Ақпараттар алты тілде таратылады

626

Түркістан өңірі туралы ақпарат алдағы уақытта алты тілде таратылмақ. Әрине ақпарат алдымен қазақ тілінде дайындалады. Одан кейін түркі тілдес елдерге тарату мақсатында аударылып, өңделеді. Оған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы да өз мүмкіндіктеріне қарай атсалыспақ.

Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде өткен «Түркістан: жаңа ақпараттық кеңістік» тақырыбындағы халықаралық журналистер форумында Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикаларының жетекші ақпарат құралдары мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік орнатылып, меморандумға қол қойылды. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің ақпарат құралдарына тарату және өзге мемлекеттермен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыруды мақсат еткен форумның ашылуында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзір екенін жеткізді. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келген. Яғни олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Облыс әкімі форумға қатысушыларды да Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырып, жас журналистерді БАҚ саласы дамыған шетелдерде тәжірибе шыңдауға кеңес берді. Өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларды жүйелеу де көзделген форумда түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосатындарын білдірді. Олар осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретіне сенімді.

Шетелдік әріптестер осы елдердегі БАҚ арасындағы ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеру керек деп есептейді. Мысалы, Әзірбайжанның Қазақстандағы телерадиокомпаниясының өкілі Фузули Зульфуоглудың айтуынша, форум журналистердің байланысын нығайта түседі. «Қазір ынтымақтастық біз қалағандай деңгейде емес. Бұрын қарапайым халық тек бұл елдердің басшыларын ғана біліп келген болса, осы кеңістік енді аталған елдердің ішкі жағдайларын, онда болып жатқан маңызды дүниелермен таныстыруға сеп болмақ», -дейді Фузули Зульфуоглу. Сондай-ақ, форум барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шамшиддин Паттеев, «Егемен Қазақстан» газеті басқарма төрағасының орынбасары-бас редакторы Айбын Шағалақ, «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Балтабайұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл және еліміздегі белді сайттар мен ақпарат агенттіктерінің басшылары журналистиканы дамыту, Түркістанды дамыту бағытындағы пікірлерімен бөлісті. Түркі тілдес журналистердің ортақ сөздігін жасау қажеттігі де айтылды.

Еліміздің және шетелдік журналистердің басн қосқан форум аясында «TÚRKISTAN MEDIA» халықаралық орталығы және «Түркістан» интеллектуалды клубы ашылды. «Түркістан медиа» орталығы арқылы облыс туралы ақпараттарды түркі тілдес елдердің бұқаралық ақпарат құралдарында тарату жөнінде келісім жасалды. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев Түркияның «TRT» телекомпаниясының Астанадағы өкілдігінің дирректоры Абдулхамит Авшармен, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаевпен, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Рамис Латиповпен және Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузулимен БАҚ саласындағы әріптестік және іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойды. Айта кетейік, қалаға сапарлап келген шетелдік және отандық журналистер осы орталықтың қызметін

пайдалана алады. Қажетті жиһаздармен, компьютерлермен және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған медиа орталықта Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді. Түрлі тақырыпта және форматта брифинг пен шағын кеңестер өткізетін орындар бар. Алдағы уақытта еліміз және облыс туралы ақпараттарды ағылшын тілінде де тарату көзделіп отыр. Ал «Түркістан» интеллектуалды клубында түрлі тақырыптарда басқосулар, дөңгелек үстелдер мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізілетін болады. Клубтың отырысына арнайы шақырылған еліміздің интеллектуалды тұлғаларының пікірлері мен ұтымды ұсыныстарын телеарналарда мен әлеуметтік желілерде арнайы бағдарлама ретінде көрсету де көзделіп отыр.

Сондай-ақ, халықаралық журналистер форумында «Түркістан облысының логотипі» және «Түркістанды көркейту жөніндегі идеялар банкі» атты байқаулар жарияланды. Байқаулардың шарты және мақсатымен таныстырған Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, төлтаңба арқылы Түркістанның брендін қалыптастырып, Қазақстан мен шетелге таныту және ғаламтор желісінде өзіне тән оң имиджін көтеру де көзделіп отыр. «Төлтаңбада облыстың өткені мен бүгіні, өңірдің өзіне тән ерекшелігі, қазақ халқының ұлттық болмысы көрініс тауып, дизайнерлік шеберлікпен үйлесуі тиіс. Сапалы әрі тартымды логотип туризмді дамытуда және инвестиция тартуда да маңызды міндет атқарады. 2018 жылдың 1 қараша мен 20 желтоқсан аралығында өтетін «Түркістан облысының логотипі» байқауына суретшілер, дизайнерлер және кез келген ынталы азаматтар қатыса алады. Байқауға қатысу үшін құжаттарды Түркістан облысы ішкі саясат басқармасына тапсырады», -деді Б.Тәжібаев. Ал «Түркістанды көркейту жөніндегі идеялар банкі» байқауының мақсаты – Түркістан қаласын дамыту, сәулеттік келбетіне, көркейту, абаттандыру, бәсекеге қабілетті «ақылды қалаға» айналдыру бағытындағы үздік ұсыныстар мен идеяларды жинақтау. Бұл байқау 1

қарашадан 2019 жылдың 15 наурызына дейін жалғаспақ. Байқауға еліміздің барлық азаматтары қатыса алады. Ұсыныс-пікірлерін баспасөзге немесе әлеуметтік желіге жариялайды. Үздік идеялар қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, байқаудың жалпы жүлде қоры – 1 млн теңге. Жеңімпаз бен жүлдегерлер қаржылай жүлдемен қатар ынталандыру сыйлықтарымен және дипломдармен марапатталады.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ,

Түркістан облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *