Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 15 Қыркүйек, 2020

«Ассамблея – халықты біріктіру мен шоғырландырудың бірегей институты»

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл: сыни-тегеуріндер, жетістіктер, тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясын өткізді.

АНК

Конференция жұмысына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ресей халықтары Ассамблеясының, Қырғызстан халқы Ассамблеясының, түрлі елдер елшіліктерінің, сондай-ақ еліміздің шет елдердегі өкілдіктерінің өкілдері, ғалымдар, елордалық Қазақстан халқы ассамблеясының белсенділері қатысты.

Нақты айтар болсақ, ТМЫК (Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі) Бас Хатшысының орынбасары, Қырғызстанның халық жазушысы С.Раев, ҚХА Төрағасының орынбасары, «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Ш.Полатов, Ресей халықтарының Ассамблеясы Кеңесінің төрағасы С.Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов, сондай-ақ ҚХА мүшелері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Елшіліктердің, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері.

Конференцияны аша отырып ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевбүгінгі іс-шараның Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-жылдық мерейтойы аясында өтіп отырғанын атап өтті:

«Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей «Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татұлық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық».

 Бұл ретте, бүгінде Қазақстан мемлекеті өзінің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтай отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан еңселі белестерді бағындырды. Әрі біртұтас ұлт ретінде кемел келешекке нық қадам басып келеді. Осының бәрінде баршаларыңыздың елеулі үлесіңіз бар! Бұл ауқымды және маңызды белес. Көпэтносты Қазақстан үшін этносаралық келісімді қамтамасыз ету аса маңызды басымдықтардың біріне айналды.

Біріншіден, ҚР Конституциясында этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын реттейтін түбегейлі нормалар бар.Біздің еліміз әуел бастан-ақ мәдениеттердің, тілдердің, дәстүрлерінің сан алуандығын тани отырып, азаматтық қауымдастық құру жолын таңдады.

Екіншіден, мемлекет ұлттық саясаттың ойластырылған стратегиясын іске асыра отырып, этносаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықтың кепілі ретінде дәйекті түрде әрекет етеді.«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы және басқа да құжаттар қабылданды.

Үшіншіден, Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында азаматтық тең құқықтылықтың нақты институционалдық тетіктері жасалып, дәйекті түрде жетілдірілуде. 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы –іргелі институт.Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнінен бастап маңызды қоғамдық инфрақұрылым қалыптастырып, біріктірді.

Төртіншіден, этностардың мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін дамыту үшін жағдайлар жасалды.Ұлттық театрлар, этностық БАҚ жұмыс істейді.Қазақстандық этностардың мәдениетін, дәстүрлерін және тілдерін дамытуға қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлінеді.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді саяси-құқықтық және институционалдық-басқару жүйесі қалыптасты.

ҚХА жұмыс істеген жылдар ішінде көптеген мағыналы жобалар іске асырылғанын атап өткен жөн.

Атап айтқанда, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ҚХА-ның «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы халықаралық деңгейде де, ел ішінде де кеңінен танымал болды.Жобаның мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға және оны өскелең ұрпаққа жеткізуге ықпал ету.

2018 жылдан бастап ҚХА-ның «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы іске асырылуда.Жобаның мақсаты – барша қазақстандықтардың ортақ мәдени коды, ортақ құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи санасы негізінде елдің бірлігін нығайту.

Халық ассамблеясы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған, халықты біріктіру мен шоғырландырудың бірегей институты болды, болып та қала береді. Ол әуел бастан елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға ауқымды үлес қосып, қоғамдық өмірдің «жанды» тетігіне айналды. Біздің этностар көп жағдайда Ассамблеяның арқасында кез келген мәселені өз этносының емес, тұтас мемлекет пен қоғам тұрғысынан қарастыруды үйренді.

Ең бастысы, біздің елімізде оқшаулау стратегиясын таңдаған этностар жоқ. Барлығы өздерін Қазақстан халқының ажырамас бөлігі санайды.

Бұл жерде Мемлекет басшысының «Комсомольская правда» газетіне (2020 жылғы 3 маусымдағы) берген сұхбатын атап өткен жөн, онда ол: «қазақстандықтар этностық шығу тегіне қарамастан өздерін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп санайды», - деді.

Қазақстанда «ұлттық азшылық» деген ұғым жоқ. Ал «диаспора» сөзін біздің этностарымызға қолдану – «шынайы жағдайға түбегейлі қайшы келеді».

Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде аса маңызды саяси және конституциялық константалардың бірі ретінде «татулық пен келісім» қағидатының маңызы арта түседі.

Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі күрделене түсуде, ол Қазақстан халқының бірігу бағыттары мен векторларының барлық ауқымын көрсетеді».

Конференция мақсаты: қазіргі этносаясат саласындағы, мәдениет пен жаһандану кезеңінде толеранттылықтықалыптастыру мәселелері бойынша халықаралық іс-қимылдың өзекті мәселелерін; Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық жұмысы нәтижелері мен 2025 жылға дейінгі ҚХА даму концепциясын жүзеге асырудағы перспективаларды талқылау.

Сөзін жалғастыра отырып ҚХА Төрағасының орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасымен этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат тиімділігін арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын атап өтті:

«ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды.Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Институт қызметінің негізгі мәні – этносаралық қатынастар саласындағы зерттеулер.Өңірлік деңгейде де басқару жүйесін жетілдіру жүргізілуде.Аталған шаралардың барлығы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық өзара іс-қимылдың маңызды институттарының бірі болып қала береді.Сондықтан біздің алдымызда елдің бірлігін сақтау, Елбасының татулық пен келісімді нығайту жөніндегі бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар тұр».

Пленарлық отырысты аяқтай келе, Жансейіт Түймебаев:

«Конференция жұмысы үш секцияда одан әрі жалғасады, модераторлары – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Н.П.Калашникова; «Қырғызстан-Астана» ҚБ төрағасы, И.Арабаев ат. университеттің құрметті профессоры, ҚХА Кеңесінің, ҚХА ҒСК мүшесі Ш.А.Исмаилов; Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.О.Әбсеметов»,- деп айтып өтті.

Еске сала кетсек, конференция барысында үш секция жұмыс жасады: «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін қалыптастырудағы және бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы рөлі», «Біз – Қазақстан халқымыз» (Этносаралық саладағы мемлекет саясатының негізіндегі «Бірлік көптүрлілікте» қағидасы) және «Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстанға жер аударылған халықтардың тағдыры».

Сөз соңында ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейітұлы қатысушыларға, спикерлер мен олардың ұжымдарына елдегі татулық пен келісімді нығайту жолындағы айтарлықтай еңбектері үшін алғыс білдірді.

Іс-шара аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан елордалық Ассамблея мүшелері «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медальдармен марапатталды.

 

 

 

 

581 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз