағы ең жас және ең ірі Елордамыз Астана қаласында орналасқан — Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің мәліметтерін мысалға келтіре отырып, біз сіздерге келушілердің көзімен музейдің әлсіз және мықты жақтарын көрсетуге тырыстық. Қорытынды ақпараттар Ұлттық музейге қонақ болып келген 150 адамға жүргізілген арнайы сауалнама негізіндегі мәліметтер бойынша беріліп отыр. Аталмыш сауалнаманы 2016 жылдың сәуір айында «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қандай болғанын қалайсыз?» атты тақырыпта «Әдістеме және музейтану» бөлімінің ғылыми қызметкерлері жүргізді. Сауалнамада қонақтарға төмендегідей сұрақтар қойылды:

  • Жасыңыз?
  • Сіз музейге жиі келесіз бе?
  • Сіз музейге кіммен келгенді қалайсыз?
  • Сіздің көзқарасыңыз бойынша музей дегеніміз не?
  • Қыдырып келген қонақты қаламен таныстыру үшін қайда шақырасыз?
  • Музейдің ағартушылық жұмыстары туралы ақпаратты қайдан аласыз?
  • Сізге музейдің қандай залдарында қызықты болды?
  • Музей залдарындағы жәдігерлер туралы ақпаратты қандай жолмен алғанды қалайсыз?
  • Сіздің ойыңызша музей жұмысын қандай жаңа технологиялармен толықтыру қажет?
  • Сіз өлкеңіздің тарихын сақтау үшін музейдің ағартушылық жұмыстарына қатысқыңыз келе ме?
  • Музейдің жұмыс істеу кестесіне көңіліңіз толады ма?
  • Музейге кіру құны көңіліңізден шығады ма? және т.б.

Сауалнама сұрақтарының нәтижесін «Әдістеме және музейтану» бөлімінің қызметкерлері жинақтап, жүйелеп, арнайы пайыздық көрсеткіштерін шығарды.

Бұл көрсеткіштердің қорытындылары төмендегіндей нәтиже көрсетті:

— музейге келушілердің орташа жасы 25-35 жас аралығын құрайды (60%)

— музейге келмегелі көп болды жауабын таңдағандар (30%)

— музейге достарымен келгенді қалайтындар (56%)

— музейді ақпарат және білім көзі деп санайтындар (69%)

— Астана қаласына қыдырып келген қонағын музейге апаратындар (79%)

— музейдің ағартушылық жұмыстары туралы ақпаратты ғаламтор желісінен алатындар (49%)

— музейдің ерекше ұнаған залдар қатарында «Алтын» (31%) және «Ежелгі және ортағасырлар тарихы» залдары (38%)

— жәдігерлер туралы ақпаратты экскурсовод көмегіне жүгінуді қалағандар (50%)

— музейді жаңа технологиялармен жабдықтауды қолдағандар (30%),

— өлкенің тарихын сақтау үшін музейге өз үлесін жәдігер тапсыру арқылы білдіретіндер (25%)

— музейдің жұмыс істеу кестесіне көңілі толатындар (59%)

— музейге кіру құнын қолжетімді деп танығандар (62%).

Бұл сауалнама нәтижелері кез-келген музейдің дұрыс бағытта жұмыс жасауын анықтауға және жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуға көмегін тигізері анық.

Сауалнама нәтижесі бойынша музейге келушілердің біркелкі және бірбеткей екендігін байқауға болады. Осы тұрғыда музей өз кезегінде бұл көрсеткіштерді есепке ала отырып — музейге тек жастар емес, ересек адамдар мен балалардың да келуіне және тек жақын достарымен емес, отбасы болып келулеріне бар мүмкіндіктерді ашуға тырысуы керек. Мысалы, музейде жаңаша инфрақұрылым жасақталса (балаларға арналаған арнайы бөлмелер, ойын алаңдары, демалыс аймақтары) өздігінен ересек жастағы әйелдер мен ер азаматтар, балаларын бірге ерткен отбасылар да белсенді түрде келетіні айдан анық.

Сауалнаманың қуантарлық тұсы Ұлттық музейге жастардың белсенді түрде келетіндігі. Себебі, қазақстандық музейлердің басым көпшілігі жастардың музейге деген қызығушылықтарын ояту мақсатында күресіп жұмыс жүргізуде. Ұлттық музей бұл артықшылықты өз жұмысында тиімді қолдана біліп, өзінің негізгі аудиториясына арналған қызықты шараларды ұйымдастырумен айналысуы қажет.

Музейге келушілердің басым көпшілігі де сауалнамада музейді «ашық алаң», «ашық кеңістік» ретінде көргісі келетіндіктері туралы пікірлерін қалдырған.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *