Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 20 Қазан, 2020

«5-10-20» бағдарламасы бойынша 1500 адамның өтініші қабылданды

Шаңырақ бағдарламасы іске қосылған 2 айдың ішінде баспана алуға әкімдіктер кезегінде тұрған 1500 адамның өтініші мақұлданды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қалалық Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Медет Әбуғалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, баспанаға мұқтаж 1986 жылдан 2017 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда, әкімдіктер кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарынан өтініш қабылдаудың үшінші кезеңі басталады. Енді жобаға 2016-2017жылдар аралығында әкімдік кезегіне тұрған азаматтар да қатыса алады.

«Бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс деңгейінен аспайтын еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің болуы талап етіледі. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.Бағдарламаның бірінші кезеңінде 19 140 өтініш қабылданды, оның 6690 кезекке тұру датасына (1986-2010жж.) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 6 млрд астам теңгеге 470 несиелік өтініш мақұлданды. Ал, бағдарламаның екінші кезеңінде 18 770 өтініш қабылданды, оның 14 061 кезекке тұру датасына (2011-2015жж.) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 14 млрд астам теңгеге 1031 несиелік өтініш мақұлданды»,-деді Медет Әбуғалиев.

Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттілігін бағалау жөніндегі өтініштерін тек www.hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттеріне де, әзірше банктен салым ашып, клиенттер қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты.

«Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңа соғылған үйлерден ғана алуға болады. Бұл «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер соғып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компаниялары соққан үйлер (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар).

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін www.hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады. Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі бойынша келесі баға мөлшерлері белгіленген: 240 мың теңгеге дейін – Алматы қаласында, 220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтан қаласында, 200 мың теңгеге дейін – Шымкент қаласы мен Алматы маңындағы аймақтарда, 180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында, басқа өңірлерде – 160 мың теңгеге дейін»,-деді Ақтау қалалық Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Медет Әбуғалиев.

 

Өтініш беру мерзімі 2020 жылдың 14қазан - 13қараша аралығы.

Бағдарламаға қатысу үшін жасалатын 6 қадам:

 1-қадам:www.hcsbk.kz банк сайтындағы «Қолжетімді тұрғын үй/«Шаңырақ» пилоттық жобасы бөлімі арқылы электрондық өтініш беру;

2-қадам:Банк сайтында өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкерінің қоңырауын күтіп, оған жауап беру. Ол несиелендіру шарттары мен бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін сізді банк бөлімшесіне жазады;

3-қадам:Төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу;

4-қадам:Займды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алу;

5-қадам:Банк талаптарына сай, жеке құрылыстардан жаңа тұрғын үй табу (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар), сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасау;

6-қадам:Банктен заем алу!

Заемды алу үшін өтініш берушінің жинақ шотында несие көлемінің 10% кем түспейтін тұрғын үй құрылыс жинағы болу керек.

Әкімшілік кезегіне қай уақыттан бастап есепке тұрғаныңызды egov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан білуге болады.

255 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз