ҚҰРМАНҒАЗЫ ОРКЕСТРІНЕ – 85 ЖЫЛ

400

Алматыдағы Республика сарайында ұлттық мәдениетіміздің інжу- маржаны – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұжымы, Дүниежүзілік және Халықаралық конкурстардың лауреаты Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 85 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті. Мерейтойлық концертке әйгілі оркестрдің ардагерлері, КСРО Халық артисі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Халық артистері – Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова және басқа әнші-музыканттар қатысты.

Құрманғазы оркестрінің тарихы 1934 жылы Ахмет Жұбанов оркестрдің дирижері мен көркем жетекшісі болып тағайындалған кезден басталады. Алғашқыда Алматыдағы Музыкалық драма техникумы жанынан құрылған ансамбль сол жылы халық өнерпаздарының Бүкілодақтық 1-слетіне қатысты. 1934 жылдың 25 маусымында Ағарту халық комиссариатының Жарлығымен «Қазақстан Орталық атқару комитеті атындағы 1-қазақ ұлттық оркестрі» құрылды. Тұңғыш оркестрдің құрамына қазақ даласының түкпір-түкпірінен халық ішінен шыққан тума таланттар тартылды. Олар оркестрдің негізін қалаушылар – Махамбет және Науша Бөкейхановтар, Қали Жантілеуов, Иса Байзақов, Қамбар Медетов, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожин, Рүстембек Омаров, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев болатын. Көп ұзамай оркестрге консерваторияның алғашқы түлектері Фатима Балғаева, Гүлнәфис Баязитова, Сәнен Әжиева, Раушан Нұрпейісова, Бақыт Қарабалина сынды кәсіби музыканттар келді. Музыкалық ұжымның жарқын есімдері қатарында Айса Шәріпов, Қаршыға Ахмедияров, Рахым Тәжібаев, Тұяқберді Шәмелов және басқа атақты домбырашылар бар.

Мерейтойлық концертті ашқан Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Қуанышбек Мұқанғалиев әйгілі ұжымның жетістіктері мен бүгінгі әлеуеті туралы айтып, оркестрдің мерейтойы бүкіл қазақ мәдениеті мен өнерінің мерейтойы екенін жеткізді.

Кеш барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының Әкімдігі, Халықаралық «Түрксой» ұйымы және Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория басшылығы оркестр ұжымын арнайы құттықтады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің артистері – Асыл Садуақасқызы, Әділ Ерболат, Ғазиз Алтай, Ардақ Итекеева «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мерейтойлық концертке республикалық және халықаралық конкурстардың бас жүлдегері, Тұңғыш Президент — Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген және ҚР Мәдениет қайраткері Жексен Айсын дирижерлік етті.

85 жылдық тарихында Қазақстанның музыка өнерінің өркендеуіне ерекше үлес қосқан, қазақ өнерін әлемге танытқан оркестрдің салтанатты концертінде Құрманғазы, Тәттімбек сынды халық күйшілері мен Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхамеджанов, Евгений Брусиловский, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды отандық композиторлар, Антонио Вивальди, Иоганн Штраус, Петр Чайковский және басқа шетел композиторларының үздік туындылары орындалды.

Салтанатты концерттің шымылдығы оркестр атын иеленіп отырған әйгілі күйші Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен жабылды. Концертке келген өнерсүйер қауымның оркестрге деген ықыласы ерекше болды. Қазақтың дәстүрлі мұрасын жаңа заман талабымен үйлестіре білген атақты ұжымның алар биігі әлі алда.

Дина ИМАМБАЕВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *