Қабдеш Жұмаділов: Оспан-исі қазақтың батыры

2363

Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақ тарихындағы Ұлт азаттығы көтерілісінің белді басшыларының бірі – Оспан батыр Сілəмұлының (1899-1951) туғанына 120 жыл толуына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Тəуелсіздікке деген ұмтылыстарды дəріптеп, насихаттау, ұлттың ұлы тұлғаларын ардақтау – Елбасы тікелей қолға алып отырған «Рухани жаңғырудың» басты қадамдарының бірі,отаншылдық рух пен ұлттық сана қалыптастыруда тетік болатын негізгі мəселелер екендігі даусыз.

ХХ ғ. бас кезінен Қытайдың Шыңжан өлкесін мекендеген қазақтар өмірінде қоғамдық-саяси оқиғалар Қытай билеушілері жүргізген саясат салдарынан күрт шиеленісе түсті. 1940 ж.қаңтар айында Алтайдағы рухани көсем Ақыт қажы Үлімжіұғлы ұсталады. Есімхан бастаған ел азаматтары аудан əкімі бастаған 11 адамды өлтіріп Алтай төңкерісінің алғашқы оғын атты.

Көтеріліс арада он айға созылған келісімнің теңсіз шарттарымен уақытша болса да тоқыраған еді. Оспан ғана қару тапсырудан бас тартады. 1941 ж. маусым айында көтеріліс қайта бұрқ ете түсті. Бұл жолғы көтерілісті Оспан Сілəмұлы бастаған еді. Оспанның жеңісімен аяқталып, қыруар қару-жарақ олжаға алынып, қазақ жасағы күшейе түседі.

Осы кезеңде Шыңжанға иелік етуге, ықпалын жүргізуге деген əртүрлі мүдделердің арасында, дəлірек айтқанда, бір жағынан Гоминдаңның, жергілікті башысы Шың-Шысайдың, келесі жағынан Совет үкіметі, Америкамен Ұлыбританияның жүргізген қитұрқы саясаттарының тоғысында Оспан батыр шын мəніндегі күрмеуі қиын саяси ахуалдың ортасында қалады. Совет үкіметі Моңғолияны араға салып, өз саясатын жүргізуге тырысты.1944 ж. И.Сталин Моңғолия үкіметі басшысы Х.Чойбалсанды коммунистік саясатты кеңейту үшін Оспанды жақтас етуге пайдаланып, кездесу ұйымдастырды. Гоминдаң үкіметі өз пайдасы үшін Оспанға 1945 ж. Сарсүмбеде губернаторлық қызмет ұсынады. Бір жылдың ішінде үкіметтердің шын пиғылын танып білген соң қызметтен бас тартып, көтерілісін қайта жалғастырды. Билеушілер өзара ымыраласып «Шығыс Түркістан», «Үш аймақ» деп аталатын қуыршақ үкіметтер де құрды.

1950 ж. көктемінен қолға түсіруге шындап ұмтылған қарулы күш Оспан батырды 1951 ж.ақпан айының 19 күні Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде қоршауға алып, қапыда қолға түсіреді. Үрімжі түрмесіне əкеліп қамап, ұзақ тергеп, үкім шығарып 1952 ж. сəуірдің 29 күні Үрімжі қаласында көпшілік алдында атып өлтірді.1953 ж. қаңтардың 12-сінде Оспан батырдың Үрімжідегі сүйегін алуға рұқсат етіліп, туған мекені Көктоғай ауданының Күрті ауылындағы Тамырлыға əкеліп жерледі.

Арада 40 жыл өткен соң дербестік үшін жанын қиған басқадай батырлардың қатарында Оспан батырдың да өр рухы қайта жанып, Қазақ Елінің тəуелсіздік алуымен аяқталды деуге əбден негіз бар.

Оспан батырдың 120 жылдығын атап өтуге арнап еліміздің əр өңірінде жəне шет елдегі қазақтар шоғырлана қоныстанған өлкелерде ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Жиынға арнайы шақырылған құрметті қонақтар арасынан Қабдеш Жұмаділов, Жәркен Бөдеш, Зиябек Қабылдинов,Жәди Шәкенұлы, Жүрсін Ермен,  Темірхан Тебегенов Өркен Нәбиұлы сияқты қазақтың зиялы қауым өкілдері, ақын, жазушылар мен ғалымдар баяндама жасады. Радио-телеарналар мен газет-журналдардан БАҚ өкілдері қатынасты.

Жеңіс ТҮРКИЯ,

«Ер Жәнібек» халықаралық қорының төрағасы:

-Қазақтың қас батыры болған, өзінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күрескен Оспан батырдың 120 жылдығына орай баспасөз-мәслихатына жиналып отырмыз. Осы шаралармен айналысып жатқан көптеген салаларымыз бар. Мерейтой тарих, бейнелу өнері, айтыс, ат бәйгесі секілді бірнеше салалар бойынша шаралармен жалғасын табады.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,

Қазақстанның халық жазушысы:

-Оспан батыр туралы біздің ұғым бірте-бірте ұлғайып, кеңейіп келе жатыр. Сонымен қатар, «Оспан кімнің батыры?»,- деген ұғым да ұлғайып бара жатыр. Оспанды басқалардан қызғанып, бір ауылдың, бір рудың батыры ретінде шығарғысы келгендер де болды. Оның өзі үлкен қателік екенін олар кейінірек түсінген болуы керек. Оспанды бір ауылдың батыры ету, оны үлкейту емес, кішірейту болып шығады. Оспан-исі қазақтың батыры. Оспан-түркі дүниесіндегі ең ұлы қайраткерлердің бірі. Жалпы, Қазақстанда ұлт-азаттық күресі, идеясы — 1932 жылғы аштықтан кейін, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін, ату мен асудан кейін тоқырады. Содан кейін, бірде-бір партия, не ұйым болған жоқ. Бас көтеретін ешкім болмады. Ал, сол кезде ұлт-азаттық күресінің және ұлттық идеяның эпицентрі Қазақстаннан Шыңжаңға ауды. Идея өлген жоқ, Шыңжаңға қоныс аударды деуге болады. Оның әртүрлі себебі бар. Бірінші, 1930 жылдары қуғын-сүргін көрген алаш қайраткерлері Шыңжаңға барып, паналады. Үш аймақтың-үшеуіне де барды. Алтай, Тарбағатай, Құлжа… Сабақ берді. Қолдарына бір-бір шам ұстап барған алаш қайраткерлері, сол жақтың санасының оянуына түрткі болды. Екінші, ол жақтың тез қозғалып кетуіне рақымсыздық, батырларды, бас көтеретін адамдарды түрмеге қамап, тұншықтырып өлтіруі, халыққа сенбей, қаруды жинап алуы секілді іс-әрекеттер Шыңжаң халқының көтерілуіне себеп болды. Алдыңғы толқын шейіт болып кетті, алдауға түсті. Алдауды, қырғынды көріп отырған халықта екінші толқын көтірілді. Оспан, сол екінші толқынның басшысы болды. Алтайдағы ұлт-азаттық көтерілістің көсеміне айналды.

Сайын БОРБАСОВ,

Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, с. ғ.д., профессор:

-Оспан батыр туралы Шыңжаң, Шығыс Түркістан облысындағы қазақтар жақсы біледі де, жергілікті Қазақстан халқы көп білмейді. Оспан батыр туралы кітаптар да, көркем шығармалар да жазылып жатыр, роман да шыққан. Көптеген адамдар зерттеген. Моңғолияның Сақтаған Рақметұлы деген азаматы осы батыр туралы ғылыми диссертация қорғаған. Биыл 120 жылдығына орай «Ер-Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тапсырамасымен. Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институты батыр туралы бір монография дайындап жатыр. Біздің мақсат-Оспан батыр туралы архив деректерін Мәскеуден, Тайландтан және біздің қауіпсіздік оргондарынан алып, ғылыми айналымға енгізу. Оспан батыр барлық ұлт-азаттық көтерілістер тоқтағаннан кейін, 1940 жылдары ұлт-азаттық қозғалысты жаңа деңгейге көтерді. Сондықтан, біз осыны Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының ұсынуымен Ұлы даланың — ұлы есімдерінің қатарына — Оспан батырдың есімін енгізуді ұсындық.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *