Ассамблея Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара өткізді

248

Елордалық «Жетісу» саябағында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Конституция күніне арналған мерекелік концерт өткізілді. Шара ай ішінде өткізілген «Этнос күні» іс-шаралар кезеңін қорытындылауға арналды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық ҚХА-ның іс-шарасы аясында «Еуропа мәдениеті күні» өткенін атап өткен ләзім. Мерекелік іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органның өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара азаматтық ұстанымды белсенді қалыптастыру, ел Конституциясының нормаларын құрметтеу және сақтау, қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің жетістіктерін паш ету, сондай-ақ Қазақстан этностарының мәдени дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткізілді.

Сахна шымылдығы патриоттық әндермен өрілген елордалық ҚХА жастарының флешмобымен ашылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ж.Түймебаев мерекелік шара қатысушыларына ігі тілегін жеткізді: «Бүгін бізді елорда этномәдени бірлестіктерінің мүшелері өз шығармашылығымен қуантатын болады. Дәл осындай іс-шаралар біздің барлығымызды біріктіріп, өзара түсіністік рухын қалыптастырып, қоғам бірлігін нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін. Осы ретте, Ассамблея ұжымына, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдарға бұл жұмысқа белсене қатысқаны үшін алғысымды білдіремін»-деді ол.

Аталған шара бойынша «Еуропа мәдениеті күні» фестивалін қорытындылауға сәйкес, сахнаға алғашқылардың бірі болып Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының «Возрождение» немістер қоғамы шықты. «Диамант» неміс жастар тобының би ұжымы «Доғамен би» және «Шпектерин» флешмобын көрсетті. Ал әншілер Дарья Мейрбаева мен Альфия Абдульманова неміс тілінде жазылған ежелгі және заманауи әндерді орындады. Сонымен бірге, «Алеф» еврей мәдени-ағартушылық және қоғамдық-саяси қоғамының мүшелері «Бат-мицва» еврей дәстүрін көрермендер назарына ұсынды. Еврей баласы кәмелеттік жасқа жеткен кезде, ол өз іс-әрекетіне жауапты болады және тиісінше бат-мицва атанады. Бұдан әрі Сергей Семенов тобы еврей әндерінен попурри орындады.

«Еуропа мәдениеті күні» фестивалін қорытындылау сәтінде «Злата» болгар мәдени орталығының» шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Бұл ретте «Цветанка» ансамблін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ Владимир Достов тамаша әндерді көрермендерге тарту етті. Бұған қоса, осы орталық «Ата-ана үйінен қалыңдықты шығарып салу» атты дәстүрді халық назарына ұсынып, ризашылыққа бөленді. Сонымен, «Еуропа мәдениеті күні», «Шығыс қырлары», «Славян базары», «Кавказ мәдениеті күні» фестивалдарының барлық қатысушылары бір сахнаға жиналып ай ішінде өткізілген «Этнос күні» іс-шаралар шарасын қорытындылады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *