«Қазақ ханымы» халықаралық байқауының жеңімпазы анықталды

103

Алматыда «Қазақ ханымы» халықаралық байқауының жеңімпазы анықталды.

Республика сарайының сахнасында «Қазақ ханымы» байқауының жартылай финалынан өткен 25 ханым бақ сынады. Олар Қазақстанның барлық өңірлері мен Қытай, Қырғызстан және Моңғолия елдерінен келді. Финалға шыққандар өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, халық әндерін нақышына келтіріп орындады, би биледі, музыкалық аспаптарда ойнады, театрландырылған көрініс қойды. Үміткерлердің барлығы байқауға тиянақты дайындалып келген. Олар бойындағы өнерлерін барынша көрсетуге тырысып бақты. Шараны ұйымдастырушылар қатысушыларға шектеу қоймады. Бас жүлдеге тігілген 10 миллион теңге мен тәж үшін күрес шынайы әрі адал өтті. Әділқазылар алқасы 25 қатысушының ішінен жеңімпазды анықтау үшін 10 келіншекті таңдады. Алдымен олардың қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімдерін тексеріп, содан кейін жүлдегерлер мен жеңімпаздардың атын атады. Сонымен, байқаудың қорытындысы бойынша 31 жастағы үш баланың анасы талдықорғандық Маржан Алтыбаева тәж бен ақшалай сыйлықтың иегері атанды. «Мен әлі де жеңімпаз екеніме сене алмай тұрмын. Бұл бір түс сияқты. Шынымды айтсам, мен мұны күтпеген едім. Бұл оңай болған жоқ мен байқауға ұзақ дайындалдым. Өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға және маған қолдау көрсеткен адамдарға рахмет. Жарыс жақсы өтті. Бұл менің жеңісім ғана емес, отбасымның жеңісі. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, бұл мәртебені абыроймен орындаймын. Мен жеңіп алған қомақты соманың бәрін қайырымдылыққа жұмсаймын. Аз қамтылған отбасыларға таратып беремін», — деді жеңімпаз Маржан Алтыбаева. Бірінші орынды Баян Мұсаев еншілесе, екінші орын Жанар Қадыроваға, үшінші орын Гүлнар Жайыққа бұйырды. Олар байқау демеушілері дайындаған ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жанар Қадырова арнайы жүлдені онлайн дауыс беру арқылы жеңіп алды. Қазылар алқасының құрамында Зейнеп Ахметова, Ырза Тұрсынзада, Секен Тұрысбеков, Клара Қабылғазина, Алма Аманжолова, Дариға Тұранқұлова, Ержан Айтқали, Бақытбек Смағұлов, Ләззат Сүлеймен сынды танымал тұлғалар болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыстың басты мақсаты — қазақтың ханымы атына лайық қазақ әйелін анықтау. Елінің де, ерінің де абыройы үшін барын салып жүрген қазақтың қарапайым, көп балалы әйелдерін насихаттау үшін қолға алынған жоба. Жалпы байқауға қатысуға әртүрлі жастағы 4 мыңға жуық әйел өтініш берген. Іріктеу кезеңінен 25 ханым өтті.

Дереккөз: inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *