Алматы облысының жастары 100 га жерді игеріп, өнім алуда

105

Алматы облысының жастары 100 гектарға жуық жерді игеріп, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып отыр. Бұл туралы Талдықорғанда өткен «JETYSU ETNO STYLE» облыстық жастар фестивалі шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін таныстыру барысында белгілі болды. Жастардың бұл ісін облыс әкімі Амандық Баталов оң бағалады. Еске салсақ, облыс әкімінің жастармен кездесуінде аудандық, қалалық жастар ресустық орталықтарына 10 гектардан жер бөлу, ауыл шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік жасау туралы ұсыныстары қолдау тапқан болатын. Сол учаскелерде жастар өз ауданының басымдық беретін дақылын сеуіп, тапқан табыстарын өңірдегі жастар мәселелерін шешуге бағыттаймыз деп уағдаласқан, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, биылғы жылы Сарқан ауданында жастар 20 га жерге қант қызылшасын сепкен. Өнімді жинау науқаны қазанның ортасына жоспарланып отыр. Негізі бұл ауданның жастары қызылша өсірумен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Ең алғаш бұл істі 4,5 гектардан бастаған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 15 гектарға сепкен тәтті түбірдің әр гектарынан 380 центнерден өнім алды.

Биылғы жылы Ақсу ауданының жастары да қызылша өсіруге кірісті. Қазіргі кезде олар 2,5 гектарды игерді. Көксу және Қаратал аудандарының жас еңбекккерлері әрқайсысы 10 гектармен жұмыс істеуде. Көксулық жастар 150 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Ал Жамбыл, Кеген, Кербұлақ, Балқаш аудандарында картоп өсіруді жөн деп шешкен. Жалпы алғанда бұл дақыл 23 гектарға себілген.

Алакөлдік жастар 10 га соя, Ұйғыр ауданында 4 га жоңышқа, Балқаш, Талғар аудандарында 3 гектарға қарбыз өсіруге ден қойған.

Ескелді ауданында 10 гектар жерге экспацерт өсірудің нәтижесінде 3420 тең шөп жиналған.

Жастар бау-бақшамен айналысуды да ұмыт қалдырған жоқ. Панфилов, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарынында 10 гектардан жеміс бағын баптауды қолға алмақшы.

Сол сияқты бидай өсіруге де кірісеміз деп отыр. Қарасай, Райымбек аудандарының жастары осындай шешімге келген.

Атқарылған жұмыстармен танысқан Амандық Баталов:

— Бүгін үлкен жұмыстың жемісті нәтижесін көріп отырмыз. Кей жерлерде 10 гектарды бірден игеріп үлгерген, кейбір аудандарда әзірге жердің бір бөлігімен жұмыс жасауда. Ең бастысы – істі бастау. Еңбек адамды тәрбиелейді, түзейді, өмірге үйретеді. Сендер жерге өз қолдарыңмен картоп, қызылша, соя, басқа да дақылдар сеуіп, баптап жатырсыңдар. Бұл сендер үшін теңдессіз тәжірибе. Елдің иглігіне жарайтын барлық бастамаларыңды

қолдауға біз қашанда әзірміз, — деді А. Баталов жастармен әңгімелесу барысында.

Жастар фестивалінде каскадерлар мен қара күш иелері таңқаларлық өнерлерін көрсетті. Келушілер этно-қалашықты, ақындар, спортшылар, қолөнершілер алаңдарын тамашалады, ұлттық спорт түрлерінен және биден өткен жарыстарға қатысты. Сол сияқты бүркітпен және оны баптаушылармен бірге суретке түсті.

Бас сахнада сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:

— Құрметті жас достар! Биылғы жыл Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Жастар жылы болып жарияланды. Осы саясатты жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі жалғастырып келеді. Мемлекет қолдауының арқасында біздің облыста жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Облыстағы халықтың төрттен бірін жастар құрап отыр. Сондықтан жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалып, шаралар ұйымдастырылады, Қаратал жағалауында өткізіліп отырған бүгінгі фестиваль — соның бір айғағы. Бүгін ауыл шаруашылығындағы, спорттағы, мәдениеттегі, бизнестегі және басқа да салалардағы жетістіктеріңді көрме арқылы көпшілікке ұсынып отырсыңдар Жастардың еңбегінің нәтижесін көріп, біз әрқашан қуанамыз. Биікке ұмтылып, жеңістерге жету үшін ең алдымен денсаулықтарың мықты болсын! Дұрыс жол таңдап, еліміздің айтулы азаматтары болыңдар! Қашанда жолдарың ашық, армандарың биік болсын! – деді А. Баталов. Мұнан соң өңірдегі жастар ұйымдарын марапаттау рәсімін атқарды.

Облыстың әрбір аудан, қаласының жастары өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен Талдықорған қаласының кіреберіс аркасы бейнеленген естелік сыйлықтар берілді.

Жастардың құрметіне өнер жұлдыздары ән салып, шара мерекелік отшашумен аяқталды.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *