Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 15 Сәуір, 2019

«Композитор» фильмінің әлемдік тұсаукесері өтті

 IX Бейжің Халықаралық кинофестивалінің(The 9th Beijing International Film Festival)  конкурстық бағдарламасы аясында алғашқы қазақ-қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмінің көрсетілімі өтті. Бұл туралы Ш.Айсанов атындағы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі хабарлайды. 

Фестивальде картинаны фильм авторлары мен актерлері таныстырды. Атап айтар болсақ – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов, қоюшы режиссері – Шерзат Якуб, қосалқы режиссері – Сәбит Құрманбеков, Бақытжан Байқадамовтың ролін сомдаған актер – Берік Айтжанов, Си Синхай мен оның жарының образын жасаған қытай актерлері  – Ху Чжунь және Юан Чуан.  Фестиваль қонақтары және Қытайдың шығармашылық зиялы қауымы фильмді зор ықыласпен қарсы алды. Мәселен, қытай суретшісі Тинь Хуань фильм туралы жылы лебізін білдіріп, көруге кеңес етті.

Көркем лента қытайлық композитор Си Синхайдың Совет одағында, оның ішінде Алматыға эвакуацияланған кезі мен қазақтың композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы баяндайды. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures», «China film coproduction corporation» компаниялары түсірген.

Биыл фестивальге қатысуға 85 елден 775 кинотуынды үміт білдірген. Нәтижесінде, фестивальдің Tiantan («Аспан ғибадатханасы») атты бас жүлдесі үшін түрлі елден барлығы 15 фильм бәйгеге түсетін болады. Олардың ішінде қытайлық «Адасқан ғалам», американдық «Бен оралды» (Ben Is Back), ирандық «Осында» (Iro, Here), қазақ-қытай бірлесіп түсірген «Композитор» және басқа да туындылар бар. Фестивальдің жеңімпаздары байқаудың жабылу салтанатында сәуірдің 20-нда жарияланатын болады.

Tiantan басты байқаудан басқа, биыл фестиваль шеңберінде алуан түрлі мәдени іс шаралар өтеді, атап айтсақ, тақырыптық семинарлар, жәрмеңкелер, кинокарнавал, сондай-ақ «Үнді киносының апталығы», «Болашаққа көзқарас», «Кинодағы классикалық Бейжің операсы» сынды бағдарламалар мен киноконцерттер өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, Халықаралық Пекин кинофестивалі 2011 жылы құрылған болатын. ҚХР кинематография бойынша Мемлекеттік басқармасының бастауымен өткізілетін фестивальді Қытайдың Медиакорпорациясы мен Пекиннің халық үкіметі ұйымдастырып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, «Композитор» фильмінің өндірісі үкімет деңгейінде ұйымдастырылған болатын. 2015 жылы 31 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған кезде уағдаластық етілген.  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен қытайлық Shineworks Pictures компаниясы арасында аталған фильмді бірлесе өндіру, қаржыландыру, және пайдалану жөнінде келісімге отырған.

2017 жылы 8 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға жасаған сапары аясында қол қойылған бірлесіп киноөндірісті  жүргізу туралы мемлекетаралық келісім негізінде аталған киножоба іске асқан болатын.

1350 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз