Байқоңыр қаласы тұрғындары толықтай табиғи газбен қамтамасыз етіледі

688

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, — деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Заң жобасы «Байқоңыр» кешеніндегі газ тұтынушыларды газбен жабдықтаудың құқықтық негіздерін реттейтін халықаралық шартты ратификациялауды көздейді. Келісімде «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтаушы ұйым айқындалады әрі ол ұйым Байқоңыр қаласының аумағында тіркелмей-ақ тұтынушыларға газды бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын болады.

Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауовтың айтуынша, бүгінгі күні Байқоңыр қаласында 328 көппәтерлі тұрғын үй, 45 жеке тұрғын үй, 5 мектеп, 3 балабақша және 1 аурухана табиғи газға қосылған. Ал аталған келісімнің негізінде Байқоңыр қаласы тұрғындарын толықтай түрде табиғи газбен қамтамасыз ету көзделеді.

«Байқоңыр» ғарыш айлағын табиғи газбен қамту «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамына жүктеледі және ол қосарланған салық төлеуге жол бермейді. Байқоңыр қаласында ас әзірлеу үшін отын ретінде сұйытылған газ пайдаланылады, оның бағасына келсек, 1 текше метрі 343 теңгені құрайды. Табиғи газға көшкен жағдайда оның бағасы Қызылорда облысының тұрғындарына арналған бағамен бірдей болады, яғни ол бойынша текше метрі 18,6 теңге тұрады, ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін 18,9 теңге болады», — деді Ә.Мағауов.

Сенатор Михаил Бортник «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өңірдегі бірнеше ауылды газбен қамтитынын ескере келгенде, «енді Байқоңырдың тұрғындарын қосатын болсақ, газ түпкілікті тұтынушыға дейін жете ме, ондағы газ қоры жеткілікті ме?» деген сауал қойды.

Энергетика министрлігінің өкілі өз кезегінде аталған газ құбыры арқылы өтетін газ ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етумен қатар Қытай еліне де эскпортталатынын жеткізді.

Келісім шеңберінде газбен жабдықтау объектілерін және газбен жабдықтау операторы беретін нысандарды Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және тіркелген заңды тұлғалар да (пайдаланушы ұйымдар) Байқоңыр аумағында тіркелмей-ақ пайдалана алады. Байқоңыр қаласында газбен жабдықтаушы және пайдаланушы ұйымдардың қызметін тіркеу жөніндегі норма оларға қосарланған салық салуды болдырмау мақсатын көздейді. Сонымен қатар, келісімге сәйкес оған қол қойылғаннан кейін үш айдың ішінде газбен жабдықтау операторы төмен қысымды газбен жабдықтау объектілерін газбен жабдықтаушы ұйымға сенімгерлік басқаруға береді.

Осылайша, келісіммен Байқоңыр қаласында сұйытылған газды тұтынудан табиғи газды тұтынуға кезең-кезеңмен көшу реттеледі. Бұл ретте Байқоңыр қаласының тұтынушыларына газды бөлшек саудада өткізудің бағасы Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау мен іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті органы белгілейтін, Қызылорда облысының газ тұтынушыларына арналған бағаға сәйкес келуге тиіс.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Серік Жақсыбеков отырысты қорытындылай келіп, Сенаттың тұрақты комитеттерінің осы заң жобасы бойынша ескертпелері мен ұсыныстары жоқ екенін айтты. «Аталған заң жобасын талқылау мақсатында жұмыс тобының 2 рет отырысы өткізілді. Заң жобасы Парламенттің жалпы отырысында қарауға ұсынылады», — деді С. Жақсыбеков.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *