«БЖЗҚ» АҚ ағымдағы қызметінің қорытындысы

1515

2018 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,1 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 1,4 трлн теңгеге немесе 17 пайызға өсті. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы хабарлайды.

2018 жылдың 11 айы ішінде шарттардың барлық түрі бойынша салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (ЖЗШ) 248,7 мың бірлікке артып, ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына қарай 10,4 млн бірлікті құрады.

Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Олардың сомасы 8,9 трлн теңгеге жетті. Ай сайынғы жарнаның орташа сомасы 15,6 мың теңгені құрады. Бұл ретте 2018 жылдың 11 айы ішінде түсімдердің жалпы сомасы 722,8 млрд теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде зейнетақы жарналарының сомасы 646,2 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішіндегі өсім 12 пайыз болды.

2018 жылдың 11 айы ішінде Қордың салымшылары мен алушыларының зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 746,8 млрд теңгені құрады. Яғни, жарналар бойынша түсімдердің деңгейімен бірдей деуге болады. 2018 жылдың 11 айы ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 9,24 пайыз болды. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 4,6 пайызды құрады. Жылдық тұрғыда алып қарайтын болсақ, Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың 1 желтоқсаны мен 2018 жылдың 1 желтоқсаны аралығында 10,02 пайыз болды. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 5,3 пайызды көрсетті. Осылайша, табыстылық екі кезеңде де инфляция деңгейінен жоғары. Яғни, салымшылардың жинақтары табысты болып жатыр.

2018 жылдың 11 айы ішінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы шамамен 156 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде зейнеткерлік жасқа толуға байланысты төлемдер – 76,6 млрд теңгені (немесе 49%), сақтандыру ұйымдарына аударылған зейнетақы жинақтарының сомасы – 22,2 млрд теңгені (немесе 14%), ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 32,0 млрд теңгені (немесе 20%) және басқалай біржолғы төлемдер (жерлеуге және мұрагерлерге берілген) – 25,2 млрд теңгені (немесе 16%) құрады.

Кәсіпорындар мен ұйымдарда ақпарат беру-түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
2018 жылдың 11 айы ішінде барлығы 23,4 мың таныстырылымдық шара өткізіліп, оларға 738 мыңнан астам адам қатысты. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Мысалы, зейнетақы жинақтары бойынша ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдаған салымшылар мен алушылардың қатары 1,2 млн адамға толықты. 1 желтоқсанға қарай 5,1 миллионнан астам адам зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілі ретінде enpf.kz интернет-сайтын таңдаған. Тағы 900 мыңдай адам жеке зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірмені электрондық пошта арқылы алады. Үзінді көшірмені дәстүрлі пошта байланысы бойынша жылына бір рет алатын салымшылар саны керісінше 270 мың адамға азайды. 2018 жылдың 1 желтоқсанына қарай шамамен 1,5 млн адам әлі де болса жыл сайын үзінді көшірмесі бар хат күтеді. Ақпарат алудың бұл тәсілі аса ыңғайлы емес. Өйткені егер салымшы мекенжайын ауыстыратын болса, бұл туралы Қорға міндетті түрде хабарлауы тиіс. Ал интернет байланысы керісінше зейнетақы жинақтарының жай-күйін кез келген уақытта, кез келген жерде қадағалап отыруға мүмкіндік береді.

БЖЗҚ ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап зейнетақы шоттарына бірнеше жыл бойы жарна түспеген салымшылармен жұмыс жүргізіп келеді. Олардың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтушылар екендігі анықталды. Күні бүгінге дейін 574 мыңнан астам адаммен байланыс орнатылды. Солардың ішінде 113 мыңнан астам адам зейнетақы жарналарын төлей бастады. Сәйкесінше олардың шоттарына 1,8 млрд астам теңге аударылды.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *