МАҚТААРАЛДЫҢ ҮЗДІК ҚАРЖЫГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

325

Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойының қарсаңында ауданда ұлттық валютаның айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын айшықтаған алқалы жиын өтті. Теңгенің 25 жылдық туған күніне орай өткен басқосуда аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков аудандағы ең үздік экономистер мен есепшілерді, қаржыгерлерді арнайы жинап, аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

 «15 қараша – Ұлттық валюта күні және еліміздегі қаржыгерлер қауымының кәсіби мерекесі екені белгілі. Биыл осы атаулы мерекелер ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр. Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы. Төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық эконо­­ми­­каның құрылымдарын қалып­тас­тыруды қамтамасыз ете алды. Төл ва­лютамыз ғана тәуел­сіз экономи­калық және қаржы-несиелік саясат­ты жүзеге асы­руымызға, нақты эко­но­микалық егемендікке қол жеткізуі­мізге мүм­кіндік туғызды» — деді Б.Төребеков.

Айта кетерлігі, 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты.

1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Дәл осы жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді.

Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді.

Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *