Қарағандыда  Қазақ тарихы күні аталып өтті

306

Өткен жылы Қарағанды қаласында «Қазақ халқының мұрасы-Мәңгілік ел» кітаптар сериясының бастамасымен елімізде тұңғыш рет ұлттық құндылықтарды жаңғырту және насихаттау мақсатында Қазақ ұлттық  күнтізбесінің тұсауы кесілген болатын.

Ұлт мұрасын насихаттауға бағытталған күнтізбеде 7 ақпан – Қазақ тарихы күні болып белгіленген. Осыған байланысты тереңнен тамыр тартқан ұлттық тарихты насихаттау мақсатында облыстық  Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп – интернат – колледжінде «Қазақ тарихы – ұлт қазынасы» атты Қазақ тарихы күнінің тұсаукесер шарасы болып өтті.

Шара барысында ұйымдастырушылар жас спортшыларға Қазақ тарихы күнінің мән-маңызы туралы айтып, осыған дейінгі кезеңде «Қазақ халқының мұрасы-Мәңгілік ел» кітаптар сериясы аясында Қазақстан тарихына арналып жарық көрген кітаптармен таныстырды. Олардың қатарында 2000 данамен жарық көрген «Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы» атты тарихи анықтамалық пен «Қазақтың әскери тарихы» кітаптары мен жақын арада таратылымға  шығатын Тәуелсіз Қазақ елінің 526 жылдық тарихы»(1465-1991 жылдар кезеңі)  атты аудиокітап бар. Айта кететін бір нәрсе аталған аудиокітаптың көлемі 6 сағаттан астам уақытты құрайды, сондай –ақ ол қазақтың халық күйлерімен дыбысталған.

Сондай- ақ шара барысында жас жеткіншектер Қазақстан тарихына  қатысты жаңа деректермен танысып, ұлттық құндылықтарды насихаттау  мақсатында ұйымдастырылған «Қазақтың мақал – мәтелдері», «Қазақ тарихының айтулы тарихи даталары» атты байқауларға қатысып арнайы жүлделерге ие болды.

Сонымен қатар шара соңында ұйымдастырушылар алдағы уақытта Қазақ тарихы күнін неғұрлым кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырғандарын атап өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *